Полицейлерден қашқан ер адамның мәйіті табылды
Полицейлерден қашқан ер адамның мәйіті табылды
107
оқылды

Түлкібас ауданының 50 жастағы тұрғынын тәртіп сақшыларының жекеменшік көлікпен қуғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Артынша оның мәйіті өзен жағасынан табылды.

Бірақ полиция бұл қылмысқа «еш қатысымыз жоқ» деп ат тонын ала қашты. Жұмбақ жағдайда қайтыс болған марқұмның туыстары әділ тергеуді талап етіп отыр. Жұмысқа кеткен Ілияс Мұстафаев келмеген соң, оны іздеуге шыққан жақындары ертесіне оның мәйітін даладан тауыпты. Жерлеп болған соң әкесінің өліміне не себеп болғанын қызы анықтамақ болады. Әкесі танысымен жұмыстан қайтып келе жатқанда жекеменшік көлікке мінген полицейлер тоқтатады. Танысы көлікке отырады да, Ілияс Мұстафаев өз жөнімен кете барады. Іле-шала тәртіп сақшылары оны әуелі жаяу, сосын көлікпен қуады. Ал ертеңінде Ілияс Мұстафаев өлі табылған.

Марқұмның қызы Гюнай Мұстафаева: «Әкемнің полицейлерден қашқан видеосын бір дүкенге орнатылған бейнебақылау камерасынан алдым. Ол жерде артынан қуғаны анық түскен. Ақыры қуған екен, неге соңына дейін жетіп алмады? Солардың қолынан ба, әлде кездейсоқ па, әйтеуір полицейлер қуған соң, мәйіті табылып отыр», – дейді.

Ал Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова: «Полицейлер азаматтың мәйітінен ешқандай зорлық-зомбылық белгісін таппады. Тағы да сараптамалар жүргізілетін болды», – дейді. Полицейлердің «зорлық-зомбылық белгілері жоқ» дегенін марқұмның жақындары да, ресми құжат та жоққа шығарады. Тіпті мәйітхана берген анықтама қағазда марқұмның кеудесі соғылғанын, денесінде көп жарақаты бар екені анық жазылған. Марқұмның туыстары бұл істің күмәнді тұсы көп дейді.

Азаматтың жұмбақ өлімінен кейін Түлкібас ауданына облыстық департамент бастығы арнайы келді. Генералдың пәрменімен қайтадан жан-жақты сараптама тағайындалып, енді бұл іспен облыстың тергеушілері айналысатын болды.