Серіктестік дәстүрі жалғасын табады
Серіктестік дәстүрі жалғасын табады
119
оқылды

Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-саттық көлемі 3 миллиард долларға жеткен екен. Салыстыру үшін айтсақ, іргедегі өзбек ағайынмен арадағы сауда айналымы да дәл осынша көлемде. Осыдан-ақ ресми тілде Швейцар Конфедерациясы деп аталатын бұл мемлекетпен ынтымақтастықтың маңыздылығы айқындалады.

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Швейцария президенті Ули Маурерді қарсы алды. Ізінше Прези­дент сарайының «Шығыс залында» өткен жеке кездесуде Қ.Тоқаев бұл елді «Қазақстанның Еуропа континентіндегі ең маңызды әріптестерінің бірі» деп жоғары бағалады.

– Мемлекеттеріміз арасында барлық салада, әсіресе экономика бағытында ізгі ынтымақтастық дәстүрі қалыптасқан. Швейцария – Қазақстан эко­но­микасының маңызды инвесторларының және негізгі сауда серіктестерінің бірі, – деді ол.

Осыдан кейін жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел ресми делегациясы өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

– Біздің ынтымақтастығымыз кең қанат жайып, өркендеп келеді. Ары қарай да экономикалық және саяси салалардағы өзара тиімді байланыстардың қарқынын арттыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсай береміз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ол екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға Н.Назарбаевтың қосқан маңызды үлесіне екпін түсіре келе, Елбасы негізін қалаған серіктестік дәс­түрі жалғасын табарына сендірді.

Ал Ули Маурер өңірдегі экономикалық және саяси байланыстарды өркендету ісіндегі Қазақстанның шешуші рөлін атап өтті.

– Қазақстан біз үшін әртүрлі қарым-қатынаста – саяси әрі экономикалық тұрғыда Азия мен Еуропа арасын жалғастырушы көпір саналады. Сіз­дің еліңіздің әлемдегі және халықаралық қоғам­дастықтағы рөлі арта береді. Біз Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарды шынайы, ашық және тікелей талқылай алатын, сондай-ақ құрлықтар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етуге, экономикалық қатынастарды нығайтуға бірлесе үлес қосатын Қазақстан сияқты серіктесіміздің бар екеніне қуаныштымыз! – деді Швейцария президенті.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, қаржылық қызмет көрсету секторындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Келіссөздер аяқталған соң қос мемлекет бас­шы­сы отандық және шетелдік журналистер алды­на шы­ғып, брифинг өткізді. Қ.Тоқаев еліміз Швей­ца­рияны саяси тұрғыдан Еуропадағы маңызды серік­тес ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Оның ай­туынша, мемлекеттеріміздің өңірлік және жаһан­дық күн тәртібіндегі, соның ішінде Сириядағы қақ­тығысты реттеу мәселесіндегі ұстанымдары ортақ.

– Қазақстан Сирия бойынша «Астана процесін» өткізуге арналған алаң ұсынады және ол Женева процесін толықтырады, – деді Президент.

Ол өзара әріптестікте экономика негізгі рөл атқара­тынын баса айтты.

– Бүгінде Швейцария біздің экономикамызға қаржы құю ауқымы бойынша үшінші ірі инвестор саналады және Қазақстанның сауда серіктестерінің алғашқы «ондығына» кіреді. 15 жылда келген швей­цариялық инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысында өзара тауар айналымы 3 миллиард доллардан асып түсті, – деді Мемлекет басшысы.

Әйтсе де, бұл ел бізден негізінен шикізатты – мұ­най, бағалы металды сатып алады. Сол себеп­ті Қ.Тоқаев өзара саудада шикізаттық емес тауар­лар көлемін арттыру және инвестициялық ынты­мақ­тастықты кеңейту үшін келіссөздер барысында тауар айналымының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажетіне назар аударғанын хабарлады.

– Бізге жаңа жоғары технологиялық «зәкір­лі жобалар» қажет. Айталық, Қазақстанда иннова­циялық өндірістер құруға, жоғары технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика саласындағы жобаларды іске асыруға үлкен сұраныс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сондай-ақ машина жасау, химия, тамақ өнер­кәсібі, көлік және логистика, туризм және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен жобалардың келешегі мол екенін мәлім етті.

Ули Маурер өзімен бірге үлкен бизнес делега­циясын ерте келіпті. Бұл келіссөз барысында көп­те­ген бағытта кооперациялану перспективаларын егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік берген.

– Біз швейцариялық компаниялардың қызықты ұсыныстарын мұқият тыңдадық. Барлық бастамалар бойынша қазақстандық әріптестеріңіз жан-жақты талдау жүргізеді, – деп түйді Қ.Тоқаев.


Елдос СЕНБАЙ