ТМД-ны заманға сай бейімдемек
ТМД-ны заманға сай бейімдемек

Достастық елдерінің депу­таттары елдерге үлгі ретінде ұсы­нылар заңдарды қабылда­ды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақ­стан­дық қалаулылар деле­га­циясы Санкт-Петерборда өт­кен ТМД парламентаралық Ассамблеясының мерейтой­лық 50-ші жиынына қатысты.

Парламентшілер өткенді бағалап, жеткенді саралап, болашаққа жоспар құрды. Сондай-ақ бірқатар үлгілі заңдарды құптады.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Мәжіліс спикері Н.Нығматулин ТМД ПАА-ны – әлемдік парламентаризм жүйесінде өз орны бар, өнімді диалогқа арналған тиімді алаң деп атады. Оның байламынша, Ассамблеяның әр құрыл­тайы азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында елдердің интеграциялану жолындағы бірізді қадам саналады.

– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол саясаттың сабақтастығын сақтауы арқасында Қазақстан Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығындағы серіктестікті белсенді және өзара пайдалы сипатта дамыту бағдарынан таймай келеді, – деді Мәжіліс басшысы.

Елбасының ТМД экономикалық ұстындарын нығайту бойынша баста­маларының мәніне, сондай-ақ сауда кедергілерін жоюға бағытталған ша­ралар қабылдаудың маңыздығына тоқтала келе, Нұрлан Зайроллаұлы Достастықты заманауи өмір шын­дығына бейімдеу ісі оң қарқында ілгерілеп келе жатқанын жеткізді.


Оның байламынша, ТМД-ны жаңғырту және эколюциялық дамуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылғаны жөн. Қазіргі уақытта ТМД-ны ары қарай дамыту тұжырым­дамасы және оны жүзеге асыру жө­ніндегі негізгі іс-шаралар жоспары жа­ңартылуда. Өзгерістер бірінші ке­зек­те посткеңестік елдер ынтымақтас­тығының экономикалық мәселелеріне қатысты болады.

Мәжіліс төрағасы осы кеңістікте өзара тығыз іс-қимылды қарастыратын жаңа интеграциялық бірлестіктердің пайда болуы және өрістеуі енді жаңа құжатта көрініс табуы қажетін мәлім­деді. Әйтпесе, ТМД-ға кіретін мемле­кеттердің өзге интеграциялық бірлес­тіктермен экономикалық байланыста­рының өркендеуіне кедергі туады.

Цифрлық экономика, электронды сауда секілді ықпалдастықтың жаңа салалары да айрықша назар аударуды талап етеді. Елдердің ғылыми-техни­калық және инновациялық ынтымақ­тастығы да күшейтуге зәру.

Нұрлан Нығматулин Доста­с­тықтың 2030 жылға дейінгі Экономи­ка­лық даму стратегиясының іске асы­рылуына байланысты ТМД ПАА-ның күн тәр­тібі де өзекті боларына сенім білдірді.

– Мемлекет басшыларының бар­лық шешімінің орындалуына парла­мент­тік деңгейде жан-жақты қолдау көрсету қажет. Бүгінде парламент­ара­лық Ассамблеяның әрбір пленарлық отырысы прагматикалық сипатқа ие болуы аса маңызды бола түсуде. Елдеріміз бетпе-бет келіп отырған заманауи сын-қатерлер жағдайында парламентшілердің рөлі де артуда. ТМД кеңістігінде интеграциялық процестердің дамуына заңнамалық тұғыр түземіз. Сол себепті Ассамблея қызметінің маңызды бір қыры – үлгілі заңнама. Ол ұлттық заңнамалардың өзара үйлесуіне қызмет етеді және интеграцияның тиімді құралы болып есептеледі, – деп түйді Н.Нығматулин.

Мерейтойлық жиында ТМД пар­ламентшілері «Мүлікті сенімді басқару және траст туралы», «Міндетті құқық туралы», «Экологиялық шығынды бағалау туралы», «Экологиялық туризм туралы» үлгілі заңдарды қабылдады.


Елдос СЕНБАЙ