Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «ЕЛБАСЫ. БІРЛІК. КЕЛІСІМ» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Экспозицияға «Елбасы. Бірлік пен Келісім» үштұғырлықтың ортақ идеологиялық платформасымен біріктірілген мұрағаттық материалдар, фотосуреттер, кітаптар мен кәдесый-сыйлықтары ұсынылды. Көрме еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуде. Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ. Түймебаев, ҚР Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.К.Божко, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі С.А.Абдрахманов, ҚХА депутаттық тобының хатшысы Н.В.Жұмәділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы дипломатиялық корпустың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты. ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев көрменің мақсаты – Тұңғыш Президент – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін және ондағы ерекше рөлін көрсету екенін алға тартты.