Еуро-2020: Қазақстан тағы да шет қалды
Еуро-2020: Қазақстан тағы да шет қалды
134
оқылды

Футболдан 2020 жылғы Еу­­ропа чемпионатына іріктеу аяқ­талды. Турнирдің финал­дық кезеңіне жолдама алған 20 құрама белгілі. Ұлттық құ­ра­­ма осымен 3-рет финалдық ке­зең­ге өте алмады.

19 қараша күні футболдан Еу­ропа чемпионатына кімдердің бара­тыны белгілі болды. Жолдама ал­ғандар Англия, Испания, Шве­ция, Польша, Австрия, Чехия, Украина, Португалия, Германия, Гол­ландия, Швейцария, Дания, Түр­кия, Бельгия, Ресей, Италия, Финляндия, Хорватия, Франция, Уэльс құрамасы. Әрине, бұл толық құрам емес. Ал қалған төрт құрама 2020 жылғы 29-31 наурызда Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы үз­дік құрамалар арасында анық­та­лады. Жалпы саны 24 құрама бақ сынайтын бәсеке 12 маусым-12 шілде аралығында өтеді.

Аталған құрамалар төрт себетке бөлінді. Бірінші себетте Италия, Англия, Бельгия, Испания, Украи­на, Германия бар. Екіншісіне Фран­ция, Польша, Швейцария, Хор­ватия, Ресей, Голландия жай­ғасты. Үшінші себетке Португалия, Түркия, Дания, Австрия, Швеция, Чехия түсті. Ал төртіншісінде Фин­ляндия, Уэльс және Ұлттар лига­сы плей-офф сатысында озып шыққан 4 құрама орналасады. Футбол жанкүйерлері асыға күткен жеребе тарту рәсімі 30 қарашада Бухарест қаласында болады. Жере­бе тарту кезінде A, B, C, D, E, F, J, I тобындағылар түгенделеді.

Еуропа чемпионатының ере­жесі қарапайым. Кәдімгі футбол турнирлеріне ұқсас. Жарысқа бар­лығы 24 құрама қатысады. Іріктеу ке­зеңінде 10 топтан 1,2-орын ал­ған құрама турнирдің финалына бір­ден өтеді. Айта кетерлігі, биыл тур­нирдің 60 жылдығына байла­ныс­ты өзгеріс бар. Еуропа чемпио­на­тының шешуші кезеңі Әзір­бай­жан, Англия, Венгрия, Германия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Голландия, Ресей, Румы­ния және Шотландияда өтеді. Арнайы таңдалған дата қала са­ны­мен үйлесім тапқан. Кәріқұр­лық­­тағы төртжылдықты түйін­дей­тін кез­десулер 12 маусым-12 шіл­де ара­­лығында 12 қалада бола­ды. Фут­бол ауылынан алыс кет­кен­дер тур­­нирге Қазақстан қатыса ма деуі мүм­кін. Әрине, жоқ. Ұлт­тық құра­ма тарихында 3-рет мүм­кін­дігін жі­беріп алды.

Сонымен, ұлттық құраманың іріктеудегі ойынын талдап көрейік. Футболдан Қазақстан құрамасы
I то­бында өнер көрсетті. Қазақ­стан­­нан бөлек топта Бельгия, Ре­сей, Шотландия, Сан-Марино жә­не Кипр бар. Ұлттық құрама бар­лығы 10 ойын өткізіп, үш матч­та жеңіске жетті. 6 ойында жеңіліп, Кипрге қарсы кездесуде тең түсті.

«Басы қатты болса, аяғы тәтті болады». Ұлттық құраманың ірік­теу­дегі кездесулерінің сипаты керісінше. Басын тәтті бастап, аяғы сұйылып кетті. 21 наурыз күні Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, қайрат танытты. Қуанып қалдық. Ақыры құрама жігіттері ес жиып, етек жинайтын болар дестік. Зайнутдинов турнир жаңа­лы­ғына айналарын сездік. Сөйт­кенде, келесі кездесу көңіл күйге әсер етті. 24 наурыз күні Ресей­ге «Астана аренада» 4:0 есебімен есе жібердік. Аталған матчты алаңнан Президент тамашалады. Жігіттер міз баққан жоқ. Қарсыласқа айбар көрсетудің орнына бас шұлғыдық. Черышев пен Дзюбаның алаңдағы шоуын көрдік. Жығылғанға жұдырық болғандай Бейсебеков автогол салды. Қош, 3 күн ішінде жеңіс пен жеңілістің қатар жүрерін мойындадық. Артынша Брюсельге баратынымыз еске түсті. Ол жақта Бельгияның Қазақстанды аямай­тынын білеміз. Бірақ іштей дәме болды. Мүмкін құрама жігіттері 4:0-ден кейін сілкініп, Бель­гияға бір доп соғар деп бол­жадық. Бол­мады. Елге 3:0 есебі­мен құра­маның жеңілгені туралы хабар жетті. Бельгияның қауқарын білгендіктен бе, жаңалық жанға «батпады». Іштен Сан-Мариноға тіс қайра­дық. Аталған құраманы I тобында кім ұтпады? Қазақстан да қайратын көрсетіп қалды. Ресейге соқпаған жауап голын, сан-маринолықтарға соқтық. Артынша ұлттық құрама Кипрге аттанып, тең нәтижемен тарқасты. Ресеймен өткен кезекті кездесуде жеңілді. 13 қазан күні Бельгияға 2:0 есебімен жол берді. Іріктеу аяқталуға таяғанда Сан-Мариноны ұтып, «жылымық» же­ңіс­тің дәмін таттық. Соңғы айна­лымда Шот­лан­дияға 1 гол соғып, 3 гол жібер­дік. Осылайша, Еуропа­дағы доп додасына ашылған есік жабылды. Есікті қайта қағу үшін 2024 жылды күтуге тура келеді.

Михал Билек баптайтын жігіт­тер I тобында 10 ұпаймен 4-орын алды. Ұлттық құрама әлем­дік дода іріктеулерінде 10 ұпайдан ары аса алған жоқ. Еуро-2008 іріктеу ойын­дарында топтағы 8 құрама­ның ішінде 10 ұпай жиды. Квалифика­ция­­ны 6-орынмен аяқтады. Еуро­пада алғашқы жылы «жарқ» еткені­мен, 2012 жылғы іріктеуде небәрі 4 ұпайды қанағат тұтты. Жалпы саны 10 матчтың, тек біреуінде жеңіске жетті. Бар­лы­ғы 24 гол жіберген олар іріктеуді 5-орынмен аяқтады. 2016 жылы Францияда өткен жарыстың алғашқы кезеңінде жоғарыдағы сценарий қайталанды. 5 ұпай, 5-орын, 1 жеңіс. Биыл 3-орынмен аяқтауға болар еді. Жігер жетпеді ме, тәжірибе рөл ойнады ма, жігіт­тер­дің жолы болмады.

Осылай жалғаса берсе, жарыс­тан басталмай жатып шет қаламыз. Белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен Azattyq-қа берген пікірінде ұлттық құраманың деңгейін ай­тып­­ты. Александр Меркель, Бауыр­жан Исламхан, Ғафуржан Сүйінбаев пен Бахтиер Зайнутди­нов деңгейінің жақсы екенін көрсеткен. Төрт ойыншы­дан құрама құралмайтынын баса айтқан. Жастардың да жағдайы мәз емесін атап өткен. Қайтпек керек? Комментатордың ойынша балалар футболын дамыту қажет. Әрине, бағыңда шынар жайқал­ға­нын көру үшін шыбық кезінен суар­ған жөн. Осындайда елде фут­бол мектептерінің аз екенін бай­қай­сың. Сондай-ақ өзге құрама­лар­да ойыншылар шетелдік тәжі­ри­бе көргендер. Белді клубта доп теуіп, тактика мен психологияны игер­гендер. Бізге де әлемдік тәжі­рибе артық етпейді. Мұны Шот­лан­диямен өткен ойыннан соң бас бапкер Михал Билек те атап көр­сет­кен. Шотландия құра­ма­сын­дағы жігіттердің шетелдік чемпио­нат­та бақ сынайтынын алға тартты.

Қазақстан құрамасы мен жан­күйер­лері кезекті Еуропа чем­пио­натын теледидардан тамашалайды. Плей-оффта өнер көрсететін Ресей, Польша, Түркияны көрген­де бәлкім ойланар. Ұлттық құрама қатары Бахтиер Зайнутди­нов, Еркебұлан Сейдахмет сияқты да­рын­ды жастармен толықса, кәрі­құрлықтағы чемпионаттың шешу­ші кезіне жолдама алармыз.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ