Түркістан облысында тергеушілер педофил әкенің кінәсін толық дәлелдеді. Сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады. Осы жылдың басында Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғын арыз берген. Әйел өзінің үлкен қызының телефонында кездейсоқ күйеуінің жіберген хабарламаларын тауып алғанын айтты. Оның жіберген мәтіндерінің мазмұны күдік тудырған. Содан соң қызымен ашық сөйлесіп, нәтижесінде күйеуінің өз қызын зорлап жүргенін түсінген. Әйелдің арызы бірден ҚР ҚК 120-бабы бойынша тіркелді. Тергеушілер тергеуді бастап кетті. «Сотқа дейінгі тергеу барысында бұл отбасының ешқандай есепте тұрмайтын, қарапайым жанұя екенін анықтадық. Отағасы Ресейде вахталық әдіспен, ал анасы Арыс қаласында жұмыс істейді екен. Көпбалалы отбасында бес бала тәрбиеленуде. Ең үлкен қызы педофил әкенің құрбаны болып отыр. Біз барлық тергеу әрекетін жан-жақты зерделеп жүргіздік. Іске қатысты әр нәрсені назардан қалдырмауға тырыстық. Оған қоса жәбірленушінің әкесі де кінәсін мойындамады. Әңгімелескен сайын істегенін жоққа шығарып, айтқанынан қайтпады. Қызым барлығын ойынан шығарып отыр деп бізді адастыруға тырысты» Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов. Сондықтан барлық дәлелдерді жинауға тура келді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруге үш айдан астам уақыт жұмсалған. Осы уақыт ішінде бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қыздың әкесінің кінәсін дәлелдеу үшін айғақтар жиналды. Нәтижесінде алты томдық қылмыстық іс қозғалды. Әр том 180 беттен тұрды. Осылайша жазда іс толығымен аяқталып, айыптау актісімен бірге сотқа жіберілді. «Сот істі қарап, өз үкімін шығарды. Өз қызын зорлаған қатыгез әке 20 жылға бас бостандығынан айырылды» деп атап өтті тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.