Ұлыбританияны әуреге салған ойын
Ұлыбританияны әуреге салған ойын

18-24 қараша аралығында Ис­панияның астанасы Мад­рид­те Дэвис кубогы біріншілігі өтіп жатыр. Қазақстан құра­ма­сы әлемнің ең үздік 18 ко­ман­дасының бірі ретінде жа­рыс­қа қатысуда. Е тобында Қазақстаннан басқа Нидер­лан­­д пен Ұлыбритания құра­ма­лары бар.

Жарыстың екінші күнінде Қа­зақ­станның намысын еліміздің экс-бірінші ракеткасы Михаил Кукушк­ин Нидерланд теннисшісі Ботик Ван де Зандшулыпты 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Еліміздің бірінші ра­ке­ткасы Александр Бублик қар­сылас команданың бірінші ракет­ка­сы Робин Хаастан 5:7, 6:3, 6:7 есебімен жеңіліп қалды. Алайда аты аталған екі теннисшіміз шешу­ші жұптық кездесуде 6:4, 7:6 есебі­мен Нидерланд командасын жең­ген болатын.

Турнир фавориттерінің бірі Ұлы­британия құрамасы осыған дейін Дэвис кубогында 10 рет чем­пион болды. Жарыстың үшінші күнінде британдықтар Нидерланд командасын Қазақстан сияқты 2:1 есебімен ұтты. Ширек финалға өту үшін Қазақстан құрамасымен кез­де­суге асықты.

22 қараша күні қазақстандық теннис жанкүйерлері үшін ерекше күн болды. Корттың арғы жағында құрамында әлемнің экс-ракеткасы Энди Маррей мен жұптық ойында үздіктердің қатарынан табылатын оның ағасы Джейми Маррей бар Ұлы­британия құрамасы тұрды. Ал бер­гі жағында жерлестеріміз Алек­сандр Бублик пен Михаил Кукуш­кин.

Әрине, теннис эксперттерінің дені жеңісті Ұлыбритания алаты­нын болжады. Алайда британдық­тар жеңіске жету үшін біраз тер төкті. Құрамадағы қос жігіт өліспей беріспейтінін көрсетті. Алғашқы ойында Михаил Кукушкин Ұлы­бри­танияның қазіргі бірінші ра­кет­­касы Кайл Эдмундтан 6:3, 6:3 есе­бімен ұтылса, Александр Буб­лик қарсыласы Дэн Эвансты 5:7, 6:4, 6:1 ұпайымен жеңді. Бұл же­ңіс­тің жөні бөлек еді. Әсіресе, Ұлы­бри­тания құрамасына пси­хо­ло­гия­лық тұрғыдан қатты әсер етті. Матч­ты тамашалаған стадион, әсі­ресе шетелдік комментаторлар Алек­сандрдің ерлігіне, залда отыр­ған қазақстан­дық жанкүйер­лердің қолдауына таң қалды. Қазақстан Теннис Федерациясының вице-президенті, Дэвис кубогы бойынша Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараевтың айтуынша, стадионға 200-ден астам қазақ­стан­дық жиналған. Жерлестеріміз көрсеткен қолдау құрамаға дем беріп, жинақталуға көмектескен.

 



Шешуші сәт

Қазақстан құрамасы үшін тол­қы­­нысқа толы кездесу. Осымен 105-ші рет қатысып отырған Ұлы­бри­тания құрамасы үшін де айрық­ша матч. Өйткені жұптық (double) кездесуде жеңіске жеткен құрама ғана ширек финалға өтеді. Қазақ­станның намысын Андрей Голубев пен Александр Недовесов қорғауы тиіс болатын. Әйтсе де, бас капи­тан ақырғы кездесу алдында құра­ма­­да өзгеріс жасап, кортқа Кукуш­кин мен Бубликті шығарды. Себебі қарсылас команда осал емес. Олар төрт дүркін Үлкен Шлемнің иегері (2 рет жұптық, 2 рет аралас) –Джейми Маррей мен жерлесі Неал Скупский. Таразы басында – ширек финал. Қайтпек керек? Не бел, не белбеу кетеді. Жігіттер ал­ғаш­қы айналымда нық қадам жа­са­ды. Қазақстанның қауқарлы команда екенін дәлелдеді. Ниндер­лан­д командасын жеңіп, ширек финалға Қазақстан арқылы айналып өтеміз дегендер ойға қалды.

Айта кететін жайт, жұптық кез­десу жеке кездесуден өзгеше. Бұл жерде қолданылатын тактика да бөлек. Өйткені кортта тек сен емес, сонымен қатар сенімен бірге өнер көрсетіп жатқан екінші ойын­­шы бар. Жұптық кездесуде өза­ра түсінушілік, техниканың сәй­­кестігі, тордың қасында ойнау деген сияқты әдістер үлкен рөл ой­найды. Алдында ғана жеке кез­де­сулерін өткізген Кукушкин мен Бублик шаршап қалды ма, әлде қарсыластарының бірге жұппен ойнау тәжірибесі көп болды ма, біздің құрама 6:1, 6:4 есебімен Ұлы­­британия құрамасы­нан жеңіл­ді. Плей-офф кезеңінен ары қарай ширек финалға өте алмады. Бірақ мүмкіндік бар еді.

Ширек финалға 8 команда шықты: оның 6-ы әр топтың үздіктері: Сербия, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Германия, Испания және 2-уі ең жақсы өнер көрсеткен 2 құрама: Ресей мен Аргентина. Атақты теннисшілердің ішінде әлемнің бірінші және екінші ракеткалары Рафаэль Надаль мен Новак Джокович те бар. Бұл турнирге Роджер Федерер қатысудан бас тартты.


Жаңа формат

2019 жылдың Дэвис кубогы жаңа форматымен есте қалады. Себебі 108-ші рет ұйымдастырылып отыр­ған турнир осыған дейін жыл­дың 4 аптасында әр елде өтетін. Биылдан бастан тек бір қалада, бір аптаның ішінде ұйымдастырыла­тын болды. Әр матч 3 ойыннан құра­лады: 2 жекелей кездесу, 1 жұп­тық кездесу. Барлық ойын тай-брейкпен қоса 3 сет форматында өтеді. Дэвис кубогын реформалау және инвестиция тарту бойынша бастамашыл топтың ішіне «Барсе­лона» футбол клубының ойыншы­сы испандық Жерар Пике кіреді. Инвесторлар тобы Халықаралық теннис федерациясына 25 жылда 
3 миллиард доллар, яғни жылына 120 миллион доллар қаржа тарта­мыз деп отыр. Оның 20 миллионы ойыншыларға, ал 25 миллионы ұлт­тық теннис федерацияларының дамуына беріледі.



Кубок беделі

Дэвис кубогы – Халықаралық тен­нис федерациясының бастама­сы­мен ерлер арасында ұйымдасты­ры­латын теннистен топтық жарыс. Ең алғашқы жарыс 1990 жылы өткен. Ең көп жеңіске жеткен құ­ра­ма АҚШ құрамасы (32 рет). Қа­зақ­стан ең алғаш рет 1995 жылы қатыс­қан. Қазақстан құрамасының үздік көрсеткіші – ширек финал (2011, 2013, 2014, 2015, 2018). Әйел­дер арасындағы Дэвис кубогы FED CUP деп аталады.


Кештің жұлдызы – Бублик

Турнир барысында таңданыс тудыр­ған теннисші болса, ол – Бублик. Қазақстан құрамасында ой­найтын Александр Бублик 1997 жылы Ресейде туылған. Қазіргі таң­да Қазақстанның 1-ші, әлемнің 48-ші ракеткасы. Бойы – 196 см. 6 рет Challengeer, 4 рет Futures бірін­ші­ліктерін жеңген. Биыл ATP дең­ге­йіндегі турнирлерде тамаша өнер көр­сетіп, Америкада өткен Hall of Fame Open біріншілігінде және Қы­тайда өткен Chengdu Open бі­рін­шілігінің финалында өнер көр­сетті. Александр Бублик­тің доп­ты іске қосу техникасы (serve) өте жыл­д­ам және қар­сы­лас­тарына қо­лай­сыздық туды­ра­ды. Осы ар­тық­­шылықты кәдесіне жа­­ратқан Буб­лик әлемді мойын­да­тып жүр.


Ерік ИЛЬЯСОВ,
теннис блогері