Ел Парламенті мемлекеттік қызметті жетілдіретін заң жобасын қабылдады. Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен палата отырысы болды. Онда сенаторлар «Қазақстан Үкіметі туралы» конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» жаңа конституциялық заңды қарап, құптады.
Заң 2007 жылдан бері қызмет етіп келген жауапты хатшылар институтын жояды. Ал олардың міндеттерін әр министрліктің аппарат басшысына жүктейді. Бұл мемаппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыруға және меморгандарда кадрлар сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді. – Қабылданған заң мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіреді. Бұл министрліктердің жұмысын оңтайландырып, министрлердің жауапкершілігін күшейтеді, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. Сенаторлар сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады. Заң жобасын талқыға салған сенаторлар оған өз толықтыруларын енгізді және оған келісімін алу үшін құжатты Мәжіліске қайтарды. Отырыста депутаттық корпустың бастамасымен әзірленген «Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы да қабылданды. – Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ бюджет қаржысын барынша әлеуметтік-экономикалық қайтарыммен пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа шаралар мен тетіктерді көздейді. Жаңа тәсіл бюджет процесіндегі стратегиялық жоспарлаудың рөлін күшейтеді, – деді М.Әшімбаев. Бұдан бөлек, сенаторлар депутаттар бастамашы болған «Астық туралы» заңына толықтырулар енгізетін заңды қарап, қабылдады. «Осы құжат астықтың резервтік қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ ішкі астық нарығын тұрақтандырады және астық саласындағы экспорттық инфрақұрылымды дамытады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенаторлардың пікірінше, қазіргі жаңа қауіп-қатер дәуірінде ас атасы – астықпен толық қамтылу кез келген мемлекет үшін аса маңызды. Мұның сыртында Сенат депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге адамдарды Қазақстан шегінен тыс жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Ол адам құқығы мен бостандығын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қорғау ісін сапалы жаңа деңгейге шығарады, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық теріс салдарға соқтырмайды.Елдос СЕНБАЙ