Ескі кен орындарынан мұнай өндіруді арттыру керек
Ескі кен орындарынан мұнай өндіруді арттыру керек
129
оқылды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Маңғыстау облысындағы «Қаражанбас» кен орнына барды. Ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге тәулігіне 17 000 текше метр су өңдейтін тұщыландыру зауытының іргетасын қалауға қатысты.

– Зауыт құрылысы кен орны үшін аса маңызды. Астраханнан Атырау облысы арқылы Маң­ғыс­тауға дейін созылатын құбырдан күн сайын 17 мың текше метр су сатып алынады. Келесі жылдың соңына қарай зауыт салынып бітуге тиіс. Содан кейін кен орны­на мұндай көлемдегі су қажет болмай қалады. Артылған су осы екі облыстағы басқа қажет­ті­ліктерге жұмсалады. Зауыттың арқасында мұнай өндірісі 750 мың тоннаға дейін артып, электр энергиясының шығыны азаяды, яғни бұл – тиімді жоба, – деді Ахметжан Есімов.

Ақтауға барар жолында Ахмет­жан Есімов «Қаражанбас» кен орнына қарасты вахталық кентке соғып, жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ал Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаздың» ғылыми нысандарын аралап, ком­панияның міндеттері бойынша кеңес өткізді.

Басқосуда ескі кен орында­рынан мұнай алу коэффицентін арттыру мәселесі талқыланды. Қатысушылар 1960 жылдан бері пайдаланылып, сарқыла бастаған «Өзен» кен орнын мысалға кел­тірді. Бұған дейін кен орнында жылына 15 млн тонна мұнай өн­дірілсе, қазір оның көлемі 6 млн тоннадан төмен түсіп кеткен.

– Біз Ресей Федерациясының тәжірибесін зерттеп, зерделеуді жалғастырып жатырмыз, олар біз­дің «Өзен» сияқты кен орындарына байланысты айрықша шарттар мен заңдар қабылдаған, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.

«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы жұмыс орындары мен мұнай өндіру құрылымын сақтап қалу үшін ескі кен орындарына салықтық жеңілдіктер қарасты­рып, инвестициялық жағынан тар­тымды қылу керегін ерекше ес­кертті. Оның сөзінше, бұл бас­та­ма Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­тысуымен Атырауда өткен ке­ңесте көтерілген және Президент тарапынан қолдау тапқан.

Ахметжан Есімов «ҚазМұ­най­Газ» басшыларына осы мәселені зерттеуді тапсырды. Сондай-ақ ұлттық компанияның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа техно­логияларды игеру мақсатында «Татнефть» пен Baker Hughes сияқты алдыңғы қатарлы шетелдік компаниялармен ынтымақтас­тықты жалғастыру қажет екенін айтты.

 

Еркебұлан НҰРЕКЕШ