«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Маңғыстау облысындағы «Қаражанбас» кен орнына барды. Ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге тәулігіне 17 000 текше метр су өңдейтін тұщыландыру зауытының іргетасын қалауға қатысты.
– Зауыт құрылысы кен орны үшін аса маңызды. Астраханнан Атырау облысы арқылы Маңғыстауға дейін созылатын құбырдан күн сайын 17 мың текше метр су сатып алынады. Келесі жылдың соңына қарай зауыт салынып бітуге тиіс. Содан кейін кен орнына мұндай көлемдегі су қажет болмай қалады. Артылған су осы екі облыстағы басқа қажеттіліктерге жұмсалады. Зауыттың арқасында мұнай өндірісі 750 мың тоннаға дейін артып, электр энергиясының шығыны азаяды, яғни бұл – тиімді жоба, – деді Ахметжан Есімов.
Ақтауға барар жолында Ахметжан Есімов «Қаражанбас» кен орнына қарасты вахталық кентке соғып, жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ал Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаздың» ғылыми нысандарын аралап, компанияның міндеттері бойынша кеңес өткізді.
Басқосуда ескі кен орындарынан мұнай алу коэффицентін арттыру мәселесі талқыланды. Қатысушылар 1960 жылдан бері пайдаланылып, сарқыла бастаған «Өзен» кен орнын мысалға келтірді. Бұған дейін кен орнында жылына 15 млн тонна мұнай өндірілсе, қазір оның көлемі 6 млн тоннадан төмен түсіп кеткен.
– Біз Ресей Федерациясының тәжірибесін зерттеп, зерделеуді жалғастырып жатырмыз, олар біздің «Өзен» сияқты кен орындарына байланысты айрықша шарттар мен заңдар қабылдаған, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.
«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы жұмыс орындары мен мұнай өндіру құрылымын сақтап қалу үшін ескі кен орындарына салықтық жеңілдіктер қарастырып, инвестициялық жағынан тартымды қылу керегін ерекше ескертті. Оның сөзінше, бұл бастама Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырауда өткен кеңесте көтерілген және Президент тарапынан қолдау тапқан.
Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» басшыларына осы мәселені зерттеуді тапсырды. Сондай-ақ ұлттық компанияның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды игеру мақсатында «Татнефть» пен Baker Hughes сияқты алдыңғы қатарлы шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты жалғастыру қажет екенін айтты.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ