Жылыту маусымы: газдан уланып қалмаңыз
Жылыту маусымы: газдан уланып қалмаңыз
165
оқылды

Жамбыл облысында жылыту маусымы басталғаннан бері тұрғындардың газдан улану фактілері жиілеп кетті. Бір ғана Тараз қаласында есепті кезеңде тұрғындардың жылыту пештерін және газ қондырғыларын пайдалану кезінде табиғи және улы газдан уланудың 8 оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көбейді деген сөз.

Негізі, бұл Тараз қаласында ғана емес, бүкіл Жамбыл облысы аумағында болып жатқан жағдай. Естеріңізде болса, осыдан 1 ай бұрын Меркі ауданында бір отбасы түгел газдан уланып, анасы мен қызы көз жұмған болатын. Сол кезде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Мақсат Қосыбаев қайғылы оқиғаға газ құбырындағы ақау себеп болғанын айтқан еді. Маман екі адам оқиға орнында көз жұмса, үш азамат жедел ауруханаға жеткізілгенін хабардар еткен. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Сұлтанұлы жеке сектордағы тұрғын үйлердің газ қауіпсіздігіне халықтың өзі жауапты екенін айтқан. Филиал директоры жыл басынан бері облыста 48 газдан улану фактісі тіркелгенін жасырмады. Одан 99 адам зардап шегіп, 7 азамат қаза тапқан. Жалпы, сол басқосуда тұрғындар қауіпсіздігіне жауапты сала мамандары ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің газ құрылғыларын жергілікті әкімдік өкілдері тексеруі міндетті екенін алға тартқан. Сондай-ақ биыл бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін газ-техникалық инспекция құрылғалы жатқанын да құлағдар етті. Алайда бұл құрылым нақты қашан іске кірісетінін ешкім тап басып айтқан жоқ. Тараз қаласы әкімдігі мен «Мол қаржы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жуырда «Шалғай Қарасу», «Шөлдала» және «Құмшағал» сияқты иіндерде тұратын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға улы газ сезбегін (датчик) орнату жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде мұндай 148 әмбебап сезбек қойылып жатыр. – Биылғы жылыту маусымында Тараз қаласында тұрғындар өмірі үшін қауіпті иіссіз, түссіз газдан улану фактілері жиілеп кетті. Оған басты себеп – газ құбырларының дұрыс орнатылмауы. Көгілдір отынның мұржалары дұрыс қойылмағандықтан, оның арты қайғылы оқиғалармен аяқталуда. Сондықтан біз биыл газ сезбегін орнату жұмыстарын қолға алдық. Бұл бастамамыз – өз жемісін береді дегенге сенім мол, – дейді Тараз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Әскер Сарбатов. Мамандардың сөзіне сенсек, қазір қойылып жатқан улы газ сезбектері адамның өмірін аман алып қалады дейді. Өйткені аталған құрылғы бөлмеге газ таралатын болса, дереу дабыл белгісін қосады. Құлақ тұндырар мұндай дауыс ұйқыда жатқан адамды оятып, тіпті сыртта жүргендерге де естілетін көрінеді. – Иінге көгілдір отын кіргізіліп жатқанымен, оны үйге тартып үлгермедік. Үйімізді көмірмен жылытатындықтан одан келер еш қауіп жоқ деп ойлайтынбыз. Алайда көмірді де дұрыс тұтатпаса адам өміріне келер зияны көп. Сол себепті, қазір мамандар үйімізге газ сезбегін орнатып беріп жатыр. Ол құрылғы көмірден бөлінетін улы газдарды да бақылауда ұстайды. Аталған құрылғыны тегін орнатып беріп жатқан билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз, – дейді «Шөлдала» иінінің тұрғыны Равиль Тәжібаев. Әрине, қала әкімдігінің істеп жатқан игі ісі қандай мақтауға да лайық. Енді мұндай қондырғыларды тұтас шаһар тұрғындарына орнатып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Одан бөлек, жеке сектордағы үйлерге жергілікті билік жауапты деп ысырып қоймай, әмбебап газ сезбектері ауылдық жерлерге де жетсе деген тілегіміз бар. Себебі қазір мұндай құрыл ғылар ең бірінші елді мекен тұрғындарына ауадай қажет екені айтпаса да белгілі.

Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы