Иран ғалымын неге өлтірді?
Иран ғалымын неге өлтірді?

Биыл 27 қараша күні Иранның белгілі физик ғалымы Мохсен Фахризадеге шабуыл жасалып, ол ауруханада көз жұмды. Иран ғалымды жасанды интеллект жүйесі орнатылған робот-пулемет атқылады деп мәлімдеді. Өз елінің ядролық бағдарламасының дамуына көп үлес қосып, біраз жоспарды жүзеге асыруды ойлап жүрген Фахризаденің өліміне кім мүдделі болды? Бұл оқиға Иран мен Еуропа елдерінің қарым-қатынасына, Таяу Шығыстағы жадайға қалай әсер етпек?

Иран билігінің мәліметінше, 27 қарашада Мохсен Фахризаде оқ өтпейтін көлікте және оны қарауылдаған 3 көліктің қорғауында келе жатқан жерінде өлтірілген. Бұл Абсард қаласының маңында болған. 150 метр қашықтықта орналасқан Nissan көлігіндегі робот-пулемет бірден оқ атқылай бастаған. Ғалым ауыр жараланған. Алайда жанында отырған жұбайы дін аман. Қасындағы оққағары да зардап шегіпті. Таратылған хабарға сәйкес, робот-пулеметке жасанды интеллект жүйесі орнатылған екен және ол спутник арқылы онлайн басқарылған. Шабуыл жасалған соң көлік бірнеше минуттан кейін өздігінен жарылып кеткен. Болған оқиға жайлы қазіргі негізгі ақпарат осы. Ирандағы Ислам революциясының сақшылар корпусының генералы бірден Израильді айыптады. Бұл ойды Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад та қайталады. Тіпті, шабуылға қатысы бар бірнеше адамның ұсталғаны туралы да ақпарат тарады. Алайда Израиль тағылған айыптарға қатысты әлі ресми мәлімдеме жасамады. Егер айып расталса, онда Израиль мұндай қадамға не үшін барды деген сауал туындайды. Бірден-бір себеп – АҚШ-та сайлауда жеңіске жеткен демократ Джо Байден Иранмен бұрын жасалған алтыжақты ядролық келісімді қалпына келтіруге кедергі жасау. Себебі аталған маңызды құжатты қабылдауға кезінде Байденнің «бастығы» болған экс-президент Барак Обама түрткі болған еді. Енді Обаманың орынбасары сол жолды жалғастыруы бек мүмкін. Егер бұл сценарий жүзеге асса, онда Иран ядролық қаруға тезірек қол жеткізуі мүмкін деген үрей Израильді билеп алған сыңайлы. Ал Мохсен Фахриза денің өлімінен соң ашуланған Иран басшылығының АҚШ-пен келісімге келуі қиындауы мүмкін. Шабуылды жасағандардың есебі осыған саяды. Бірақ бір физик-ғалымның өліміне бола Тегеран Вашингтонмен араздасып жүре бере ме, әлде Джо Байден келісімге келуді ұсынса, келіссөзді бастап кете ме? Бұл сұрақтың жауабы енді уақыт еншісінде. Әрине, болжам көп. Бірақ АҚШ президенті Д.Трамптың санкциялары мен биылғы пандемия тудырған экономикалық дағдарыстан соң Иран ренжіген баланың күйіне еніп, жақсы мүмкіндіктен бас тарта қоймас. Себебі «өлгеннің артында өлмек жоқ», ал есеңгіреген парсы экономикасын нығайту керек. Трамп салған санкциялар Иран мұнайының еркін сатылуына кедергі келтіріп тұр. Сонымен, кешеге дейін үш көлік қорғаған, өлімін әлем БАҚ-тары жарыса жазған Мохсен Фахризаде деген кім еді? Фахризаде Иранның ядролық бағдарламасын дамытуға көп үлес қосқан азамат болатын. 2018 жылы Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Фахризадені Иранның барлық ядролық жобаларының жетекшісі деп атаған еді. Түрлі мәліметке сүйенсек, осы елде жүзеге асырылған «Жоба 111», «Амад» жобаларына жетекшілік еткен. Батыс барлау қызметтері аталған жобалар Иранда ядролық қаруды даярлауға бағытталған деседі. Бірақ Тегеран оны ешқашан мойындаған емес. Бұдан бөлек, жақында Фахризаде жай ғалым емес, қорғаныс министрінің орынбасары қызметін де атқарғаны мәлім болды. Яғни, парсы елі үшін маңызды тұлға болғаны анық. Жалпы, бұл оқиғаға қатысты бір неше жайтқа мән берген жөн. Ирандағы ықпалды азаматтарды өлтіру фактісі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Мәселен, 2010 және 2012 жылдары Иранда Маджид Шахриари және Мұстафа Ахмади-Рошан есімді физиктер Тегеранда жарылғыш зат қойылған көлікке отырып, қайтыс болған еді. Ол кезде Иран актіні ұйымдастырған деп Израиль мен АҚШ-ты айыптаған болатын. Ал биыл жыл басында Ислам революциясының сақшылар корпусының генералы Қасым Сулеймани АҚШ-тың ұйымдастырған операциясынан соң көз жұмды. Ол тек Иранда емес, бүкіл Таяу Шығыста ықпалды әскери азамат еді. Яғни, осы әрекеттері арқылы Израиль, АҚШ басшылығы Ирандағы кез келген адамның көзін жоюға қабілеттіміз дегенді көрсеткісі келетін секілді. Бұдан бөлек, сарапшылар Иранның жасаған мәлімдемелеріне күмән келтіреді. Мысалы, терракті бойынша бірнеше адамның ұсталғаны рас па? Ұсталса, олар кімдер? Ал Мохсен Фахризадені атқылаған жасанды интеллект жүйесі орнатылған пулемет деген мәлімдемеге де мамандар сене қойған жоқ. Себебі ондай қару туралы ақпарат кездесе бермейді. Ал енді Иранның келесі қадамы қандай болмақ? Жауап ретінде Израильге шабуыл жасай ма? Белгісіз. Бірақ соңғы рет Қасым Сулейманидың өліміне қатысты АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына бірнеше зымыран атқылап, мінезін көрсеткендей болды. Бірақ ол зымырандар АҚШ-қа пәлендей шығын әкелмеді. Фахризаде Сулейманидай ықпалды емес. Тегеран кезекті ызалы бірнеше ресми мәлімдемелермен шектелетін сияқты.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА