Босанарда серік болар қасыңда...
Босанарда серік болар қасыңда...
267
оқылды

Пандемияға байланысты әйелдер жалғыз босануға мәжбүр болған. Яғни, жанына серік қылып әлдекімді кіргізуге заң мен тыйым салынған болатын. Дегенмен жақында бұл ереже айта қаралып, ПТР-тест тапсырып, коронавирустың теріс нәтижесі шықса, әйелдің жанына кіруге болады деп рұқсат берілді. Осындай күрделі де ауыр сәтте жанына жалау болатын біреудің керегі анық. Дегенмен кімді кіргізген жөн? Күйеуінің серік болғаны құптала ма? Шетелде қалай? Талдап көруге тырыстық.

Ақтан Тұрысбекұлы – Жамбыл облысының тумасы. Жасы 35-те, келіншегімен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ақтан кенже баласының өмірге келгенін көзімен көріп, адамнан адам шыққанның қандай екеніне куәгер болған. Серік болып кіру идеясын әйелі ұсыныпты. Бастапқыда біршама қашқақтап, кіруге аса құштар болмаған. Бұған дейінгі балалардың өмірге келер сәтінде кейіпкеріміздің жеңгесі, әпкесі серік болған. «Босанарда бірге кіру туралы шешімді аяқасты қабылдадық. Түнгі екіде жұмыстан келгем, таңғы бесте перзентханаға бардық. Жанында ешкім болмаған соң кіріп көруге бел будым» деп сол кезде шешімге қалай келгенін еске алды Ақтан. Әдетте, серік болып күйеуінің кіруіне қатысты ел арасында екіжақты көзқарас бар. Бірі отбасын мығым етіп, әйелге деген сый-құрметті күшейтеді десе, енді бірі кері әсері бар дейді. Ондағысы – босану процесінің айтарлықтай қызығатын сәт емес екенін айтады. Сондықтан жанына серік болып кіретін адамды таңдағанда бұрын босанып көрген және әйелдің жақсы араласып, сырласатын адамы болғаны жақсы деген пікір бар. Осы ретте кейіпкеріміздің қалай қабылдағанын білмек болып, сұрап көрдік. «Келіншегім босанып жатқанда ойыма ең алдымен анам оралды. Мені өмірге әкелу үшін осынша қиындықтан өткенін түсіндім. Артынша анама хабарласып, алғысымды білдірдім. Дәл босанатын кезде акушер «бас жағына барып, бақылап тұрыңыз» деді. Іштей дұға тілеп, амандығын сұраумен болдым. Баланың өмірге келуі аса ұзақ уақыт алмады. Бірақ сәбиімізді көргенде көзіме жас үйірілді. Ал ел арасында жиі айтылатындай ешқандай кері әсер болмады», – дейді кейіпкеріміз. Перинаталды психолог Ольга Данилова босану процесін әрі қарайғы қарым-қатынастың катализаторына теңейді. Қандай жағдайда жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін дегенге бірнеше мысал келтірді. «Ерлі-зайыптылардың жыныстық үйлесімін бұзатын бірнеше себеп бар. Мысалы, қарым-қатынастың сәл суығанын байқаған әйел түзеу үшін осы нұсқаны ұсынуы мүмкін. Мұндай жағдайда күйеуінде сезім шынында суыса, әйелі күткендей қолдау білдіре алмайды. Оған әйел ашуланып, жағдайды одан әрмен күрделендіреді. Енді бір себеп – әуестік, қызығушылық. Болашақ әке «осы босану деген қандай болады екен?» деп ойлануы мүмкін. Процесс жайлы аса білмей, құдды стадионға ойын қарауға бара жатқандай барады. Бұл кезде де әйел өзіне керек көмекті ала ал майды. Үшінші бір нұсқа – әйел тарапынан жасалатын қыстау. «Мен қиналады екем, сен достарыңнан отырады екенсің. Одан қайта менің жанымда бол» деп екеуі үшін шешімді өзі қабылдап тастайды. Кей жағдайда мұның соңы да сәтсіз болуы ғажап емес. Ер адам үлкен стресс алып, дәрігерлер әйелдің емес, ер адамның есін жиғызумен әлек болып жататын кездер де болады. Одан бөлек, қазір бұл сәнге айналды. Бәрі істеп жатыр деп бара берген жөн емес. Қандай жағдай болсын, алдымен дайындық керек. Барынша ақпараттанып, содан соң ғана шешім қабылдау қажет», – дейді маман. Жанар Қыдыр – бір баланың анасы. Босануға күйеуін ертіп баруға қарсы. Неге олай екенін өзі түсіндіріп берді. «Тұңғыш бала болғандықтан, жанымда міндетті түрде серік болуы керек деп жүрдім. Ойлана келе, босанып көрген құрбыма ұсыныс айттым. Ол қуана келісті. Толғағым жеңіл болғаны бар, құрбымның көңілімді аулап, массаж жасап көмектескені бар, аман-есен босанып алдым. Анасы мен күйеуін, босанып көрмеген жақынын кіргізгенді жөн санамаймын. Себебі анасы баласының жан қиналысын көрген сайын одан әрі уайымдайды. Онсыз да үйде отырып уайымға салынады. Ал күйеуіне ол процесті көрудің қажеті шамалы. Оны көзбен көрді не, көрмеді не айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Сонымен бірге босанып көрмеген жақын туысын не құрбысын шақыру да қате сияқты. Кім біледі, ауыр босансаңыз, әлгі серігіңіз әбден шошып, стресс алып, босануға қорқып қалуы да мүмкін» деген ойын ортаға тастады Жанар. Ал Ақтан болса, төртінші балаға қайта кіруге дайын екенін айтып отыр. «Әйеліме кіремін деп уәде беріп қойдым. Басқа әкелерді де осылай етуге шақырамын. Дәрігерлер кей ерлердің босануға қатысқанда құлап қалып, есінен танып қалып жататынын айтты. Бірақ менде ондай үрей болған жоқ. Бәріне қатыспаса да, кемі бір баласының өмірге келуіне куә болуы керек секілді. Менің кіргенімді естігендер әртүрлі қабылдады. Дегенмен ештеңеге қарамастан, әйеліне көмектескен дұрыс» деп түйіндеді үш баланың әкесі. Қазіргі таңда серікпен босану, соның ішінде босану процесіне күйеуінің қатысуы аса жаңалық емес. Дамыған елдерде бұл тренд әлдеқашан еніп кеткен. Мысалы, Америкада бұған ешкім таңғалмайды. Германияда тіпті серіксіз босану өте сирек кездеседі екен. Швецияда әкесі қатысып қана қоймай, кіндігін кесу құрметіне де ие болады. Ал Францияда осы сәтті таспалап, видеоға түсіріп алу үрдісі кең тараған. Нидерландта көбіне үйде, күйеуінің жанында босанады дегенді оқып қалдық. Мұндай жағдайда жолдасы кәсіби акушер маманнан кейінгі екінші орында болады деседі. Қытайда серік болып кіруге рұқсат берумен қатар әйеліне қарайласу үшін оған жұмысынан арнайы демалыс беріледі. Италиялықтар әкесінің кіруін міндет көреді екен. Тек кесарь тілігін жасауға мәжбүр болғанда жолдасы кірмейді. Ал басқа жағдайда әйелі мен күйеуі аталған процесті бастан бірге өткереді. Испанияда да күйеуінің болуы міндетті. Себебі ол баланың алғашқы құжатына сол сәтте қол қояды екен. Ал бізбен менталитеті ұқсас Түркияда әкесінің бала өмірге келер сәт те бірге болуына көп перзентханада тыйым салынған. Әсіресе, дәстүр ұстанатын аймақтарда. Дегенмен кей перзентханаларда заманауи үлгі бойынша босануға серік қылып кіргізуге рұқсат береді. Бізде босанарда жанына серік алудың тағы бір себебі – дәрігерлерге деген сенімнің аз болуынан. Яғни, көпшілігінің жүкті әйелге жасалатын жағдайға көңілі толмайды. Тіпті, қараусыз қалғанның салдарынан халі нашарлағанын айтып, дәрігерлерді айыптайтындар да жоқ емес. Ал егер жанында серік болса, ақ халаттылар әлдеқайда жауапты қарайды-мыс. Одан қала берді, жалғызсырап қалмас үшін де белін уқалап, әңгімесін айтып, ішіп-жемін беріп отыратын адам қажет-ақ. Қалай десек те, жалғыз не серікпен босануға шешімді әркім өзі қабылдайды. Соған бола біреуді жазғыру жөн емес. Әр отбасының ішкі тәртібі мен ережесі болатынындай, мұндай шешім шығаруға келгенде көзқарастың түрлі екенін ескеру қажет.

Жадыра АҚҚАЙЫР