Теміртаудан түлеген тарлан
Теміртаудан түлеген тарлан
312
оқылды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Менің өмі­рімде Магнитка мен Теміртау болмағанда, мен ешқашан Президент болмас едім» дегені бар. Тәуелсіздік алғалы Теміртау қаласы қарқынды дамып ке­леді. Мыңдаған адам еңбек ететін металлургиялық комбинаттың жұмысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болды. 30 жылда қаншама әлеуметтік нысан салынды. Қала көркейіп, халықтың тұрмысы жақсарды. Теміртаулықтар бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегі деп есептейді. Саяси тұлға ретінде қалыптасқан қаланың келешегі Тұңғыш Президенттің назарынан тыс қалған емес. Өткен ғасырдың 90-жылдары тоқырау кезеңінде Теміртаудағы металлургиялық ком­бинатта жұмыс істейтін мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағдай ауыр еді. Бірақ Мемлекет бас­шысы өзі шыңдалған кәсіпорынның жабылуына жол бер­ген жоқ. Барлық күш-жігерді өндірісті дамытуға жұ­мылдырды. Бұл сын сәтті металлургтер ұмытқан жоқ.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін, 90-жылдары комбинат өте қиын кезеңді бастан кешірді. Сол кезде біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев комбинатқа инвестор тауып, аман алып қалды, – дейді металлург Мұрат Қойшыбаев.

Теміртаудың гүлденуіне қосқан үлесін замандастары үлкен тебіреніспен еске алады. Нұрсұлтан Назарбаев Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәлімдегенде олар көз жасына ерік берген.

– Қаланың көркеюі Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей байланысты. Ол осы жерде шыңдалды, осы жерде өсті. Кейін елорданы са­лып, Қазақстанды көркейтті, Қа­зақстанды алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосуға күш-жігерін аямады. Қазақстанның жер жүзіне танылуына Елбасы­ның еңбегі зор. Елбасы құрышты қаланың қордаланған көптеген әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешіп берді. Сондықтан мұндағы халықтың Ұлт көшбасшысына деген ықыласы ерекше, – дейді Елбасының курстасы Қуаныш Омашев.

Елбасының Теміртауға ке­луіне газет мақаласы түрткі бол­ған. 1958 жылы мектеп бітірген жас түлек «Ленинская смена» газетінен Теміртау қаласындағы ФЗУ-да металлургтер дайын­дайтындығы туралы ақпаратты оқиды. Жас жігіт аудандық ком­сомол комитетінің жолдамасымен Теміртауға келеді.

Жергілікті комбинатқа кадр­лар даярлау үшін республика басшылығы жас мамандарды Одақтағы ірі металлургиялық орталықтарға оқуға жіберді. Нұрсұлтан Назарбаев Украина­дағы Днепродзержинск №8 техникалық училищесіне түсті. Училищені бітіргеннен кейін 1960 жылы Нұрсұлтан Әбішұлына емтихан комиссиясының шеші­мімен «8 дәрежелі домна пешінің көрікшісі» мамандығы берілді. Ол кезде болашақ Президент небәрі 20 жаста еді. Оны алдымен До­менстрой құрылыс бас­қар­масына жұмысқа жібереді. Себебі жастар Теміртауға кел­генде домна пеші әлі жұмыс істемейтін еді. Сол себепті ал­ғаш­қыда Елбасыға бетоншы мамандығын игеруге тура келді. Жұмысшылар ауысым­мен кезектесіп түсетін. Оларды жылу берілмеген жатақханаларға орналастырды. Шағын төсекте дірдектеп, матрас жамылып жы­лынды. Брезенттен жасалған жұмыс киімін сыртқа қалдыруға тура келді, өйткені мұз қатқан киім киюге оңай еді.

Бірақ тынымсыз жұмыс олар­ды қажытқан жоқ. Жұмыстан бос уақытында жастар спортпен шұ­ғылданып, «Восток» кинотеат­ры­на баратын. «Мекенжайсыз қыз», «Румянцев ісі» және «Заречная көшесіндегі көктем» атты кино­классикаларды қайталап көретін. Фильмдегі зауыттың кіреберісі туралы әнді металлургтер әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды.

– Елбасы қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген еді. Ал украин тіліндегі әндерді тез жаттап алатын. Өлең шығаратын қасиеті болды. Ұмытпасам, ол кісінің шығармашылығында 40 шақты әннің сөзі бар. Бәріміз бірнеше жыл бұрын Астанада бас қостық. Домбырада, баянда, аккардеонда ән шырқадық. Бір қызығы, Елбасы әркімнің түрлі мінездерін ұмытпаған. Өткен күндердің бәрі есінде. Ол өте сауатты болатын. Оқуда жүргенде жазған хатынан, толтырған құжатынан бір қате таппайсыз. Қабілетті тұлға болып қалыптасты. Тағы бір кездесуіміз Теміртауға келгенде ұйымдас­тырылды. Домна пешіне арнайы келді, – дейді Елбасының серік­тесі Қуаныш Омашев.

Бетон құю жұмыстары оңай болған жоқ, бірақ жас Нұрсұлтан қара жұмыста ысылып, шынықты. 1960 жылдың 3 шілдесінде Орта Азия мен Қазақстанда бірінші домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасының, Қа­рағанды металлургия комбина­ты­ның туған күні ретінде тарихқа енді.


«Маған 1960 жылдың 3 шіл­десінде өз қолыммен бірінші Қазақстан шойынын алуға тура келді» деп еске алады кейін Нұрсұлтан Әбішұлы.

1960 жылдың маусым-тамыз айы арасында Назарбаев домна цехында құю машинала­рының шойыншысы болып жұ­мыс істеді. 1960 жылдың тамыз айынан 1964 жылдың ақпан айы­на дейін №1 Домна пешінде кө­рікші болып жұмыс істеді.

Көрікшілерге газ, шаң-тозаң­ды жұтып жүріп, 2000 градусқа дейін ыстық температурада жұ­мыс істеуге тура келді. Өндірісте шағым жасауға болмайды, дема­луға да мүмкіндік жоқ. Тәжірибе жетіспейді, сондықтан металл тез қатады, апат жиі қайталанады. Сынған жабдықтарды алу үшін асбестті халатпен жалынға кіреді. Бір ауысым ішінде жарты шелек тұзды су ішу керек, ол су тер боп шығады. Көп жұмысшы мұндай ауыртпалыққа төзбеді. Кейін Елбасы жұмысына әкесінің келген сапарын еске алады.

– Мен түнгі ауысымға әкемді алып бардым. Сол күні апатты жағдай орын алды. Әкем маған «Өзіңді неге бұлай азаптайсың? Мен үш жасымда жетім қалдым. Бірақ мұндай азапты мен де көр­ген жоқпын. Таста, – деді.

Мұндай ауыртпалық жас жі­гіт­ті жасытпады, ол табанды бо­луға үйренді. Алға қойған мақсат­қа жету үшін шыдам мен жігер ке­рек екендігін түсінді. Ол қоғам­дық жұмыстарға араласып, спорт жарыстарында белсенді болды.

1964 жылдың ақпан айынан бастап 1965 жылдың тамыз айына дейін Қарағанды политехникалық институтын, содан кейін Теміртау ЖТУЗ-ына түсіп, 1967 жылы «ин­женер-металлург» мамандығын меңгерді.

Комбинат қызметкерлерінің жетістіктері «Теміртауский ра­бо­чий» газетінде жарияланып тұр­ды. Бұл жұмысшылардың бәсе­кеге қабілетті болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсер етті.


1962 жылдың жазында Домна пешінің көрік­шісі Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия астанасы Хельсинки қаласында жастар мен студенттердің бүкіләлемдік фес­ти­валіне қатысты. 1962 жыл­дың 12 қыркүйегінде фестивальде белсенді жұ­мысы үшін БЛКЖО ОК «Құрмет грамо­тасымен» марапатталды.


1962 жылдың 25 қазанында шыққан газетте екінші көрікші Нұрсұлтан Назарбаевтың Қара­ғанды политехникалық инсти­тутының Теміртау бөлімшесінде өндірістен қол үзбей білім алаты­ны туралы жарияланды. Газетте Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбе­гіне тоқталып, фотосуреті жарық көрді. «Теміртауда Қазақстан Магниткасында Нұрсұлтан Назар­баев пен Қабидолла Саре­кенов сияқты құрметті адамдар көп!» делінген мақалада.

1962 жылдың жазында Домна пешінің көрікшісі Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия астанасы Хельсинки қаласында жастар мен студенттердің бүкіләлемдік фес­ти­валіне қатысты. Осы фести­вальде белсенді жұмысы үшін БЛКЖО ОК «Құрмет грамота­сы­мен» марапатталды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа қала­лық партия комитетінің хатшысы Н.Давыдов ерекше назар аударды, ол оған өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынды. 1969 жылдың тамыз айынан бас­тап Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласында өнеркәсіп-көлік бө­лімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Бұл шешім оның өмірлік бағытын өзгертті. 1969 жылдың 20 желтоқсанында қалалық пар­тия комитетінің пленумында оны бірінші хатшы етіп сайлады.

1977 жылдың наурыз айында партия Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа лауазымды сеніп тапсырды. Ол Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп саласын­дағы хатшысы болды. Дінмұхамед Қонаев Нұрсұлтан Назарбаевтың КОКП ОК хатшылығында сөй­леген сөзін тыңдап, оны Қара­ғанды облыстық партия коми­тетінің хатшылығына ұсынады. «Сталиннен Горбачевке дейін» кітабында ол Нұрсұлтан Назар­баевты ізбасарым деп атайды. «Бұл лауазымға облыстық коми­теттің салалық хатшылығына мен Нұрсұлтан Назарбаевты ұсын­дым. Қалалық партия комитеті оң мінездеме берді», – деп жазады ол.

Ол қара және түсті металлур­гия, энергетика, машина жасау ісіне жетекшілік етті. Оның жұмы­сы нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет Бөрілі және Шұбаркөл көмір-кен орындарын ашық тә­сілмен игеру басталды. Нұрсұлтан Назарбаев кеншілердің жұмы­сына талдау жасай отырып, өнер­кәсіп пен құрылыстың дамуын ілгерілетіп, келелі мәселелерге Орталық партия комитеті мен облыс басшыларының назарын аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев метал­лургтер құқығын Мәскеуде де қорғады. Мемлекет басшысының замандастары 1970 жылдары Тұңғыш Президент Мәскеудегі Орталық партия комитетінен ме­таллургтердің құқығын қорғай­тын арнайы құжатты қабылдауды талап еткенін еске алды.

– Партия комитетінің хат­шысы болып тұрған 32 жасында Мәскеуге барып, қайсарлығының арқасында мәселе қойды. «Ме­тал­лургтердің тұратын жері жоқ, демалатын жері, жүретін жері жоқ. Жағдай жасау керек» деп қаулы қабылдатты, – дейді бұ­рын­ғы әріптесі Қуаныш Омашев.

КСРО Министрлер кеңесінің шешімі бойынша Теміртау қаласында 80 мың шаршы метр тұрғын үй, 1 600 балаға арналған екі балабақша, комбинатқа кадр­лар даярлау жөніндегі екі кәсіп­тік-техникалық училище, метал­лургиялық техникум, ЖТОО ғимараты, мәдениет сарайы, 15 мың орынға арналған стадион, жүзу бассейні, мәдени-демалыс орталығы, Самарқан су қойма­сында демалыс аймағын салу қарастырылды.


Замандасы Нина Вахитова Нұрсұлтан Әбішұлының Темір­таудағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді биліктен талап етіп, қаланы дамыту бағдарламасын қабылдауға ықпал еткенін сүйсіне еске алады. Оның баяндамасынан кейін Теміртау қаласын дамытуға бағытталған бас жоба әзірленді, бірнеше жылдан кейін шағын елді мекен үлкен қалаға айналды.

– Ол кезде металлургтердің тұратын үйі, балабақша, спорт кешені де жоқ еді. Жұмысшылар дайындайтын жалғыз ғана учи­лище болды. Еш жағдай жасал­маған болатын. Осы проблема­лар­дың бәрін партия жиналы­сында, металлургтердің атынан Нұрсұлтан Назарбаев қана көтере алды. Нәтижесінде, Теміртау гүлденіп дамыды, – дейді Нина Вахитова.

1979 жылы Нұрсұлтан Назар­баев өнеркәсіп, көлік және бай­ланыс істері жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық коми­тетінің хатшылығына сайланды. Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұ­лының республиканың қоғам­дық-саяси өміріне ел астанасында тікелей араласқан еңбек жолы басталды. Теміртауда түлеген тас­түлек жинаған тәжірибесі мен өмір сабағын Қазақстан мемле­кетін дамытуға арнады.

2011 жылы 22 қарашада Те­мір­тау қаласында Тұңғыш Прези­денттің тарихи-мәдени орталығы ашыл­ды. Орталықты Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қар­саңында «Нұрлы Магнитка» қо­ғам­дық бірлестігі салды. 4 560 шар­шы метр ауданды құрайтын дөңгелек, жартылай сфера түр­ін­дегі ғима­раттың биіктігі – 16 метр. Онда 120 орын­ды кино-дәріс за­лы, 70 орынға шақталған конфе­ренц-зал, көркемсурет галереясы жұ­мыс жасайды. Залда 6 экспози­циялық зал бар. Олар «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының пер­зенті», «Тұлғаның ерен қабі­леті», «Қазақстанның құрыш кел­­беті», «Уақыт ағымында», «Қа­­зақстан жолы» деп аталады.

Бірінші зал – «Тәуелсіз Қазақ­стан». Мұнда тәуел­сіздік кезе­ңіндегі еліміздің негізгі жетіс­тіктері қойылған. Залдың архи­тектурасы Қазақстанды көпұлтты елдің ортақ үйі ретінде бейне­лейтін қазақ киіз үйі түрінде орындалған. Залда интерактивті ақпараттық панельдер орналас­қан, қазақ, орыс, ағылшын тілін­де витриналардың мазмұны ту­ралы толық ақпарат берілген.

Екінші «Өз заманының пер­зенті» деп аталатын зал Қазақстан Президентінің балалық шағы, мектеп және студенттік жылда­рын бейнелейді. Залдың экспози­циясы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» өмірбаяндық кітабы негізінде құрылған, витри­наларда Елбасының естелікте­рінен үзінділер берілген.

Үшінші «Тұлғаның ерен қа­білеті» атты зал Қазақстан Маг­ниткасының салынуын көрсетеді. Төртінші зал – «Қазақстанның құрыш келбеті». Зал­дың экспо­зициясы Кармет­комбинаттың негізгі өндірісі, ірі металлур­гиялық кәсіпорынның даму та­рихы туралы айтып береді. Зал металлургиялық кәсіпо­рын­ның атмосферасын көз алдыңызға келтіреді және оның ішінде жүр­гендей әсер қалдырады.

Бесінші «Уақыт ағымында» атты залдың экспозициясында Президенттің саяси өрлеуінің бастауы көрсетілген. Құрамында мұрағаттық құжаттар бар. Алтын­шы зал – «Қазақстан жолы». Залда егемен Қазақстан тәуелсіз­дігінің тарихи қалыптасуы мен дамуы туралы әңгімелейді.

– Көрмеге Елбасы тұтынған заттар қойылған. Ермек Ті­леу­баев атты азамат Нұрсұлтан Назар­баевпен жатақхананың бір бөл­ме­сінде тұрған. Ол Тұңғыш Прези­денттің тарихи-мәдени орта­лы­ғына Елбасы жас кезінде сүйіп ойнаған шахматты сыйлады. Сө­реге қойылған шахматта 208-бөл­ме нөмірі таңбаланған. Бұл шах­матты жатақхана тұрғын­дары жиналып, 360 тиынға сатып алып­­ты, – деп әңгімеледі экскур­сия жетекшісі Қуаныш Тыны­бекұлы.

Орталықтың экспозициялық қоры 3 408 бірлікті құрайды, оның ішінде 349 негізгі қор, 3 059 ғылыми-көмекші қорға жатады. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығын жыл сайын жиырма мыңнан астам адам тама­шалайды. Оларға 39 қызметкер қызмет көрсетеді.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы