Жемқорлықпен күрес күні қарсаңында «Парасаттылық студиясы» ашылды
Жемқорлықпен күрес күні қарсаңында «Парасаттылық студиясы» ашылды
109
оқылды
 Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні қарсаңында  «Парасаттылық студиясы» ашылды. Бағдарламаның алғашқы қонағы  экономика ғылымдарының докторы, профессор, кезінде осы оқу орнын он төрт жыл басқарған  Юрий Баталов болды. 

«Парасаттылық студиясының» алғашқы шығарылымында адалдық, білім саласындағы жемқорлық, жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру  тақырыбы кеңінен сөз болды.  Юрий Васильевич «Кешегі мен бүгінгі студенттің айырмашылығы қандай? Өз тәжірибеңізде баға үшін ақша ұсынған студент болды ма?» деген сұрақтарға да жауап берді.

«Әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Қазіргі буынның  артықшылығы сол, студенттер бірнеше тіл мен техниканы жетік меңгерген. Қоғамдық игі істерге араласып, болашаққа сенімді қадам басып жүргендері де көп. Менің тілегім – сол білімді жастардың бойынан тәрбие мен білік ажырамаса  деймін. Себебі, біз қазір білім мен біліктің парқын ажырата алмай қалдық. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтылмаған», – деді ғалым.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі ҒА, ҚР Ұлттық инженерлік академия және Жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүше-корреспонденті Юрий Баталов  1986-2000 оқу орнының ректоры болды. Бүгіндері «Теориялық және қосалқы экономика» кафедрасының профессоры. Оның бастамасымен Қазақстанда тұңғыш рет «Интеграция» оқу-ғылыми-өндірістік кешені құрылды, бұл мамандарға деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.    Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ және  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірігіп, бірнеше іс шаралар атқарып келеді. Алдағы уақыт та аталған бағдарламада   университет оқытушылары,  декандар, облыстық мемлекеттік мекемелердің өкілдері, заң органдарының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, құқық саласының мамандары, жетістікке жеткен жастар мен кәсіпкерлер   қоғамдағы жемқорлық, академиялық адалдық, сенім, адалдық  тақырыбы жайында өз ойын бөлісіп, парасатты қоғам қалыптастыруға қатысты пікірін ортаға салады. «Парасаттылық студиясы» бағдарламасының толық нұсқасы университеттің  YouTube каналында және әлеуметтік желілерге жүктеледі.   Тұмар МЫРЗА