Теңгеге сенбей, сазға отырды
Теңгеге сенбей, сазға отырды

Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері созылып келе жатқан жыр таусылар емес. Нақтылай кетсек, ел әлі күнге ақша ауысып, теңге орнына басқа валюта келеді деген қауесетке сенеді. Бұл алаяқтардың осы ескі «аңыздан» ақша жасауына жол ашады. Петропавл қаласында қаскөй адам «ақша ауысады» деп жалған ақпарат таратып, зейнеткерлерді алдаумен айналысқан.

Қулар шау тартқан қариялардың үйінен ұзап шыға алмайтынын, демек шұғыл шағымданбайтынын біледі. Полицияға 78-99 жас аралығындағы бірнеше қария арызданды. Жәбір­ленушілерге келтірілген жалпы шығын 3 миллион теңгеден асыпты. Өзін медицина қызметкері деп таныс­тырған әйел зейнеткерлерді «профи­лак­тикалық тек­серіс» жүргіземін деп сен­дір­ген. Әңгіме барысында алаяқ «зей­нетақыға үстеме ақша қосылатынын» немесе «1 айға 42 500 теңге төленетінін» айтып, ал «содан кейін ақша ауысатынын» хабарлаған. Осылайша, әлгі әйел үйде сақтаған қаражаты болса, еш кезек күтпей, қазір-ақ ауыстырып бере алатынын жеткізген. Бұл жаңалықты естіген кейбір қарт бар жиған ақшасын алаяқ алдында жайып салған. Осы кезде алаяқ қарияны жуы­натын бөл­меге анализ құтысын толтыруға жі­беріп, өзі барлық ақшаны алып, көзден таса болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында поли­цейлер қарақшының кім екенін анықтай алды. Ол осыған ұқсас қылмысы үшін Нұр-Сұлтанда бұрын сотталған 43 жастағы әйел болып шықты. Олар қаскүнемді кезекті қыл­мысынан авто­буспен қайтып келе жатқан жерінен ұстады. Бүгінде тәртіп сақшылары қарт­тар тұратын пәтерлерді дәл тауып отырған алаяққа бұл істе кімнің кө­мектескенін анықтау үстінде.

 Айхан ШӘРІП