Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері созылып келе жатқан жыр таусылар емес. Нақтылай кетсек, ел әлі күнге ақша ауысып, теңге орнына басқа валюта келеді деген қауесетке сенеді. Бұл алаяқтардың осы ескі «аңыздан» ақша жасауына жол ашады. Петропавл қаласында қаскөй адам «ақша ауысады» деп жалған ақпарат таратып, зейнеткерлерді алдаумен айналысқан.
Қулар шау тартқан қариялардың үйінен ұзап шыға алмайтынын, демек шұғыл шағымданбайтынын біледі. Полицияға 78-99 жас аралығындағы бірнеше қария арызданды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 3 миллион теңгеден асыпты. Өзін медицина қызметкері деп таныстырған әйел зейнеткерлерді «профилактикалық тексеріс» жүргіземін деп сендірген. Әңгіме барысында алаяқ «зейнетақыға үстеме ақша қосылатынын» немесе «1 айға 42 500 теңге төленетінін» айтып, ал «содан кейін ақша ауысатынын» хабарлаған. Осылайша, әлгі әйел үйде сақтаған қаражаты болса, еш кезек күтпей, қазір-ақ ауыстырып бере алатынын жеткізген. Бұл жаңалықты естіген кейбір қарт бар жиған ақшасын алаяқ алдында жайып салған. Осы кезде алаяқ қарияны жуынатын бөлмеге анализ құтысын толтыруға жіберіп, өзі барлық ақшаны алып, көзден таса болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер қарақшының кім екенін анықтай алды. Ол осыған ұқсас қылмысы үшін Нұр-Сұлтанда бұрын сотталған 43 жастағы әйел болып шықты. Олар қаскүнемді кезекті қылмысынан автобуспен қайтып келе жатқан жерінен ұстады. Бүгінде тәртіп сақшылары қарттар тұратын пәтерлерді дәл тауып отырған алаяққа бұл істе кімнің көмектескенін анықтау үстінде.Айхан ШӘРІП