Канадада Alma-Ata бар
Канадада Alma-Ata бар
198
оқылды

Канаданың Ванкуверіне жол түсе қалса, Alma-Ata дүкеніне бас сұқпай кетпеңіз. Бұл қай Алматы десеңіз, айтайық. Отан­дастарымыз Рақым Шәріпов пен Санам Мұсаева екі жылдан бері жылдам тамақтануға арналған мейрамхана ашып, кәсібін жүргізіп келеді. Осылайша, мәдени астананың дәмін жырақта жүріп татуға мүмкіндік туып отыр.

Ерлі-зайыптылар бұрын Ал­матыда тұрған. Дүкеннің атауын еш саясатсыз, жай ғана қалаға де­ген ыстық сезіммен қойған. Шет жүр­сек, қазы-қарта, жал-жая, қы­мызды қатты сағынатынымыз рас. Рақым Шәріпов қазақи атмос­фераны жасау үшін осы салаға бет бұрғанын айтып отыр. «Алматының аурасын жеткізгіміз келді. Қазақ­станның тамағына көбі тамсанады. Мәзірімізде палау, кәуап, қолдан бүгілген тұшпара, түрлі салмасы бар құймақтар, фунчоза, винегрет, дапанжи, самса, чак-чак сынды тамақтар бар», – дейді кафенің иесі. Ванкуверге жақын маңда Порт Кокит­лам деген қала бар. Мейрам­хана да осы жерде. Рақымның Ка­надада жүргеніне – 22 жыл. Аза­маттық алған. Айтуынша, клиент­терінің дені – орыстілділер. Дү­кенге ТМД-ның барлық елінен ке­леді екен. Соңғы уақытта тамақ­қа тамсанып, жиі келетіндер қа­тарына филиппиндіктер мен қы­тай­лар қосылыпты. Оларға чебу­ректеріміздің дәмі қатты ұнайды екен. Сонымен бірге жылқы етін сүйіп жейтіндіктен, моңғолдар да жиі бас сұғады деседі. Ал канада­лықтарға наполеон, пахлава, чак-чак, манты, тұшпара ерекше ұнай­ды екен. Шәріповтің айтуынша, тауар­лар­ды Ресей, Украина және Бела­русьтен алдырады. Әзірге Қазақ­станмен тауар алмасу жағы мүмкін болмай отырғанын айтады. «Алма­тыдан тауар алғымыз келеді. Со­ның ішінде құрт, қымыз, ірімшік, қаймақ, шоколад дегендей. Бірақ бізге жетем дегенше мерзімі өтіп кетеді. Себебі табиғи өнімдер тез бұзылады. Тоңазытқыш құрыл­ғылары бар толыққанды қоймалар қажет. Дегенмен ол үшін қыруар қаражат керек. Әзірге ұлттық бұйымдар арқылы атмосфера жа­сап отырамыз. Мысалы, Арбаттан алынған суреттер, қазақы оюлар, кәдесыйлар бар. Алдағы уақытта Геннадий Головкин, Денис Тен, Димаш Құдайбергеновтің пор­треттерін іліп қойғымыз келеді. Мына жақта патриоттық сезім өте мықты сезіледі», – дейді Санам Мұсаева.

Ж.АҚҚАЙЫР