Канаданың Ванкуверіне жол түсе қалса, Alma-Ata дүкеніне бас сұқпай кетпеңіз. Бұл қай Алматы десеңіз, айтайық. Отандастарымыз Рақым Шәріпов пен Санам Мұсаева екі жылдан бері жылдам тамақтануға арналған мейрамхана ашып, кәсібін жүргізіп келеді. Осылайша, мәдени астананың дәмін жырақта жүріп татуға мүмкіндік туып отыр.
Ерлі-зайыптылар бұрын Алматыда тұрған. Дүкеннің атауын еш саясатсыз, жай ғана қалаға деген ыстық сезіммен қойған. Шет жүрсек, қазы-қарта, жал-жая, қымызды қатты сағынатынымыз рас. Рақым Шәріпов қазақи атмосфераны жасау үшін осы салаға бет бұрғанын айтып отыр. «Алматының аурасын жеткізгіміз келді. Қазақстанның тамағына көбі тамсанады. Мәзірімізде палау, кәуап, қолдан бүгілген тұшпара, түрлі салмасы бар құймақтар, фунчоза, винегрет, дапанжи, самса, чак-чак сынды тамақтар бар», – дейді кафенің иесі. Ванкуверге жақын маңда Порт Кокитлам деген қала бар. Мейрамхана да осы жерде. Рақымның Канадада жүргеніне – 22 жыл. Азаматтық алған. Айтуынша, клиенттерінің дені – орыстілділер. Дүкенге ТМД-ның барлық елінен келеді екен. Соңғы уақытта тамаққа тамсанып, жиі келетіндер қатарына филиппиндіктер мен қытайлар қосылыпты. Оларға чебуректеріміздің дәмі қатты ұнайды екен. Сонымен бірге жылқы етін сүйіп жейтіндіктен, моңғолдар да жиі бас сұғады деседі. Ал канадалықтарға наполеон, пахлава, чак-чак, манты, тұшпара ерекше ұнайды екен. Шәріповтің айтуынша, тауарларды Ресей, Украина және Беларусьтен алдырады. Әзірге Қазақстанмен тауар алмасу жағы мүмкін болмай отырғанын айтады. «Алматыдан тауар алғымыз келеді. Соның ішінде құрт, қымыз, ірімшік, қаймақ, шоколад дегендей. Бірақ бізге жетем дегенше мерзімі өтіп кетеді. Себебі табиғи өнімдер тез бұзылады. Тоңазытқыш құрылғылары бар толыққанды қоймалар қажет. Дегенмен ол үшін қыруар қаражат керек. Әзірге ұлттық бұйымдар арқылы атмосфера жасап отырамыз. Мысалы, Арбаттан алынған суреттер, қазақы оюлар, кәдесыйлар бар. Алдағы уақытта Геннадий Головкин, Денис Тен, Димаш Құдайбергеновтің портреттерін іліп қойғымыз келеді. Мына жақта патриоттық сезім өте мықты сезіледі», – дейді Санам Мұсаева.Ж.АҚҚАЙЫР