Театр, музейге 3D тур жасағыңыз келсе…
Театр, музейге 3D тур жасағыңыз келсе…
178
оқылды

Карантин кезінде біраз қызық жерге бара алмай қалған болсаңыз, қапа бол­маңыз. 39 жастағы Жасұлан Наурызбаев жаңа технология­лардың көмегімен елі­міздегі түрлі нысандар мен ғимарат­тарды цифрландырып жатыр. Бұл жобаға Назарбаев универ­ситеті қолдау білдірген.

3D тур жасауға мүмкіндік бе­ре­тін техно­логияның Қазақстанда дамып келе жатқаны қуанышты жаңалық. Себебі соның көмегімен үйде отырып, ноутбук не смартфон арқылы театр, музейге виртуал сая­хат жасауға болады. Со­нымен қатар құдды мейрамханаға өзіңіз бар­ғандай атмосферасын сезіне аласыз. Жас­ұлан панорамалық суреттер мен виртуал шын­а­йылық­қа бұрыннан құмар бо­лыпты. Айт­қандай, елімізде бұл технологиялар аса да­мымаған. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырып, Қазақстанның түкпір-түкпірін тамашалауға мүмкіндік бергісі келген. Бірақ бұл біз білетін қарапайым 3D тур ғана емес. Мұнда толықтай сол жерге енгендей әсер сыйлай­тын лазерлік көшірме жасалады. Мұндай ауқымды жұмысты жал­ғыз еңсеру оңай болмағандықтан, автор Назарбаев университетінен қолдау сұраған. Бұл жерде оның бетін қақпай, қайта белін буған. «Құрылыс компанияларында істегендіктен, аз тәжірибем бар. Сату бөлімінде көп адам жиналған жерде нысанды таныстыру керек болады. Сондайда фото мен видеоның жеткіліксіз екенін сезетінмін. Сол үшін толық­тай сол жердің аурасын сезінуге мүм­кіндік беретін жол іздедік. Сөйтіп, қажет жабдықтарды жинай бастадық. Ол үшін сканер, сервер, сол материал­ды өңдей алатын сервис керек. Содан кейін осы сервистік бағдар­ламалар арқылы жол тауып, цифр­лы көшірмеге енгізуді қолға ал­дық», – дейді Жасұлан. Жобаның атауы — City360. Осылайша, Назарбаев универ­ситетінің NURIS (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) бизнес-инкубация бағ­дар­ламасының финалисі атанды. Бастаған сәттен бері қазірге дейін түрлі нысанға жүздеген 3D тур жасалған. Олардың ішінде театр, музей, дүкендер мен барбершоптар бар. Мәселен қазір «Астана Опера», Сәкен Сейфуллин му­зейін тама­шалауға болады. Күні кеше Абай атындағы Опера және балет театры мен Дінмұхамед Қонаевтың музей үйін цифрлан­дыру жұмысын аяқтаған.

Қ.ИСМАИЛ