Одақ ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті
Одақ ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті

Қазақстан Президенті Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Онлайн саммитке Қазақстан Президентінен бө­лек,  Жоғары еуразиялық кеңестің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасы президентінің міндетін ат­қарушы Талант Мамытов, Ресей Федерациясының пре­зиденті Владимир Путин, Еуразиялық эко­но­микалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының пре­зиденті Игорь Додон, шақырылған мемлекеттердің бас­шылары есебінде Өзбекстан Республикасының пре­зиденті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының пре­зиденті Мигель Диас-Канель, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төра­ғасы  Михаил Мясникович қатысты. Жиында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттарының пы­сықталған жобасы, ұйым аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау үшін жалпы демпингтік, өтемақы төлеу және арнайы шаралар қолдану тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Өзбекстан мен Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жа­нындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы COVID-19 інде­тінің тез таралуы, шикізат тауарлары бағасының құлдырауы, бүкіл әлемде экономикалық белсенділіктің бірден төмендеуі – осының бәрі одаққа мүше елдердің экономикасына кері әсер еткенін айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми есебіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік ішкі жалпы өнім 4,5 пайызға қысқарады.  Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, бұл көрсеткіш дамушы елдерде 2,5 пайызға құлдырайды. Биыл жан басына шаққандағы кіріс көлемінің 3,6 пайызға төмендеуі – ерекше назар аударатын мәселе. Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі стратегиясының бе­кітілуіне ерекше назар аудару қажет. Биылғы мамырда Президент аталған құжаттың дау туғызатын кейбір тұстары бар екенін ескере отырып, стратегия жобасын әлі де жан-жақты пысықтау қажеттігі туралы ескерту айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұстанымына қолдау көрсеткені үшін барлық әріптестеріне, мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді. 2021 жылдан бастап Еуразиялық эко­номикалық одақтың жарғылық ор­гандарына төрағалық ету міндеті Бела­русьтен Қазақстанға өтеді. Мемлекеттер басшылары еліміздің төрағалығының негізгі басым­дықтарын атады. Бұл  – Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартты толыққанды іске асыру, ке­дер­гілерді реттеу, өзара тиімді іс-қимылдарды және халықаралық ын­тымақтастықты дамыту, комиссияның кадрлық құрамын жасақтау жөніндегі рәсімдерді жетілдіру және оның функ­ционалдығы мен жауап­кершілігін күшейту. Қазақстан Президенті сөзінің соңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара күш біріктіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізетініне және еуразиялық интеграцияның мүлде жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіріп, Президенттерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.