Қазақстан Президенті Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Онлайн саммитке Қазақстан Президентінен бөлек, Жоғары еуразиялық кеңестің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасы президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, шақырылған мемлекеттердің басшылары есебінде Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының президенті Мигель Диас-Канель, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты. Жиында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттарының пысықталған жобасы, ұйым аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау үшін жалпы демпингтік, өтемақы төлеу және арнайы шаралар қолдану тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Өзбекстан мен Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы COVID-19 індетінің тез таралуы, шикізат тауарлары бағасының құлдырауы, бүкіл әлемде экономикалық белсенділіктің бірден төмендеуі – осының бәрі одаққа мүше елдердің экономикасына кері әсер еткенін айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми есебіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік ішкі жалпы өнім 4,5 пайызға қысқарады. Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, бұл көрсеткіш дамушы елдерде 2,5 пайызға құлдырайды. Биыл жан басына шаққандағы кіріс көлемінің 3,6 пайызға төмендеуі – ерекше назар аударатын мәселе. Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі стратегиясының бекітілуіне ерекше назар аудару қажет. Биылғы мамырда Президент аталған құжаттың дау туғызатын кейбір тұстары бар екенін ескере отырып, стратегия жобасын әлі де жан-жақты пысықтау қажеттігі туралы ескерту айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұстанымына қолдау көрсеткені үшін барлық әріптестеріне, мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді. 2021 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жарғылық органдарына төрағалық ету міндеті Беларусьтен Қазақстанға өтеді. Мемлекеттер басшылары еліміздің төрағалығының негізгі басымдықтарын атады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты толыққанды іске асыру, кедергілерді реттеу, өзара тиімді іс-қимылдарды және халықаралық ынтымақтастықты дамыту, комиссияның кадрлық құрамын жасақтау жөніндегі рәсімдерді жетілдіру және оның функционалдығы мен жауапкершілігін күшейту. Қазақстан Президенті сөзінің соңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара күш біріктіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізетініне және еуразиялық интеграцияның мүлде жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіріп, Президенттерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.