Кейінгі 3 жылда елімізде интернет-алаяқтық үш есе өсіп отыр. 2018 жылы мұндай 4 000 қылмыс анықталған болса, 2019 жылы – 8 000, ал биылғы 11 айда ақпараттық жүйелердің пайдаланушыларына қатысты 12 013 дерек тіркеліпті. Оның ішінде нақты жасалған қылмыс саны – 10 136. Бұл – ай сайын осындай 1 000-ға жуық қылмыс жасалады деген сөз. Интернет-алаяқтықтың бір түрі – жалған аккаунттар арқылы жасалатын қылмыстар.
Қатты сыйлайтын апам еді...
Ақтауда сары базарда бутигі бар Гүлмира есімді келіншек Instagram парақшасынан хабарласқан, қатты сыйлайтын Нұрия есімді апасының «Шұғыл ақша керек боп тұр еді. Бере аласың ба? Кешке хабарласып, барлық мән-жайды айтып беремін» деген хабарламасын оқығанда таңданысын жасыра алмапты. Бірақ күдіктен бұрын көмегім тисе деген тілегі ілгері жетелеп, сол күйі жүз мыңға жуық теңгесін аударып жіберген. Ал кешкісін хабарласқан апасы бұл жайдан бейхабар болып шыққан. «Маған көп шарапаты тиген, қатты сыйлайтын апайым еді. Талай Түркияда қалып қойған тауарымды алдыртуға, салық қағаздарын толтыруға, айналымға ақша қосуға көмегі тиді. Өзімді сол кісінің алдында қарызбын деп жүретінмін. Өзі ауқатты тұратын адамның менен ақша сұрағанына алғашында тосырқап қалдым. Бірақ жақсылығын өтейтін сәті түсті-ау деген қуаныш болды. Содан 500 мың теңге сұрады. Менде ондай ақша қапелімде қайдан болсын? Қайта кімнен алып берсем екен деп ойлап, ешкімнен сұрамағаным жақсы болыпты», – дейді ол. Кейін мұқият қараса, жалған «апасының» «сөйлеу» стилінде де өзгешелік бар екен. Өйткені шын апасы оған «жаным» деп айтпайтын. Бірақ «шығасыға иесі басшы» деген осы да. Нұрияның өзі де бұл хабарды естігенде төбесінен жай түскендей болыпты. Өйткені одан кейін де оған осындай жағдаймен бес-алты адам хабарласқан. «Қалай болғанда да әккі алаяқтар болып тұр. Тура менің парақшамды көшіріп жасаған. Суреттерім де бейнежазбаларым да сол күйі тұр. Тек атауында бір нүктені елеусіз етіп артық қойыпты. Әуелі ақша сұраған адамдарының парақшасына кіріп лайк басқан. Сөйтіп ақша сұрап, алған соң оларды бұғатқа салып тастаған. Мен өз аккаунтымнан хабарласып, дүрсе қойып ұрысқан едім. Соным дұрыс болмапты. Көп ұзамай «жалған аккаунтты» жауып тастады. Парақшаны жойып жіберді. Ізін таба алмай қалдық», – дейді ол. Ай мен күннің аманында ақшасынан айырылғандар ешқандай дәлел келтіре алмайтын болған соң полицияға хабарласқанды жөн көрмеген. Ізі суып кеткен интернет-алаяқтарға кеткен ақшасын «садақа» деп атаған. Елімізде аңғалдығынан алданып қалғанын айтуға ұялып, «болған іске болаттай» беріктік танытып, «жылы жауып» қоя салғандар қаншама.Бот пен бизнес
Жалған аккаунттарды әлеуметтік желінің барлық түрінен және мессенджерлерден де кездестіруге болады. Олар Instagram, Facebook, Вконтакте, Тик-Ток, YouTube, Телеграмм, WhatsApp және тағы басқа байланыс қосымшаларының бәрінде бар. Тіпті, көптеген адам бүгінде күнделікті пайдаланып жүрген аккаунтына да шын аты-жөндерін жазбайды. Ол әркімнің өз еркі. Сондықтан да «жалған аккаунт» деген ұғымның өзі кең ауқымды қамтиды. Мұндағы ең бірінші мәселе – оларды ашудағы мақсатта. «Аңдуды мақсат тұтатындар бар. Жас жігіт бір қыздың парақшасына жалған есіммен тіркеледі де, жасырын зерттеу жүргізіп, онымен танысудың жолын іздейді. Махаббаттан бөлек бұл мақсаттың детективті сипаты да болуы мүмкін. Саяси мақсат бар. Бір жаңалыққа немесе постқа жағымды немесе жағымсыз коммент қалдыру керек. Бір адам бірнеше аккаунт ашып, іске кіріседі. Оны бот деп атайтынын білесіздер. Ондаған адамның басын қосып, бұл жұмысты атқаратын команда болады. Оларды ботоферма дейді. Тағы бір мақсат - бизнес. Бұл жерде де ботофермалар көмекке келеді. Мәселен, жалған оқырман санын көтеру үшін жазылушылар санына мыңдаған ботты қосып беретін арнайы сервистер бар. Танымалдығын арттыруға ұмтылатындар осы қызметке көп жүгінеді. Өйткені олардың түпкі көздегені – атағын малданып табыс табу. Бұлардың барлығына да белгілі бір дәрежеге дейін жұмыс істеуіне рұқсат. Ең бастысы, әрекеттерінде қылмыстық құрам болмау қажет», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаменті Кибер қылмыстарға қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлібек Оразалы. Адамдар негізі жасырынғаннан көрі танымалдыққа құштар. Өзін-өзі көрсетіп, қандай да болмасын бір қырларымен өзгелерді мойындатқысы келіп тұрады. Аккаунтты да ең бірінші кезекте сыртқы әлеммен байланыста болу үшін және танымал болу үшін ашады. Бұл жерде қанша аккаунт ашамын десе де, әркімнің өз еркі. Бүгінгі байланыс ахуалы оған тыйым салмайды. Бірақ біреудің шын аккаунтын пайдаланып кететін қаскүнемдер де баршылық. Оның бір мысалын біз жоғарыда келтіріп өттік.Тролль мен тілдеу
Құпия қалатынына масаттанып, тілін безеп, әркімді бір қажап отыратындар болады. Оларды тролль дейді. Яки, егер де сіз саяси көзқарасыңызды немесе жеке ой-пікіріңізді айтуға жасқансаңыз, жалған аккаунттар арқылы жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Бірақ түптің түбінде ол сөздеріңіз белгілі бір адамның ар-намысына нұқсан келтіруі мүмкін. Тіпті, елдегі саяси ахуалға теріс ықпалын тигізуі ықтимал. Сол себептен де тіл тигізу, соның ішінде ғаламтор арқылы да тіл тигізу, қылмыстық жазаға әкеледі. Арыз түскен жағдайда жалған аккаунт иесін табудың күрделілігі әлеуметтік желінің домені орналасқан елге байланысты әртүрлі болып келеді. Оны анықтаудың техникалық мүмкіндігі елімізде жеткілікті. «Instagram, Facebook, WhatsApp – сияқты қосымшалардың бас кеңсесі мұхиттың арғы жағындағы Америкада, Телеграм, ВКонтакте, mail.ru – Ресейде. Осы реттен келгенде ресейлік доменге тіркелген аккаунттарды анықтау оңайырақ болатыны түсінікті болар. Сондықтан да мұндағы істердің созылып кетуі негізсіз емес. Ерте ме, кеш пе, құқыққа қайшы әрекет еткен «жалған аккаунт» иелерінің ұсталатынына күмәніңіз болмасын», – дейді компьютерлік бағдарламалау саласының маманы Абылайхан Мұратұлы. Қылмыстық кодекстің 131-бабының 1-тарауы бойынша қаралатын мұндай тіл тигізу дерегінің жазасы 200 АЕК түрінде айыппұл, не осы көлемде түзеу жұмыстары, не 180 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жазалар қарастырылған. Мұндай интернетте тіл тигізу дерегі биыл сап тыйылғанға ұқсайды. Жыл басынан бері мұндай бір де бір іс тіркелмеген. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын бұл бап бойынша 89 адам сотталып, 857 адамға рақымшылық жасалған болатын. Бұл іс сотта қаралатын дербес сипаттағы істер қатарына кіреді. Яки, дәлелдерді жинау, зерттеу және өзге де процестік іс-әрекеттерді тікелей сот қарайды.Нұрлан ҚОСАЙ