Өкпені қара түтінге толтыра береміз бе?
Өкпені қара түтінге толтыра береміз бе?
136
оқылды

Жыл сайын елімізде 4 мыңға жуық адам өкпенің қатерлі ісігі дертіне шал­ды­ғады. Мұның себебі бірінші кезекте темекі шегу десек те, кейінгі себеп – экология. Бір адамды өкпе дертінен емдеу үшін бюджеттен 27 млн теңге жұмсалады. Одан бөлек, тыныс алу жолдары ауру­ларынан бір жыл ішінде мыңға жуық адам қайтыс болады. 2016 жылғы дерек бойынша, Өскеменде 177 адам аталған аурудан көз жұмған. Ал «Қазгидромет» РМК жария­лаған рейтингке мән берсек, бұл қала ластану көрсеткіші бойынша 2-орында тұр.

Еліміздегі ең лас қала

«Қазгидромет» РМК осыдан бір жыл бұрын атмосфералық ауа сапасының мониторингін шығару үшін интерактивті карта түзді. Онда қала мен өңірдегі ауаның ластану көрсеткіші жарияланады. Орталық еліміз бойынша 140 экологиялық бекеттен хабар жинайды. Мысалы, 1-7 желтоқсан аралығында жүр­гізген зерттеу Нұр-Сұлтан, Өске­мен, Алматы және Қарағанды қаласында ауаның лас екенін көр­сеткен. Тар­қатып жазсақ, Нұр-Сұл­танда 973 дерек тіркелген. Мысалы, қаладағы Ақжол (ЖЭО), Көктал-1, «Шапағат» коммуналды базарының аумағы ластанған. Ал Өскеменде 786 дерек тіркеліп, Лев Толстой көшесі, Шәкәрім даңғылы, Қ.Қай­сенов көшесі мен Сәтбаев даңғылы жағдайының мәз емесін білдік. Ал­маты қаласына келсек, ауа ласта­нуы бойынша 726 дерек бар. Айта кетерлігі, төтенше жағдай жария­ланған тұста Алматыда ауа­ның ластану көрсеткіші 5-тен 2-ге түс­кен екен. Бірақ шаһарда тіршілік қайта «жандағанда» көрсеткіш қаз-қал­пына түскен. Дәлірек жазсақ, М. Ты­нышпаев көшесі Әл-Фараби даңғылы мен Науаи көшесінің қиылысы, «Орбита» ықшамау­да­нының ауасы лас. Қазір қалада эко­логиялық жағдайды қалыпқа келтіру үшін бірнеше жұмыс жүріп жатыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын кем дегенде 250 мың тонна қауіпті химиялық заттар теміржол арқылы тасымалданады. Төтенше жағдайлар департаменті таратқан дерек бойынша, алда-жалда темір­жолда жарылыс орын алса, одан 30 мыңға жуық адам жапа шегеді. Сон­дықтан жүк тасымалы үшін айналма жол салу тығырықтан шы­ғар жол болмақ. Осындайда БҰҰ қолдауымен бекіген Париж келісімі еске түседі. 193 мемлекет, оның ішінде Қазақ­стан жаһандық жылынудың ал­дын алу үшін келісімге қол қой­ған. Мін­дет – әлемдік тем­пература көрсет­кішін 20С-та ұстап тұру. Реті келсе, 1,50С түсіру. Еліміздегі Recycle эко­қозға­лысының бел­сенділері, нәти­жеге жету үшін Қа­зақстан тара­пының міндеттерін атап көрсеткен. «Еліміз 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының СО2 шы­ғарылымын 45%-ға қысқартып, 2050 жылы нөлдік шығарылымға жеткізуі керек. «1,50С-қа жаһандық жылыну туралы баяндамада» бұл нәтижеге іс жүзінде қол жеткізуге болатыны жазылған. Бірақ біз ол үшін өмір сүру салтымызды өз­гертуіміз қажет. Электр энерге­тикасы мен көлік жүйемізді қайта қарау керек. Өкінішке қарай, парниктік газ шығарылымының өсімі жалғасып жатыр. Бұл діттеген нәтижеге жетуге кедергі болады»,– дейді олар. Ал Париж келісімі бойынша шараларға тоқталсақ, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көлік­тердің электрлі автобустарға ауы­сып жатқанын байқаған боларсыз. Мұндай көліктерге әлем назарын аударып отыр. Өйткені көлік құ­рал­дары атмосфераның ласта­нуына кінәлілердің бірі. Аталған көлік түрі экологиялық таза құ­рылғылардың қатарына кіреді. Мысалы, елордада 100 электробус бар. Haliqnews-тің дерегінше, оларды 2019 жылы 17,94 млрд теңгеге сатып алған. Демек, бір электробустың құны – 146,7 млн теңге. Осындай көліктер Скан­динавия, Ұлыбритания, Қытай, Ресей мен Беларусьте қолданыста жүр.

Электр жарығының зияны бар

Кішкентай әрекеттің бүкіл әлемді өзгертетін қауқары бар. Қа­лай дейсіз бе? Мысалы, қалдық­тарды өңдеп, ыңғайы келсе, жаяу жүріп, электр құралдарын уақы­тылы өшіріп жүру қажет. Бұл – біздің емес, табиғат жанашыр­ларының жанай­қайы. Кәдімгі жарықтың табиғатты ластайтыны тағы бар. Сол үшін экологтер ыңғайы келсе, жарықты өшіріп жүру керегін айтады. Мы­салы, құрлықтың төрттен бір бөлігі жарықтың кесірінен жапа шегіп отыр. Halyqnews-тің дерегінше, әлем тұрғындарының 80%-ға жуы­ғы ластанған аймақта тұрады. Мысалы, пластмасса немесе қазба отынды жағу қандай зиян болса, жарық әсерінен болатын ластану осыған шамалас. Әртүрлі зерттеу аталған ластану түрі жәндіктердің жойы­луына әкелетінін көрсеткен. Ша­мадан тыс жарық адам денсау­лығына, жабайы табиғатқа кері әсер етеді. Дүниежүзілік түнгі аспан жарығының атласы жайлы естуіңіз бар ма? 2016 жылы ғалымдар жа­рық­тың ғаламдық проблема екенін жариялау үшін Жер ғалам­шарының түнде қалай жарқы­райтынын картаға түсірді. Мәселен, Гонконг көше­лерінде түнде алаңсыз жүруге бо­лады. Себебі ол әлемдегі ең жарық қала. Зерттеу бойынша, қаланың түнгі жарығы Вена мен Берлинге қарағанда 100-200 есе жоғары. Одан кейін Лас-Вегас, Токио, Сеул мен Нью-Йоркте шам­дар самаладай жарқырайды. Ал шамадан тыс жарық түнгі аспандағы жұлдыздарды тұмшалайды. Үй ішіндегі жарық болса, ағзада ұйқы гармонының бөлінуіне кедергі жасап, мұның соңы стреске, бас ауруы мен әлсіздікке әкеліп соғады.

Black Friday дейміз-ау...

Еуропа елдерінің ішінде ауасы қатты ластанған қала – Лондон. Одан кейінгі орында Бухарест пен Берлин бар. Мәлімет бойынша, ауаның ластануы Еуропада жыл сайын 480 мың, Францияда 48 мың мезгілсіз өлімге себеп болады. Ат­мос­фераның ластануы аталған ел­дерге бірнеше миллион еуро шығын әкеледі. Сондықтан олар ауаны ластауға, экологияға зияны тиеді-ау деген заттарға барынша тыйым салып жатыр. Мәселен, Black Friday-ді күн санап күтетіндер бар. Яғни, бұл – жаппай сатылым күні. Сондықтан жұрт керегі бар, керегі емесі бар, арзан деп зат сатып алуға құмар. Ал сіз бен біз жасаған сауда ғаламшарды «қара құрсауға» алатынын ойлап көрдіңіз бе? Мы­салы, онлайн сауда жасап, жеткізу қызметінің барына риза боламыз. Бірақ тауар алыс жерге жеткізілген сайын атмосфе­раға СО2 газы бө­лінеді. Оған қоса, сапасыз тауар қоқыс жәшігіне кететіні тағы бар. Өлшемі дұрыс келмей, тауарды кері қайтарсаңыз, тағы да көмірқышқыл газының таралуына жағдай жасай­сыз. Қап­тамалардың метан, диок­син, фуран бөлетінін еске түсір­сек, жағдай одан бетер қиындайды. Сол үшін кейбір брендтер Black Friday күнін елемеуге көшкен. Фран­цияда «Жұманы қайтадан жасыл қылайық» акциясы барын біреу білсе, біреу білмес. Биыл аталған акцияға 720 бренд қосылып, тұтынушыларды жаппай сатылым кезінде ештеңе сатып алмауға ша­қырған. Recycle экоқозға­лысы­ның белсенділері әлемде Black Friday-де жұмысын тоқтататын дүкендердің барын атады. Олардың айтуынша, REL компаниясы 6 жыл қатарынан аталған күні уақытша жұмысын тоқтатып, 1 200 қызметкеріне де­малыс ақысын төлейді. Ал Luft брен­ді ұлттық парктермен бірігіп, адамдарға саябаққа кіруге жеңілдік ұсынады. Бұған Anya Hinemarch, Veja The Vintage Ring Company, Deciem сияқты бірнеше бренд қатысқан. Оған қоса, кейбір дүкендер Black Friday күні заттар­дың бағасын қымбаттатып, одан түскен қаржыны қайы­рым­дылыққа жұм­сауды қолға алған. Иә, әлем ғаламшарды құт­қарудың қамына кірісті. Өйткені адамзат қазіргідей тіршілік кешуді жалғастыра берсе, 2050 жылға қарай бізге 3 ғаламшардың ресурсы қажет болады. Сондықтан эко­логтер, белсенділер «өзгеруді әркім өзінен бастау керегін» айтып, дабыл қағып жатыр.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ