Көлік полицейлері еліміздегі теміржол және әуе көлігіндегі нысандарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мұндағы жолаушылар нөпірінің қаншалықты көп екені айтпаса да түсінікті. Бүгін бізге ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Абзал Жұматаев жеке құрамды сапа жағынан да, сан жағынан да нығайта түсу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді.
– Абзал Ғабдуллаұлы, өзінің Жолдауында Қазақстан Президенті ішкі істер органдарының приоритетті бағыттарын нақты түрде көрсетіп берді. Ендеше қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында құқық қорғау органдары қызметкерлерін адамдармен ашық диалог құруға үйретудің маңызын ерекше атап өтті. Ендеше, бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде де приоритетті болып қалуы тиіс. Бүгінде біздің жұмысымыз ел Президенті қойған осы міндеттерді орындауға бағытталған. Ол дегеніміз – полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсарту, ішкі істер органдарына кандидаттарды сынақтан өткізудің арнайы жүйесін енгізу, сол арқылы үміткерлердің жеке басын және кәсіби машығын тексеру.
Құқық қорғау органдарына қызметке тұру қашанда конкурстық негізде жүзеге асырылады. Барлық кандидат Қазақстан заңнамасын білу деңгейіне сынақ тапсырады. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері бойынша өкілетті органда олардың жеке қабілеттері бағаланады. Тесттен сәтті өткен және жеке басының қабілеттеріне баға берілген соң кандидат әскери-дәрігерлік комиссияға жолданады. Онда қызметке жарамдылығы анықталады. Одан соң қызметке жарады деп танылған үміткер бос жұмыс орнын иеленуі үшін конкурсқа қатысады. Конкурс келесідей кезеңдерден тұрады. Олар – дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтер тапсыру және кандидатпен әңгімелесу. Конкурстық комиссияның оң нәтижесін алған кандидат бастапқы оқу курсына жіберілгенге дейін тәжірибеден өтеді.
– Кандидаттарға қандай талап қойылады?
– Ішкі істер органдары өкілдеріне қойылатын талап әрқашанда жоғары. Полицияға қызметке тұратын кандидаттардан ең бірінші кезекте денсаулығының мықтылығы, дене шынықтыру дайындығы, экстремалды жағдайларда психикалық төзімділігі талап етіледі. Сондай-ақ кандидаттың жасы 35 жастан аспауы керек. Олар мерзімді әскери қызметтен немесе Қорғаныс министрлігінің әскери-оқыту резервін дайындау бойынша арнайы мекемелерінде әскери дайындықтан өткен болуы тиіс. Сондай-ақ Қазақстан заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыртудан босатылған әлде кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады. Жыл басынан бері біздің департаментте қызметке алынатын кандидаттарды іріктеу сапасын жақсарту үшін бос жұмыс орындарына алты конкурс өткізілді. Оған сырттан бақылаушылар қатысты. Жарияланған конкурстар 164 кандидат қатысты. Солардың ішінде конкурстан өтіп, әртүрлі қызметте тағылымдамадан өтетіндер саны – 121 адам.
– Қызметке қабылданғандар қандай дайындықтан өтеді?
– Құқық қорғау органдарындағы қатардағы, кіші және орта басшылық құрамдағы лауазымдарға бірінші рет кіріскелі отырған кандидаттар Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіби дайындықтан өтеді. Бастапқы кәсіби дайындық құқық қорғау органының қызмет бағытына байланысты оқу бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Олар – әкімшілік полиция, тергеу-криминалдық және жедел-іздестіру құрылымдары.
– Жеке құрамның әскери-қызметтік дайындық деңгейін жетілдіру туралы айтып беріңізші?
– Біздің азаматтарымыздың өмірі мен қауіпсіздігі ең бірінші кезекте полиция қызметкерлеріне байланысты екенін атап өту керек. Ал полиция қызметкерлерінің қызметі әрқашанда олардың өмірі мен денсаулығына деген қауіп-қатерден тұрады. Сондықтан да тек қана дене шынықтыру дайындығы мықты адамдар ғана қылмысқа қарсы тұра алмақ. Өйткені қылмыскерлерді ұстау кезінде қоян-қолтық айқастың тәсілдерін біліп қана қоймай әртүрлі қару түрінен дәлдеп ата білу де қажет. Сондай-ақ бұл жерде дене шынықтыру дайындығы да жоғары болуы тиіс. Міне, дәл осы мақсатта біздің ішкі істер органдарының кадрлар даярлау жүйесінде жеке құрамының әскери және дене шынықтыру дайындығына үлкен көңіл бөлінеді. Ал жедел қызметтік жұмысқа бейімделу үшін кәсіби дайындықты ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Естеріңізде болса, осыдан 4 жыл бұрын Ішкі істер министрлігінің құрылымында, сондай-ақ Көліктегі полиция департаменттерінің құрамында арнайы дайындық бөлімшелері құрылған болатын. Бүгінгі таңда аталған бөлімше қызметкерлердің тактикалық арнайы дене шынықтыру және оқ ату дайындықтарын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізеді. Олар құқыққа қайшы келмейтін және нәтижесі жоғары іс-әрекеттерді орындай отыра, әскери-қызметтік міндеттерді үлкен жетістікпен атқарып шығуға, соның ішінде дағдарысты жағдайларда арнайы операцияларды жоғары деңгейде орындауға машықтандыратын жұмыстарды жүзеге асырады.
– Бүгінде ішкі істер органдарының негізгі міндеттерінің бірі – полицияға деген халық сенімін арттыру. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүруде?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялағандай, «еститін мемлекет» формуласы, ол – тиімділігі жоғары мемлекеттілікті дамытудың ажырамас бағдары. Бұл дегеніміз – мемлекет азаматтарының барлық сұранысына жедел және конструктивті түрде ден қою қажеттігін білдіреді. Шындығында да азаматтардың сұранысына уақытылы ден қою, яки шешім қабылдауға қоғамның да жұмылдырылуы, мемлекеттің ашық екенін білдіреді және оны мықты ете түседі. Сондықтан да халықтың полицияға деген сенімі біздің қызметкерлердің кәсібилігімен тікелей байланысты екендігін атап өткім келеді. Олардың өзінің міндеттерін бұлжытпай орындауы, мұқияттылығы және адамдарға деген тілекші ықыласы осыны айғақтайды.
Біздің департаментте тұрақты түрде «Жол үстінде кездесу» атты акция өтіп тұрады. Бұл жол жүріп бара жатқан жолаушылармен пойыз вагондарында өтетін кездесулер. Сондай-ақ мұндай кездесулерді біз теміржол ұйымдары мен әуе тасымалы қызметін көрсететін кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен де өткіземіз. Күнделікті қызмет бойынша туындайтын ұсыныстар мен сұрақтарды талқылап, оларды шешу үшін шаралар қабылдаймыз.
Полиция қызметін бағалау критерийінің бірі қоғамдық пікір екені белгілі. Сондықтан да көлік полициясының ақпараттық тұрғыдан ашық бола түсуіне бүгінгі таңда интернет ресурстарының да үлесі зор болып отыр. Біздің департаменттің қызметі туралы азаматтар әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы да таныса алады және осы байланыс арқылы біздерге хат және ұсыныстары болса электронды түрде жолдай алады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ҚОСАЙ