10 желтоқсанда Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен Қызылорда облысының бұрынғы әкімінің қылмысы расталып, 7 жылға сотталды. Оған жазасын орташа қауіпсіз колонияда өтеп, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.
Сондай-ақ оның орынбасарлары М.Имандосов пен М.Делмұханов 6 жылға, облыстың бұрынғы әкімінің туысы А. Досмаилов пен облыстың бұрынғы әкімінің сенімді тұлғасы Ж. Ысқақов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қызылорда облысының мемлекеттік қызметшілерінің біркүндік жалақысын аудару есебінен жиналған және Арыс қаласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған «Сыр Мейірімі» қорының ақшалай қаражатын жымқырды деген айып тағылған еді. Экс-әкім енді мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда және қаржылық капиталында мемлекет үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып саналатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретін акцияларының қатысу үлестерінің 50 пайыздан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының қатысу үлесінің 50 пайыздан астамы аталған еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Жоғарыда аталған 5 сотталушыдан басқа 4 кәсіпкер мен Қызылорда облысы Құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы қылмыстық іске тартылды. Өз істеріне өкінетіндіктен, оларға байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы