Спорттағы нәсілшілдік
Спорттағы нәсілшілдік
160
оқылды

Чемпиондар лигасының топтық ке­зеңі­нің 6-турындағы шешуші ойындар ая­сын­да өткен ПСЖ мен «Стамбұл Башак­шехир» командалары арасындағы матч даулы оқиғаға байланысты тоқтатылды. Кейін бұл жағдайға қапталдағы төре­ші­лердің бірі кінәлі екені анықталды. Себас­тьян Колцеску «Стамбұл Башакшехир» жаттық­тырушысының көмекшісі, каме­рундық Пьер Вебоны «қара жігіт», яғни negro деп атап, сынның астында қалды. Нәти­жесінде, екі команданың ойын­шылары алаңнан кетіп, матчты жалғас­тырудан бас тартты.

Оқиға матчтың басында бол­ды. Ойын барысында алаң иелерінің ереже бұзғанын байқаған түрік командасындағы бас жат­тықтырушының көмекшісі наразылығын білдіреді. Алайда қапталдағы төреші маманның нәсіліне тиісіп, оны алаңнан қуады. Бұл жағдай Вебоның ғана емес, оның әріптестерінің де ашуын туғызды. Соның кесірінен дау туындайды. Аталған жағдайға байланысты УЕФА да түсініктеме берді. – УЕФА Чемпиондар лигасының бүгінгі ПСЖ мен «Стамбұл Башакшехир» арасындағы ойында не болғанынан хабардар. Біз мұқият тергеу жүргіземіз. Футболдың барлық түрінде нәсілшілдік пен кемсітуге жол жоқ, – деп жазды УЕФА-ның баспасөз қызметі. Кейін матчтағы Пьер Вебоға берілген қызыл қағаз күшін жойды. Ал румыниялық төреші Себастьян Колцеску журналистерге матч барысында айтқан сөздерін түсіндіруге тырысып бақты. Бір қызығы, бұл оқиғадан соң түрік хакерлері румыниялық төрешінің ак­каунтын бұзып алған. Хакерлер «аккаунт бұзылды» деп жазып, жанына «Нәсілшілдікке жол жоқ» хэштегін қосқан. Ал ертесіне матч тоқтаған тұсынан, яғни 13-минуттан бастап қайта ойнатылды. Онда жаңа төрешілер тобы төрелік етті. Ойындары үнемі No to racism деп бас­талатын Чемпиондар лигасында көпшілікті елең еткізген оқиғаға қатысты шешім әлі шыққан жоқ. Жақын уақытта УЕФА шешімін жариялайды. Жалпы, мұндай оқиғалар спортта бір емес, бірнеше рет болған. Нәсілшілдік кемсітушілікпен күрес сол себепті әлем ел­дерінде басты орында тұр. Спорт журналисі Әділ Саптаев біздің елде нәсілшілдік кемсіту­шіліктің болғанын бұған дейін естімегенін айтты. – Осы уақытқа дейін Қазақстан бірін­шілігінде доп тебетін өзге ұлттардың ұлтына не түріне қатысты айтылған бірде-бір шағымды естіген де, оқыған да жоқпын. Қара нәсілді футболшылардың ешқайсысы да сұхбат барысында кемсітушілік жөнінде айтпаған. Олардың арасында Джуниор Кабананга, Жерар Гоу, Абдуллай Диакате, Мамуту Кулибали және өзге футболшылар бар. Себебі олар біздің елде ондай жағдайға кезікпеген. Яғни, елімізде өздерін комфорт сезінеді. Соған қарағанда, Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне көзқарас, құрмет ерекше деп айта аламын.  Бұл бір жағы көпұлтты мемлекет болғанымыздан да шығар. Жалпы, расизммен күресер бұрын алдымен әр адам өзімен күресуі керек, – дейді ол. Ал Еуропа елдерінде расизммен күрес сонау ерте кезеңнен бері жүргізіліп келеді. Спортты нәсілшілдіктен «тазартуға» полиция, спорт саласындағы басшылар, соттар, клуб мүшелері және фанаттар бірлесе үлес қосуда. ФИФА президенті де бірінші кезекте футбол ассоциацияларын футболдағы нәсілшілдікті түбегейлі жоятын тиімді тәсіл ойлап табуға шақырды. Осыдан соң көп елдерден футбол матчтары кезінде нәсілшілдік іс-әрекетімен танылып, кінәлі саналған адамдарды стадионға өмір бойы кіргізбеу туралы үкім шығарылды. Бір ғана мысал, Англия – спорттағы нәсілшілдік пен тобырдың басбұзарлығын түбірімен жою жолында қыруар шаруа тындыр­ған елдердің бірі. Бұл елде нәсілшілдікке бой алдырғандарға қолданылатын жаза түрі де қатал. Заң бұзғандар өмір бойы стадиондарға кіру құқығынан айырылып қана қоймай, қылмыстық жауапқа да тартылады. Тіпті, Англияда қоғамдық деңгейде нәсілшілдікке қар­сы мекемелер мен қайырымдылық ұйым­дары құрылған. Нәтижелі жұмыстың арқа­сында уақыт өте келе олар көптеген спорт жан­күйерлерінің ұстанымдарын өзгерте алды. Енді спорттағы нәсілшілдік кемсітушілікке қатысты бірқатар оқиғаларды, олардың немен аяқтал­ғанын баяндайық. Бұл ретте, ағылшын­дық клубтар мен құрама командасында өнер көрсететін қара нәсілді футболшылардың да кемсітушілік көргенін айтпасқа болмайды. Кезінде Англияның «Манчестер Сити» футбол клубы «23 қазанда «Химки» стадионында өткен матчта біздің ойыншыларды маймылға теңеген дауыстар естідік» деп шағым түсіргеннен соң УЕФА басшылығы Ресейдің «ЦСКА» клубына санкция салды. Бұдан бөлек, 2020 жылы өтетін Еуропа чем­пионатына іріктеу матчы кезінде де Бол­гария құрамасының жанкүйерлері ағылшын ойыншыларына нәсілшілдік сипатта тіл тигізді. Кемсітушілікке шыдамаған Англия құрамасының дебютанты Тайрон Мингс «Лев­ски» стадионының әр тұсынан өзі мен коман­далас жолдастарының ар-намысына тиетін сөздер айтылып жатқаны жайлы төрешіге ша­ғым­данады. Болгария командасының жан­күйерлері матч кезінде адамды қорлайтын иш­арат көрсеткен, оның ішінде ұлтшылдық пи­ғылды білдіретін белгілер де болған. Ойын­нан соң УЕФА тарапынан аталған елдің футбол федерациясына сөгіс жарияланды. Осы жағ­дай­дан кейін Болгария футбол ассо­циациясының басшысы Борислав Михайлов қызметінен босату туралы өтініш жазды. Швейцариялық футболшы Мишель Морганелланың да Twitter-дегі нәсілшілдік пікірі үшін Олимпиададан қуылғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол Оңтүстік Корея халқына тіл тигізгені үшін айыпты болды. Швейцария мен Оңтүстік Корея арасында өткен олимпиадалық футбол турнирінде 1:2 есебімен жеңіліс тапқан соң швейцарлық спортшы шағын блогында қарсыластарын «моңғолдар тобыры» деп атаған. Онысымен қоймай «Барыңдар да өздеріңді өртеп жібер­іңдер» деп жазған. Арада бірнеше сағат өткен соң Морганелла жазбасына байланысты ке­шірім сұрады. Ол мұны қызбалыққа салын­уымен түсіндіреді. Бірақ оған дейін спортшы аккредитациядан айырылып, шағын блогы өшірілді. Расизммен күрес теннис әлемінде де жоқ емес. 2016 жылы ресейлік теннисші Даниил Медведевтің Джорджия штатының Саванна қаласында өткен Challenger Series турнирінде нәсілшілдік әрекеті үшін дисквали­фик­а­цияланғаны бар. Жарыста ол төрешіні кемсіткен. Жапондық танымал теннисші Наоми Осака да нәсілдік дискриминацияға қарсы қоғамдық әрекеттерімен бірнеше рет көзге түсіп жүр. Тіпті, ол белсенділігі үшін алғысхатпен де марапатталған. Жапондық спортшы бір кездері америкалық спорт­шылардың наразылық толқынын көтере отырып, АҚШ-тағы жарыстардың біріне қатыс­удан бас тартты. Кейін турнир ұйым­дастырушыларының ықпалымен жарысқа қа­тыс­уға келісіп, ол сында нәсілшілдік құрбан­дарының аты жазылған бірнеше маскамен өнер көрсетті. Осы тақылеттес оқиғалар нәсілшілдікпен күреске әлем елдерінің де, спортшылардың да қаншалықты күш салып жатқанын көрсетеді. Кез келген спорт түрінде «Нәсілшілдікке қарсымыз» ортақ ұраны көптің көкейінде сай­рап тұрғанымен, іске келгенде әлемдік өзекті мәселеге қарсы тұру бірінші кезекте жалқының жұмысы. Қорыта айтқанда, «Расизмге жол жоқ» спорттық қағидасы жалаң ұранға ай­налмауы керек.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ