Қазақстанда келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің айлығы өседі. Бұл үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 95 миллиард теңге қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерінің жалақысы көтеріледі Атап айтқанда, стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (күндізгі бөлімшелер, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы көбеймек.
"Нәтижесінде, 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,75 есе, ал 2023 жылы 2 есе өседі", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелердің әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын 30-дан 40 пайызға дейін арттыру жоспарланып отырғаны айтылды. "Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде тұрып, ерекше контингентпен жұмыс істеді. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңызын түсінеміз. Бұл іс-шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлер тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.