Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында инкассаторларды тонап кеткен қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Aikyn.kz «Хабар 24» сайтына сілтеп хабарлайды. Банк қызметкерлеріне шабуыл жасағандардың біреуі сол банктің инкассаторы болып шықты. Естеріңізге салайық, 3 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласында пышақпен қаруланған 3 адам банк бөлімшесінің қасында тұрған инкассаторлық машинаға қарақшылық шабуыл жасаған еді. Қылмыскерлер көліктегі ақша салынған үш қапшықты және мультитаспаны алып кеткен. Онда 62 млн 500 мың теңге, 20 мың доллар мен 495 мың Ресей рублі болған.
Инкассатор жүргізушісі шабуыл жасаған Нексиа маркалы көлікке 4 рет оқ атқанымен, қарақшылар ізін суытып үлгерген болатын. Бірақ күдіктілер Жаңаөзенде қолға түсті. 75 млн теңгені үшеуі бөліп алған. Бірі миллиондарды үйіне, енді бірі от жағатын сарайдың ішіне жасырған. Шелекке салып, жерге көміп тастаған.
Алтынбек Қалиев, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары: –9 желтоқсан күні ақпарат алынып, 10 күні екінші күдікті ұсталды. Күдіктінің үйінің ауласынан қазандыққа көмілген ақша табылды. Үшінші күдікті де анықталып, 11 желтоқсан күні таңертең ұсталды. Одан барлық ұрланған ақша тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.