Қазақ қызы Қытайдағы халықаралық төрелік соттың судьясы болып тағайындалды
Қазақ қызы Қытайдағы халықаралық төрелік соттың судьясы болып тағайындалды
118
оқылды
Отандасымыз Гүлнұрдың Қытай астанасында жұмыс істеп жатқанына 10 жылдай болды. 3 жыл бұрын ол осында компания ашқан. Қазір ТМД елдерімен әріптестік орнатқысы келетін жергілікті бизнесмендерге ақыл-кеңес береді. Төрелік сот судьясы болып тағайындалу Гүлнұр үшін тосын жаңалық болды. Ол бұл шешімді «Бір белбеу – бір жол» стратегиясын іске асыру аясында сұраныстың артуымен байланыстырады. Гүлнұр Нұркеева, ҚХР халықаралық төрелік соты: – Төрелік туралы заң бойынша, тек Қытай азаматтары ғана төрелік соты бола алады. Бірақ төрелік ісі шетелмен байланысты болғанда рұқсат етіледі. Осы тұрғыда Халықаралық сауда палатасы шетелдік арбитрларды ұсынады. Бір тарап Орталық Азия немесе ТМД елдерінен болғанда, осы елдерге қатысы бар арбитрды таңдау қолайлы болады. Гүлнұр қазақ елінде мемлекеттік қызметте, адвокаттар алқасында және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеген. Қазақстанның тұңғыш Салық кодексін жасауға қатысқан. Кейін ол Бейжің университетінде Қытай құқығын игерген. Бірақ жоғары оқу орнын бітірген соң жұмыс таба алмай біраз жүріп қалғанын жасырмайды. Заң бойынша Қытай құқығымен тек осы елдің азаматтары айналысуы тиіс. Гүлнұр жас отандастарына осыған назар аудару қажетін ескерткісі келеді. Гүлнұр Нұркеева, ҚХР-дың халықаралық төрелік соты: – Ең маңыздысы, қытайлық серіктесті әбден тексеру қажет. Келісімнің нақты іске асатынын зерттеп, алдын ала біліп алған жөн. Бұл нарыққа кірмес бұрын құқықтық қорытындыны даярлап алу керек. Бұл кейін теріс келісімге ұрынып, шығынға батпас үшін өте маңызды. Гүлнұр докторлық диссертациясын сәтті қорғаған соң қазақстандық заңгерлерге халықаралық деңгейге шығуға қолдан келгенше көмектесетінін айтады.