Күйеуінен зәбір көрген Сымбат Құлжағарованың өліміне қатысты петиция жариялады
Күйеуінен зәбір көрген Сымбат Құлжағарованың өліміне қатысты петиция жариялады
186
оқылды
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер аз емес. Соның бірі – Сымбат Құлжағарова. Өкініштісі, енді ол арамызда жоқ... Сымбаттың әлеуметтік желідегі оқырмандары оның басындағы жағдайдан хабардар еді. Ол ішкі қорқынышын, уайымын сол жерде айтатын, жазатын.  Үнемі соққының астына алатын күйеуінен заңды түрде ажырасып, тыныштық тапқысы келді. Өзінен күштеп тартып алып, көрсетпей қойған 2 баласына құзырлы органдардың араласуымен әрең қол жеткізген еді ғой... Үнемі қысым көруден шаршады, бөлек кеткісі келді. Ал күйеуі ажырасуға келісім бермей, ұрып-соққан. «Балаларды тартып аламын немесе психдиспансерге жатқызамын» деп қорқытты. Амалы қалмаған соң құзырлы органдардан көмек сұрады. Тіпті, қайғылы оқиға болар күннің алдында жолдасынан қорқатынын айтып шағымданған. Үнемі хабарласып, мазасын алады екен. Бұл туралы Сымбаттың әлеуметтік желіде қалдырған жазбалары да бар.
Сымбаттың сіңлісі Гүлбану желіде ашық хат жазған болатын. Нұр-Сұлтан полициясы 1 қазанда осы мәселеге қатысты елорда тұрғыны жүгінгенін растаған еді. Ол жұмысқа орналасып, балаларын өсіріп, жеткізгісі келді. Ерік-жігерінің мықтылығы ғой... Психикалық ауруханаға күштеп жатқызған жолдасымен күресіп, өзінің дені сау екенін дәлелдеп шықты ақыры. Бірақ. Әттең... Суық хабар жанашыр жандарының жүрегін сыздатты...
Енді желіде Сымбат Құлжағарованың өліміне қатысты әділ тергеу жүргізу туралы өтініш жарияланды. Өйткені Сымбаттың туыстары мен достары оның өз-өзіне қол жұмсағанына және өлімі үшін ешкімді кінәламайтыны туралы хат жазғанына сенбейді. Әлеуметтік желіде сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Парламентке арналған петиция пайда болды.
"Қазақстан әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатайық" атты петиция ұйымдастырушылардың бірқатар талабы да бар: дәлелдемелерді жинау және психологиялық зорлық-зомбылық, экономикалық, діни зорлық-зомбылық, қудалау, қорқыту, бопсалау, отбасы мүшелеріне мәжбүрлеп несие рәсімдеу деректерін анықтау бойынша жедел шаралардың мемлекеттік стандартын әзірлеу. Белсенділер "ұрып-соғу" және "денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" баптарын қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауыстыруды талап етіп жатыр. Осыған орай  Денсаулық сақтау министрлігін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарын жеке статистика мен картотекаға енгізуді міндеттейді. 
Еске сала кетейік, Сымбат Құлжағарова – Ақтаудың тумасы. 2013 жылы Ұлыбританияда Қазақстан аруы атанған. KIMEP және LSC («London school of commerce») университеттерінде жоғары білім алған.