Қазақстанда 30 миллион теңгеге әуежай сатылады

Қазақстанда 30 миллион теңгеге әуежай сатылады

Бұған дейін жекеменшікке берілген Арқалық әуежайы (Қостанай облысындағы қала) хабарландыру сайтында сатылымға шығарылды. Ғимарат пен оның бес гектар аумағы 30 миллион теңгеге бағаланғаны "ТоболИнфо" сайтында жарияланды. Аумақ иесі әуежайдың фазенда немесе астық қоймасына ыңғайлы екенін жазып қойған.

Тұрғындар қараусыз қалған бұл аумақты әлі де әуе қатынасын ұйымдастыру үшін қолайлы деп санайды. "Жалпы кәсіпкерлік пен туризмді дамыту үшін Арқалық қаласының басқа өңірлермен байланысын нығайту, авиацияны, оның ішінде шағын авиацияны дамыту өте маңызды", – дейді тұрғындар. Екі жыл бұрын Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің халыққа есеп беру кездесуінде жергілікті әуежайды іске қосу және Арқалықтан Қостанай мен Астанаға авиамаршруттар ұйымдастыру сұралған. Алайда бүгінде әуежай жұмысын қалпына келтіру бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Айта кетейік, Арқалықтан 90-жылдары тұрғындар көше бастаған. Қазір қалада 40 мыңға жуық халық бар. Тұрғындар қала орталығында қоныстанған, ал айналасы бос тұр.