Отандық баламасы бар импорттық өнімді мемлекеттік сатып алуға тыйым салу керек
Отандық баламасы бар импорттық өнімді мемлекеттік сатып алуға тыйым салу керек

Парламент Мәжілісіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Рабиға Тоқсейітова Қарағанды қаласының іргесіндегі Үштөбе ауылындағы «Жәке» шаруа қожалығының ұжымымен кездесті.

Рабиға Тоқсейітова шаруа қожалық қызметкерлерін «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, агроөнеркәсіптік кешенге арналған бөлімді егжей-тегжейлі түсіндірді. Кандидат партияның АӨК субъектілерін қосылған құн салығынан толық босатуды қолдайтынын айтты. Оның ішінде азық-түлік тауарлары мен ауылшаруашылық шикізаттарын сатумен, экспорттаумен және импорттаумен айналысатын кәсіпкерлерін ҚҚС-нан босату арқылы ғана азық-түліктің физикалық және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге болатынын тілге тиек етті. «Құрамында ГМО бар тамақ өнімдерін өндіру мен өткізуге тыйым салу және Қазақстанға әкелінетін тамақ өнімдерінің құрамын тексеру жөніндегі зертхана құру жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажет», – деді ол. Ал «Жәке» шаруа қожалығы  қызметкерлері бордақылау кешені экологиялық таза ет өндіруге мүдделі екенін және өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауды әрдайым қолдайтынын атап өтті. Шаруа қожалық ұжымы отандық баламасы бар импорттық өнімді мемлекеттік сатып алуға тыйым салуды қолдады. Бордақылау кешені басшысы Ж.Х.Азыхановтың айтуынша, мемлекеттік ұйымдар импорттық етті төмен бағадан сатып алады. Соның салдарынан отандық өндірушілер тұрақты өткізу нарығына қол жеткізе алмай отыр. Аграрлық реформалардың негізгі бағытын таныстырған Рабиға Тоқейітова «Ауыл» партиясының субсидиялау жүйесін қайта қарау жөніндегі ұсыныстарын жан-жақты түсіндірді. «Қазіргі уақытта субсидиялардың көптеген түрі бар және олардың тетіктері өте күрделі. Мұның бәрі шаруаларды шатастырады және әкімшілік процесті қиындатады. Партия заңнамалық деңгейде барынша ашық және қажетті субсидияларды қысқартуды ұсынады», – деді кандидат.

Тұмар МЫРЗА