5 бала мұз астына түсіп кетті
5 бала мұз астына түсіп кетті
Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері су қоймаларында азаматтарды (әсіресе, балықшыларды) қауіпті жағдайдан сақтандыруға бағытталған рейд жүргізіп, балық аулаған кездегі қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамаларды таратуда, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осылайша, 2020 жылдың 9 желтоқсанында ТЖМ мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ТЖ департаменті  волонтерлермен бірігіп, елорданың су қоймаларында кезекті рейд жүргізді. Қыстың суығына қарамастан дәл қазір балық аулауға құштар азаматтар баршылық. Мамандар оларға алғашқы медициналық көмек қалай көрсетілетінін, мұзға түсіп кеткен адамды қалай құтқару керегін көрсетті. Жалпы, бүкіл республика бойынша ТЖД мен ПД қызметкерлері патрульдеу, балық аулайтын орындарда, мұзды өткелдерде рейд жұмыстарын жүргізеді. Күз басталғалы бүкіл ел аумағында 4 512 патруль мен рейд өткізіліп, суда (мұз үстінде) қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде 15 769 нұсқаулық жүргізілген.Қауіпті су қоймаларындағы мұздың қалыңдығы да тексерілуде. Әсіресе, мұзды өткелдерде, балық аулайтын орындарда 1 095 ескерту белгісі қойылған. Атап өтерлігі, аңшылық пен балық аулау маусымы басталғалы (2020 жылдың 1 қазаны мен 7 желтоқсаны аралығы) елдегі су қоймаларында 16 адам көз жұмған. Оның бесеуі – бала. Нақтырақ айтқанда, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан 11 адам көз жұмса, 5 бала мұз астына түсіп кеткен.