Таразда 800-ге жуық отбасы баспаналы болды
Таразда 800-ге жуық отбасы баспаналы болды
5,118
оқылды
Тараз қаласында 18 887 адам үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін 765 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі.

Биыл Тараз қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 15-ші шағынауданда 54 көпқабатты тұрғын үйдің (3025 пәтер) құрылысы басталған болатын. Жоспар бойынша 47 үй жыл соңына дейін толық пайдалануға берілуі қажет. 7 үйдің құрылысы 2021 жылы қолға алынбақ. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев хабарлады.

"Алдағы уақытта 15-ші шағынаудандағы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталатын болса, онда 8 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үй пайда болады. Қазір онда 35 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар 2019 жылдан бері 16 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 10 арендалық және 9 кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр",– деді шаһар басшысы. Сондай-ақ  аталған мемлекеттік бағдарлама аясында, алдағы уақытта қаладағы "Автобекет" аумағында 14-ші шағынаудан бой көтермек. Онда 5 331 отбасына арналған 5 қабатты 33 үй, 9 қабатты 27 үй және 12 қабатты 5 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары биыл аяқталмақ. Жалпы, мұндағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстарын келер жылы толығымен аяқтау жоспарланған.