Google іздеу жүйесі Қазақстанда 2020 жылы ең жиі сұралған мәліметтер тізімін жариялады. Өтіп бара жатқан 2020 жылы қазақстандықтар Google–дан «Коронавирус» сөзін ең жиі іздепті. 2020 жылдың «қашықтықтағы» жылға айналғаны белгілі. Осыған байланысты білім ресурстарына деген сұраныс бірден артқан. Осылайша сұраныстардың алғашқы орындарына OnlineMektep, Kundelik.kz , Ok.EDUS және BilimLand ресурстары жайғасқан. Сонымен бірге қазақстандықтар АҚШ-тағы сайлау туралы ақпаратты, 42 500 теңге туралы мәліметті көп іздеген. Сондай-ақ Egov.kz порталына кіргендер де көп. «Қағаз үй» («Бумажный дом») сериалына деген сұраныс та жоғары болыпты. Қазақстандық Google пайдаланушыларының нұсқасы бойынша жыл фильмі — «Жұқтыру» («Заражение») триллері. Сонымен бірге «Жылдың фильмі» категориясындағы ең сұранысқа көп ие болғандардың қатарында «Бабалар үні» («Зов предков»), «Содан соң 2» («После 2»), «365 күн» («365 дней»), «Холоп» комедиясы және «Мұзды өлке — 2» («Холодное сердце 2») және «Малефисента 2» бар. Үздік ондыққа Гай Ричидің «Джентльмендер» қылмыстық комедиясы мен өткен жылдың «Үздік фильмі» номинациясында «Оскар» сыйлығын және өзге де көптеген айтулы марапаттарды алған оңтүстік кореялық картина «Паразиттер» кірді. Отандық кинематографтан Топ-10–дыққа «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы енген. «Жылдың сериалы» категориясының көшбасшы үштігіне «Қағаз үй» («Бумажный дом»), «Элита» және «Қатыгез Ыстанбұл» («Жестокий Стамбул») сериалдары кірді. Қазақстандықтар бұрынғыдай түрік және оңтүстіккорейлік сериалдарды көп қөреді. «…дегенiмiз не?» деген сұрақты қоя отырып, қазақстандық Google пайдаланушылары БСН, пандемия және БӘЖ-дің не екенін білгісі келіпті. Сонымен бірге қазақстандықтар IBAN, кластер, үстеу, эпитет, ҰАД, сөз тіркесі мен коронавирус мағыналарына жиі қараған. 2020 жылы «Жылдың сатып алынған заты» санатында тағы да үш жыл қатарынан – теміржол билеті жеңімпаз атанды. Сонымен бірге осы жылы қазақстандықтарды пульсоксиметрді, Алматы қаласындағы үйлерді, бассейн мен велосипед сатып алу жайлы ақпарат қызықтырған.