Маңызды салаға басымдық беріледі
Маңызды салаға басымдық беріледі
5,140
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі Серікбек Дәукей мен экономист Олжас Құдайбергеновті қабылдады. Бұл тура­лы Ақорданың баспасөз қызметі ха­бар­лады.

Академикпен кездесу барысында геология са­ласын дамытудың, салалық министрлік құрыл­ған­нан кейін қолға алынған реформалардың орын­далу барысы, сонымен қатар жер қойнауын зерт­теу бағытында қабылданған мемлекеттік жә­не заңнамалық қолдау шараларының өзекті мә­селелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жер қойнауын пай­далану кодексіне өзгертулер енгізу жөнінде ұсы­ныс берілді. Аталған ұсыныс геологиялық зерттеу жүр­гізу және жер қойнауын тиімді пайдалану ісін­де мемлекеттің рөлін күшейтеді.

Президент аталған саланы одан ары дамытудың, жаңа кен орындарын ашу үшін заманауи, ғылыми әдіс­терді пайдаланудың және минералды-шикізат ба­за­сының қорын арттырудың ерекше маңызын атап айтты.

Сондай-ақ Президент экономист Олжас Құ­дай­бергеновпен кездесті. Кездесу барысында ст­ра­тегиялық жоспарлау, бағдарламалық құжаттарды әзір­леудің тиімділігі, мемлекеттік органдардағы бю­рократиялық рәсімдерді қысқарту, сондай-ақ Қа­зақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесін жаң­ғырту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша нақты ұсы­ныс жасауды тапсырды.