Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының өңірлік филиалдары өкілдерімен кездесті. Кеңеске сондай-ақ Мәжілістегі Nur Otan фракциясының депутаттары, мәслихаттардағы фракция басшылары мен хатшылар қатысты.
Іс-шара барысында Nur Otan Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және өңірлердегі партия филиалдарының жекелеген өкілдері баяндама жасады. Олардың есептері мен ұсыныстарын мұқият тыңдаған Елбасы Nur Otan-ның қалыптасуы мен дамуына төл үлесін қосқан барлық нұротандықтың еңбегін ерекше атап өтті.
– Nur Otan қоғамымыздың бүкіл әралуандығын паш етеді. Біз – барша Қазақстан халқының партиясымыз. Біз – ел болашағына жауапты нақты істер партиясымыз. Қазақстанның өркендеуіне қатысты нық көзқарасымыз бар. Нақты стратегия және жұмыс жоспарлары бекітілді. Қажетті ресурстар қарастырылған, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Партия Төрағасы сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айналасында қоғамның топтасуы және ел Президенті белгілеген міндеттерді жүзеге асыру бағытында шара қабылдаудың маңызына тоқталды.
Бұған қоса ол тәуелсіздік жылдары еліміз қол жеткізген жетістіктерге назар аударта келе, республикамыздың барлық табысы партиямен және барлық нұротандықтың күнделікті жұмысымен өзара тығыз байланысты екенін баса айтты.
– Кейінгі жылдары Қазақстанның ЖІӨ-сі 11 миллиард доллардан 170,5 миллиард долларға дейін өсті. Егер 90-жылдардың басында халықтың үштен бірінен астамы кедейшілік құрсауында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4,6%-ға дейін төмендеді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27%-ды құрады. Бұл жерде осыған дейін елімізде жекеменшік болмағанын ұмытпағанымыз абзал. Біз ел экономикасына 300 миллиард доллардай тікелей шетелдік инвестиция тарттық. Осы жылдарда Қазақстанның транзиттік әлеуетін елеулі түрде нығайта алдық, – деді Н.Назарбаев.
Тұңғыш Президент мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясының шешуші басымдықтарын түсіндіру және ілгерілету жұмысын ұйымдастырудың маңызды екеніне екпін түсірді.
Ол экономиканың жекелеген секторларын одан ары дамыту бойынша Үкімет жоспарлары жөнінде құлағдар етті.
– Үкімет өңірлерді қолдау бағдарламаларын қабылдады. Олар, әсіресе ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағдарланған. Мысалы, 2026 жылға дейін ауылдарды гүлдендіруге шамамен 2 триллион теңге бөлу қарастырылуда. 3 жыл ішінде халықты таза ауызсумен қамту үшін 560 миллиард теңге жұмсалады. Бұл істің орындалуын пәрменді бақылаумен қамтамасыз етсек, онда 2023 жыл соңына қарай барлық ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізеді, – деді партия Төрағасы.
Ол сондай-ақ экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру бойынша жоспарланып отырған шаралар және «Еңбек» бағдарламасын іске асырудан күтілетін нәтижелер туралы әңгімеледі.
– Алдағы 2 жылда «Еңбек» бағдарламасы шамамен 1,5 миллион адамды қамтиды. 750 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп көзделген. 2020-2025 жылдары шамамен 1 миллион пәтер тұрғызылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесте Елбасы партияның жергілікті жерлердегі жұмыс тиімділігін ары қарай арттыру үшін қажет бірқатар басты бағыттарды атады.
– Біз әрбір әкімнің және мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейтуіміз қажет. Бүгінде барлық реформа өңірлерді дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, тек кейінгі 10 жылда жергілікті бюджеттер 3 есеге жуық ұлғайып, 4,7 триллион теңгеге жетті. Бөлініп жатқан қаржының шығындалуына нақты партиялық бақылау орнатқан жөн. Бұдан бөлек, барлық мәслихаттың мәртебесін нығайтып, депутаттар жұмысын одан ары жақсарту шараларын қабылдаған дұрыс, – деді Тұңғыш Президент.
Nur Otan Төрағасы әрбір өңір, қала және аудан бойынша сайлауалды бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.
– Келер жылы аумақтарды дамытудың бесжылдық бағдарламаларын жүзеге асыру аяқталады. Жаңа бағдарламаларды қабылдау жаңа электоралды циклмен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан осы жаңа бағдарламалар әрбір өңірдегі мәслихат сайлауында партиямыздың сайлауалды бағдарламаларының ұстын-негізіне айналуға тиіс. Ал Nur Otan партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасын дайындауға келсек, Саяси кеңес бюросының мүшесі ретінде Премьер-Министр осы жұмысты өзі басқаруы және аталған бағдарламаны әзірлеуге қазірден кірісіп кетуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сапалы партиялық тізімдер түзу үшін ашық ішкіпартиялық іріктеуді өткізудің маңызын нықтады.
– Әрбір мәслихатқа сайлауалды партиялық тізімдер кем дегенде 30%-ға әйелдерден, 20%-ға 35 жасқа дейінгі жас адамдардан тұруға тиіс. Сондай-ақ бұл тізімдерге халықтың әртүрлі топтарының өкілдері, Отанға оралған қандастар, ерекше қажеттілігі бар адамдар, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері кіруі қажет, – деді партия Төрағасы.
Ол жергілікті жерлерде партия органдарының жұмысын күшейту, ел өңірлеріндегі Nur Otan-ның топтастырушы рөлін арттыру міндетін қойды.
Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайлауалды кезеңінде көшбасшы партия жұмысын нығайтудың маңызын атап өтті.
– Біз жеңіске жету үшін барлық ресурсты шоғырландыруға тиіспіз. 2020 жылғы ақпан айында партия съезі өтетін болады. Онда қайта жандандырудың алдын ала қорытындыларын шығарамыз және болашақ электоралды міндеттерді егжей-тегжей талқыға саламыз. Қазір Jas Otan Жастар қанаты меморгандармен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» жаңа бағдарламасын дайындауда. Онда қазіргі заманғы жастардың барлық қажеттілігі мен сұранысына қажетті жауаптар көрініс табады. Сәуір айында жаңа бағдарлама Jas Otan съезінде қарауға енгізілуі тиіс, – деп түйді Елбасы.
Nur Otan Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жастардың көшбасшы партияға сенімі артып келе жатқанын жеткізді. Студенттер де қиын жағдайда Jas Otan-ға жүгінеді.
– Біз олардың мәселесін бірге шешіп, жастарды партия жұмысына жұмылдырамыз. Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында орталық базарларда NEET санатындағы жастарға тегін кеңес беретін орталықтар ашылды. Үкіметпен бірлесіп, 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға» бағдарламасы әзірленуде. Жас өрендердің сұраныстары, осы саладағы халықаралық тәжірибе жан-жақты зерттелуде. Бағдарлама жас азаматтардың маңызды мәселерін шешуге бағытталады, – деді Б.Байбек.
Ол келесі жылы мемлекетіміз Ата заң мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтетінін қаперге салды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталып кеткен.
«Бұл тарихи даталар ел іргесін қалауды неден бастағанымызды, қандай соқпақ жолмен жүріп өткенімізді, нендей қиындықтарды еңсергенімізді қайта бір еске түсіруге жақсы бір себеп. Бұл – біздің тарихымыз, әрбір қазақстандықтың мақтанышы. Осы тағылымды тәжірибені халық арасында жүргізілетін жаңа идеологиялық жұмыстың іргетасы етіп басшылыққа алдық. Бұл бағдар әрбір партия мүшесіне дейін жеткізіледі» деген Nur Otan Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек жиынға қатысушылар атынан Елбасы тапсырмасының барлығы толық орындалатынына сендірді.
Ол еліміздің жаңа даму кезеңінде әрбір нұротандық өзіне артылған жауапкершілікті терең сезініп, жақсы түсінетінін білдірді.
Партияны қайта жандандыру бағдарламасына сәйкес, жуырда өңірлерде партия активтерінің резервін қалыптастыру мақсатында Nur Otan белсенді мүшелері арасында іріктеу шарасы өткізілген болатын. Мұндай шара осындай форматта елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Өңірлерде өткен «праймериз» (primaries) туралы партия хатшысы Жігер Қалиев мәлім етті.
– Бұл партияның белсенді мүшелерін жұмылдыруға, жаңа өңірлік партиялық лидерлерді анықтауға мүмкіндік берді. Ішкіпартиялық іріктеу пилоттық аудандар мен қалалардың тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Праймериздің бір ерекшелігі, барлық сайлаушы арасында ашық үгіт-насихат жүргізілді. Жалпы алғанда, шамамен 175 мың адам қамтылды. Бірінші рет аудандық деңгейде жұртшылық алдындағы дебаттар өткізілді. Оның барысында түйткілді мәселелері және даму келешегі талқыға салын-ды, – деді Ж.Қалиев.
Халыққа партияның құндылықтары, партиялық қайта жандандыру бағдарламасы түсіндірілді. Дауыс беру 200 учаскеде жүрген. Бұлардың арасында бастауыш партия ұйымдары, партияның аудандық филиалдары бар.
Кілең мықтының ішінен ең лайықтысын таңдаудың заманауи осы тәсілі еліміздің 14 қаласы мен ауданында іске асырылды. Соның бірі – Ақмола облысының Есіл ауданы.
Nur Otan партиясының Есіл аудандық филиалының бірінші орынбасары Анэль Ерденова партиялық кадрлық резервке қатысты өткізілген сайлау жайында ой-пікірін ортаға салды.
– Біріншіден, жоба барлық партияласымызды және жақтаушыларымызды «Күшті лидер-лер – күшті партия» қалыптастыру міндеті айналасында біріктірді. Мәселен, шағын ғана Есіл ауданында бірден 61 адам үміткер ретінде тіркелді! Әрбір екінші кандидат – әйел, ал әрбір үшіншісі – жастар өкілі. Мысалы, барынша көп дауыс жиған үміткерлердің бірі – бес бала тәрбиелеп отырған және олардың болашағына бейжай қарай алмайтын көпбалалы әке. Іріктеу кезіндегі әйелдердің рөліне баса назар аударғым келеді. Заманауи қоғамда әйелдің мәртебесі мен сұранысы өзгергеніне көз жеткіздік. Жаңа құндылықтар мен қажеттіліктер қалыптасуда, олар әйелдердің қоғамдағы рөлін өзгертуде. Қазіргі уақытта көптеген әйел алдына мақсат қояды, өз күштеріне сенімді, – деді ол.
Екіншіден, жоба қоғам тарапынан кең қолдау тауып, құпталды. Өйткені праймериз демократиялық талаптарға сай, ашық әрі әділ өтеді.
«Алда мәслихат сайлауы ел тарихында алғаш рет пропорционалды жүйе бойынша өтпек. Демек партиялық тізімдердің халық танитын және өзіне жақын тартатын тұлғалардан құралғаны ерекше маңызды» дейді А.Ерденова.
Өз кезегінде Nur Otan Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев халықтың сенімі – қызметтің негізгі көрсеткіші екенін жеткізді. Оның мәліметінше, өңірде партияны «қайта жандандырудың» бағдарламалық бастамалары өз нәтижесін беруде.
Екіншіден, облыс пен аудандар арасындағы қарым-қатынас жаңаша жолға қойылуда. Nur Otan өңірде ұдайы әрі көшпелі түрде аудандық филиалдар мен фракциялардың, бастауыш ұйымдар жетекшілерінің атқарған жұмыстарын тыңдап, олардың белсенділігін арттыру бойынша жұмысты қолға алған. Ауылдарда «Бірыңғай партия күндері» аясында күнделікті мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты кеңейтуде.
Орталық өңірлерге жаңа қабілеттер игеруді, жаңа әдістермен жұмыс істеуді, түрлі жағдайда тиімді шешім қабылдау жолдарын үйретуде.
Нәтижесінде, Атырау өңірінде ауыл-аудан тұрғындарының партияға сенімі артып, жақтастары көбеюде. Өңірде елді дүрліктірген, резонанстық оқиғалар бойынша дереу шара қолданатын жүйе қалыптастырылу үстінде.
Үшіншіден, халықпен жұмыстың тиімділігін көтеру мақсатында партияның қоғамдық қабылдауының белсенділігі артқан. Енді қоғамдық орындарда көшпелі, тақырыптық және басқа да форматтарда депутаттар мен атқарушы билік басшылары азаматтардың өтініштерін бетпе-бет отырып, жеке қабылдайды. Ал шалғайдағы ауылдар тұрғындарынан өтінішін WhatsApp, Skype арқылы қабылдап, қарау енгізілуде екен.
– Nur Otan алаңы ведомствоаралық сипаттағы өтініштерді шешуге пайдаланылуда. Прокурор, сот, басқа да құқық қорғау органдары бірлесе қарап, азаматтар «осы жерде және дәл қазір» қағидатымен жауап алуда. Бұған қоса бастауыш ұйымдардың жұмысы жүйеленіп, кішігірімдерін ірілендіру басталды. Нәтижесінде, соңғы үмітін біздің партиямен байланыстырған адамдардың мәселелері шешіліп жатыр, – деді Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Партияны қайта жандандыру бағдарламасы аясында фракциялардың жұмысын күшейтуге ерекше мән берілген. Осы орайда, Қызылорда облыстық мәслихатындағы Nur Otan депутаттық фракциясының жетекшісі Ибадулла Құттықожаев Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жергілікті өкілді органдардағы депутаттық фракция жұмыстары өрістегенін баяндады.
– Бүгінде фракциямыз төл сайлау округтерінде қабылдаулар өткізу, сайлаушылармен кездесу, фракцияның көшпелі отырыстарын ұйымдастыру сипатында өз жұмысы ауқымын кеңейтті. Бұған дәлел ретінде Қызылорда облысы бойынша нақты мысалдар келтірейін. Аудан, қала, облыстық деңгейдегі жергілікті мәслихаттардағы нұротандық депутаттық фракциялардың өзара байланысы нығайды. Соның арқасында елді мекендер проблемалалары кешенді әрі үйлесімді шешілуде. Фракция мүшелері елді мекендерді аралап, түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесіп тұрады. 314 қабылдау мен кездесу қорытындысында 481 адамға нақты көмек көрсетілді, – деді И.Құттықожаев.
Сондай-ақ жетекші партия өз депутаттары арқылы өңірлік даму бағдарламаларын жетілдіруге үлес қосуда. Мысалы, биылғы қазан айында облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясы отырысында Қызылорда өңірінің 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасы қаралды. Орындалуы төмен және орындалмай қалу қаупі бар көрсеткіштер-ге жауапты басшыларға «алдын ала ескерту» берілді. Бұл мәселелерді бір көтеріп қоя салмай, фракция 2020 жылдың қаңтар айындағы отырысында қайта оралып, қарамақ.
Қазір облыстың 2025 жылға дейінгі Даму бағдарламасы әзірлену сатысында. Елді мекендердегі маңызды мәселелерді қамтыған нұротандық депутаттардың ұсыныстары жинақталыпты. Олар жаңа Даму бағдарламасына енгізіледі, ал орындалуы фракция бақылауында болады.
Мұның сыртында, фракция өз отырыстарында бағдарламалардың орындалуы мен бюджет қаржысының тиімді игерілуі мәселелерін талқылап отырады.
Осындай атқарылған жұмыстар партияның депутаттық фракциялары мүшелеріне деген тұрғындар сенімін арттырады.
Заңнамаға сәйкес, мәслихаттарға үлкен мүмкіндіктер берілген. Алдағы уақытта нұротандықтар халықтық мәселелерді шешу үшін мәслихат құзыретін фракция жұмысын күшейтудің заңды құралы ретінде пайдалануы қажет.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің ел болашағы жолындағы маңызды идеяларыңыз, стратегиялық ойларыңыз – саяси жұмысымыздағы басты бағытымыз. Оны табысты жүзеге асыруда көшбасшы партия фракциялары ынтымақта, бірлесе қызмет атқарады деп сізді толық сендіргіміз келеді, – деді Қызылорда облыстық мәслихатындағы партияның депутаттық фракциясының жетекшісі.
Өңірден келген қатысушылардың байламынша, бұрын сессия материалдарын қараумен шектелетін, жұртты мазалаған өткір мәселелерді жиі көтере бермейтін мәслихат депутаттары қазір жаңғыру аясында Nur Otan партиясының барлық бастамасы мен бағдарламаларының өңірлік деңгейде іске асырылуына жауаптылығын сезіне бастады.
Жиында айтылғандай, көшбасшы партияның мәслихаттардағы және Парламенттегі депутаттары заман талабына сай ақпараттық технологияларды кеңінен пайдаланып, БАҚ пен әлеуметтік желілерге жиі шығуда.
Кездесу соңында Елбасы Nur Otan қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан партияның бірқатар белсенді мүшелерін «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапаттады.
Дамира СҮГІРБАЙ,
Жамбыл облысы Қордай аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары:
– Қазір өңірлерде Елбасы бекіткен партиямыздың жаңа бағдарламасын орындау аясында көп жұмыс атқарылуда. Партия жұмысы жүйелі жаңғыртылып жатыр. Кешелі бері қайта жандандыру бағытында атқарылған шараларды талқыладық. Жалпы, қазір қоғам өзгеруде, заман өзгеруде. Тиісінше, партиямыз да жаңашыл жұмыс жасауы тиіс. Біздің алдымыздағы басты бір міндетіміз – сайлаушылардың сенімін ақтау.
Ерлан ҚАНАЛИМОВ,
Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Кешеден бері барлық өңірден әріптестеріміз – жергілікті партия жетекшілері, мәслихат депутаттары, фракция басшылары елордаға жиналып, жаңа форматта өткен семинарға қатысты. Үкімет мүшелері, министрлер өкілдері экономикалық, саяси, инфрақұрылымдық бағыттарда алда атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады, олардың есептері тыңдалды. Бүгінгі отырыста Елбасы алдымызға жаңа әрі нақты міндеттерді белгілеп берді. Енді оның барлығын әрқайсымыз өз өңірімізде ілгерілетіп, атқаруға бар күшімізді саламыз. Nur Otan нақты істер партиясы екенін дәлелдеуді жалғастыра береміз.
Мәди АХМЕТОВ,
Jas Otan Жастар қанатының
Алматы қалалық филиалының төрағасы:
– Біз жастардың әртүрлі топтарымен жұмыс жүргізіп, мәселелерін анықтаудамыз. Келесі жылы Jas Otan Жастар қанатының съезінде 2020-2025 жылдарға арналған, барлық саладағы жастарды қамтитын жаңа бағдарлама қабылданбақ. Ары қарай сол бойынша жұмыс істеуге көшуіміз керек. Қазіргі кезде ұсыныстарды жинақтаудамыз. Тек студенттерден ғана емес, әр секторда жұмыс істейтін жастарды тартып, олардың шешілмей жүрген, қиын түйіндерін және олардың шешімдерін іздестірудеміз. Негізінен, жастарды баспана, жеке кәсіпті бастау және қолдау көру, жұмысқа орналасу мәселелері алаңдатады.