Бензин қымбаттауы мүмкін
Бензин қымбаттауы мүмкін

Елде ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін кемі 17 миллион тонна мұнай өндірілуі қажет. Қалғаны экспортталады.

Ішкі сұраныс үшін мұнай әлемдік нарықтағы бағадан екі есе арзан сатылады. Мәселен, мұнайдың халықаралық бағасы 50 доллар болса, қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттарға шамамен 25 доллардан жеткізіледі. Сондықтан бізде бензин ТМД елдерінің ішінде ең арзаны саналады. Бірақ алдағы жылдары бізде де жанармай қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Мұнай саласына қызмет көрсетуші компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов айтты. Оның болжамынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ алдындағы міндеттемені орындайды.

2025 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қуат көздерінің ортақ нарығын жасамақ. Әрине, нарық бір болғаннан кейін баға да теңеспек. Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдай мұнай өндіретін компаниялар үшін тиімсіз. Олар өндірген мұнайының 30%-тейін ішкі нарыққа арзан бағада сатуға мәжбүр.

Сондықтан ішкі нарықта жылына 5-6 миллион тонна мұнай жетіспейді. Мұны Ресейден сатып аламыз. Соңғы екі жылда ғана жағдай оңала бастады. Әсіресе, биыл карантинге байланысты кейбір компаниялар мұнайды экспорттай алмады. Сондықтан ішкі нарықта тапшылық болған жоқ.