Өңірлерді дамытуға қомақты қаржы бөлінеді
Өңірлерді дамытуға қомақты қаржы бөлінеді
126
оқылды

Еліміздің әрбір аймағы, ең шалғай аудандары мен ауылдарын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін Nur Otan елордада барлық аймақтық филиал өкілдерін жинады. Президент Әкім­шілігінің, Үкімет пен Nur Otan партиясының басшылығы партия мү­шелеріне мемлекеттік сая­сатты дамытудың негізгі бағыттары, сайлауалды бағдар­ла­маны жүзеге асыру және елдің же­текші саяси күшінің жұмысын қайта жаңғырту бойынша қабылданған шаралар туралы айтып бер­ді. Партиялықтар үшін алғаш рет арнайы оқу-жаттығу тобының отырысы ұйымдастырылды.

– Nur Otan партиясының Көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев партияның мүшелерін топ­тастыру және қатарымызға бас­қа да белсенді азаматтарды тар­ту міндетін қойғанын біле­сіз­дер. Партияның өз ішіндегі де­­мократияны дамытуға да ерек­ше көңіл бөлінді. 14 өңірде пар­тияның кадрлық резервіне ірік­теу бойынша пилоттық жоба жүр­­­гізілді. Мемлекет басшысы Қа­­сым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­масымен Үкімет өңірлерді да­мытуға қомақты қаражат бө­ле­ді. Партияның міндеті – жер­гі­лік­ті жерлерде қаражаттың тиім­ді жұмсалуына қатысты жұрт­шы­лықты хабардар ете отырып, ха­лықтың өмір сүру сапасына ті­келей әсер ететін жобалардың іс­ке асырылуына қоғамдық жә­не партиялық ба­қылауды ұйым­дастыру, – деді Nur Otan партиясы Тө­рағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Алдағы жылы еліміздің ақпа­рат­тық-саяси күн тәртібінде тұрған не­гізгі бағыттар туралы Президент Әкім­шілігі басшысының бірінші орын­басары Дархан Кәлетаев айт­ты.

– Келер жылға арналған идео­ло­гиялық мін­деттердің негізгі бө­лігі – «Халық үніне құлақ аса­тын мем­­­лекет» тұжырымдамасын іс­­ке асы­ру, Ұлт­тық қоғамдық се­­нім кеңе­сінің қызметі, адам құ­қық­­та­ры саласында реформалар мен іс-шаралар әзір­леу, сонымен қа­тар 2025 жылға дейінгі аза­мат­­тық қо­ғамды дамытудың ор­та­мерзімді тұ­жы­рымдамасын қа­­былдау. Осы атал­ғанның бар­­лы­ғы партияішілік алаң­дар­да толыққанды тал­қыланып, олар бойынша егжей-тегжейлі ұсы­ныс­тар дайындау керек деп есеп­теймін, – деп атап өтті Дархан Кә­­летаев партия мүшелерімен кез­десуде.

Премьер-Министрдің бірінші орын­ба­сары Әлихан Смайылов сөзін Елбасының стра­тегиялық бас­тамаларын іске асыру мен Мем­лекет басшысының қазақ­стан­дықтардың тұр­мысы мен әл-ауқатын жақсартуға бағыт­тал­­ған тап­сырмаларына арна­ды. Үкімет қалалардың шет ай­­­­­мақ­тарын, инженерлік инф­­­­рақұрылымды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бө­лінетін қаржыны көбейтуді көз­деп отыр. 2024 жылға қарай ай­мақтарды дамытудың жаңа стан­дартына сәйкес 3 477 ауыл­ды ауызсумен қамтамасыз ету, жол­дарын жөндеу, әлеуметтік ны­сандар салу арқылы жаңарту жос­парланған.

Премьер-Министрдің орын­ба­сары Бердібек Сапарбаевтың ай­туынша, қала мен ауылдың білім беру­дегі, спорттық құрылыстардың қол­жетім­ділігіндегі алшақтықты жою бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен жаб­дық­тау деңгейін 70%-ға және одан да жоғары деңгейге жеткізу жо­спарланған. 2020 жылы мұ­ға­лімдердің жалақысын 25%-ға, мә­дениет, өнер және мұрағат қыз­меткерлерінің жа­ла­қысын орташа есеп­пен 30%-ға көтеру көзделуде. Ал дәрігерлердің еңбекақысы 30%, медбикелердің еңбекақысы 20%-ға көбейтіледі деп жоспарланып отыр.

Өз кезегінде вице-премьер Ро­ман Скляр пар­тия мүшелерімен кез­десуде жергілікті маңызы бар ав­токөлік жолдарын жөндеу, шал­ғайдағы елді мекендер мен ауыл­дар­ды сумен жабдықтау жос­пар­ларына жеке-жеке тоқталды.

 

Клара НАҚЫП