Екі маманға қарашы, жер мен көктей арасы
Екі маманға қарашы, жер мен көктей арасы
131
оқылды

«Шетелдік және отандық мамандардың еңбекақысында айырма болмауы керек». Бұл – вице-премьер Сапарбаевтың талабы. Бұған дейін де бұл мәселе Парламентке дейін жеткен еді. Жұмыс беруші мен жұмыс істейтін қызметкерлердің арасындағы жалақы айырмасы жер мен көктей екенін айтып, Парламент мінберінде дабыл көтергендер де болды.

Мемлекеттік еңбек инспек­тор­лары 36 мыңнан астам жұ­мыс­шының құқын қорғап, жа­лақы бойынша қарыздарын қай­тарған. Ең көп қарыз Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақ­төбе об­лыстарына тиесілі. Ең­бек инс­пекторлары жалақы бойын­ша берешегі 5,7 млрд теңгеден аса­тын елдегі 1 700 кәсіпорынды анықтаған. Нәтижесінде, 36 мың­нан астам жұмысшының құ­қығы қорғалып, 5,1 миллард теңге қарызын қайтарыпты. Бұл – қарыздың 20 пайызы ғана. Кәсіпорындар қызметкерлерге әлі де қарыз. Қарызы өтелмеген 2 700 қызметкер бар. Оны жыл соңы­на дейін өтеп бере ала ма? Мәселе – осында.

Берешегі бар кәсіпорын бас­шылары да айыппұлдан құ­­тылмайды. Қазір оларға жал­пы сомасы 25 млн теңге кө­ле­мінде айыппұл салынып отыр. Ал жалақыны бірнеше рет ке­шік­тірген алты кәсіпорын бас­шы­сының үстінен қылмыс­тық іс қозғалған. Еңбек және ха­­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі­нің айтуынша, еңбек қа­тынастарын реттеудегі екінші не­гізгі міндет – ұжымдық еңбек дауларының алдын алу. Яғни, дау-дамайға жол бермеу. Бұған дейін ірі компанияларда болған кей­бір даулар еңбекақының ал­шақтығынан туындағаны бел­гілі.

«Дағдарысқа қарсы штаб­тар мен әлеуметтік серік­тес­тік жөніндегі өңірлік комис­сия­лар­дың тұрақты жұмысына қа­ра­мастан, әрдайым еңбек жан­­жалдарының алдын алу мүм­кін бола бермейді. Биыл­ғы жылдың басынан бері республикада 9 еңбек дауы орын алды. Оның жетеуі ше-т­ел­діктердің қатысуындағы ел­дің батыс өңірлеріндегі мұ­най-газ және мұнай-сервис кә­­сіпорындарында болған. Жан­­жалдың негізгі се­беп­­тері жалақыны көтеру, жер­гі­лік­ті және шетелдік жұмыс­шылардың еңбек пен тұрмыс жағдайларының теңсіздігінен туын­дады» дейді министр Біржан Нұрымбетов.

Әлеуметтік жанжалдардың кө­беюіне не себеп? Ол – еңбека­қы­дағы сәйкессіздік. Осыған орай, Президент Қасым-Жо­март Тоқаев та арнайы тап­сырма берген еді. Мемлекет бас­шысы тапсырмасы негі­зін­де қазақстандық және ше­т­­елдік қызметкерлер ара­сын­­да еңбекақы төлеудегі сәй­кессіздікті болдырмауға қа­тысты прокуратура арнайы тек­серу жұмыстарын жүргізген. Бүгінге дейін 30 адамнан аса­тын шетелдік жұмыс күшін пай­даланатын 95 кәсіпорын тек­серуден өтті.

Осыған орай, министр Нұрымбетов: «Еңбек және кө­ші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталды. Оның ішінде 25 кәсіпорында 474 еңбекақы төлеудегі сәй­кес­сіздік байқалды. Тексеру қо­ры­тындысы бойынша 92 млн тең­ге сомасында әкімшілік іс қозғалды. 681 рұқсат кері қай­та­рылды, 393 шетелдік қыз­мет­кер ел­ден шығарылды» дей­ді.

Өкінішке қарай, жауапты мем­лекеттік органдар еңбек дау­ла­рының алдын алу, бол­дыр­мау ба­ғытында жұмыс істемейді. Дау содан туындайды. Ал кәсіподақ ұйым­дары бұл проблемаларды білсе де, білмегенси ме, әйтеуір, олар үнсіз. Мұндай үнсіздікке Бер­дібек Сапарбаев та наразы. «Еңбек инспекциясы алдын ала шаралар қабылдамағандықтан, біз өрт сөндіруші секілдіміз. Ең­бек қақтығысы пайда бол­ғаннан кейін оқиға орнына барып, жұ­мысқа кірісеміз. Еңбек қаупі кар­тасы не үшін құрылды? Ке­шіктірілген жалақының, өн­дірістік жарақаттың, еңбек жағ­дайының сақталмауының бар­лық фактісімен жеке жұмыс іс­теу керек» дейді вице-премьер.

Осындайда сәйкессіздік ту­ралы сенатор Мұрат Бақ­тиярұлының айтқаны еске тү­се­ді. Сенатор: «ыстық күннің ас­тында қара жұмысты сөткелеп істейтін, табаны құмға, маңдайы күнге күйетін қазақстандық жүз­деген бригада, яғни он мың­даған қарапайым жігіт ту­ған жерінің гастарбайтерлері сияқ­ты күн кешіп, жалақысы тө­мен қара жұмысты қанағат тұ­туға мәжбүр. Салдарынан шет­елдік инвесторларға деген жақтырмаушылық, өз жерінде өздері алданған құқықсыз және қа­жетсіз сезіну пиғылдары кө­рі­ніс бере бастады» деген еді. Біздің де қауіптенетініміз – осы. Табаны құмға, маңдайы күн­ге тотыққан қара жұмысшы өз елінде өзін өгей сезінбесе дей­міз.

Әзірге Еңбек министрлігі про­куратурамен бірігіп, нақ­ты жұмыс бастады. Еңбек инс­пек­ция­сы құқықбұзушылық туралы фактілерді анықтаған жағдайда, кәсіпорын басшылығы жауап бе­руге міндетті. Бізде білікті кадр­лар жетерлік. Бастысы, сол білікті кадрдан айырылып қал­маудың жолын іздеу керек. Ол үшін Сапарбаев айтқандай, жа­лақы кешікпесін, еңбек шарты сақ­талсын, өндірістік жарақатқа жол бермейік.