Елдік мақтаныш
Елдік мақтаныш
139
оқылды

Тұңғыш Президент күні – Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі

Тұңғыш Президент күні – Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі. Бұл – тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Ұлт көшбасшысы төңірегіне топтасу күні.

«Ері жоқ болса, ел – жетім, елі бағаламаса, ер – жетім» дейді ха­лық даналығы. Тәубе, бізде елін өрге сүйрейтін ер де, азаматын құрмет тұтатын ел де бар.

Биыл Отанымыз сегізінші рет мемлекеттік мереке Тұңғыш Пре­зидент күнін атап өткелі отыр. Президенттік билік пен тәуел­сіздіктің 28 жылдық тәжірибесі Қазақстан үшін осы басқару фор­масының тиімді екенін дә­лелдеп, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүм­кіндік берді.

Ұлт көшбасшысының са­раб­дал саясатының арқасында Қа­зақстан Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономи­ка­лық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мем­­лекет құруды қамтамасыз етті.

Осыдан 22 жыл бұрын Пре­зидентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақмер­зімді «Қазақстан–2030» Стра­тегиялық бағдарламасын ұсын­ғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, бо­лашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағ­дарламаны жария еткенде Елба­сымыз: «Біз нені құрғымыз ке­ле­ді, таңдаған мақсатымызға жет­кі­зетін дамуымыздың траек­то­риясы, магистралі қандай бо­луы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек» деген еді. Айтқаны айнымай кел­ді. Қа­зақ­стан халқы аянбай ең­бек етіп, елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы көш бастап келеді.

Орайы келгенде айта кеткен жөн, еліміздің астанасында өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде партия төраға­сы Нұрсұлтан Назарбаев Прези­дент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түсетінін мәлімдеген еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жы­лы 20 наурызда Қазақстан Пре­зиденті лауазымын иеленіп, одан бір күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілет­ті­гін тоқтатқан болатын. Бұл – кө­регендік қана емес, үлкен сенім!

2019 жылғы 2 қыркүйекте Қа­зақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев Парламент палата­ларының бірлескен отырысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақ­стан халқына Жолдауын арнады.

Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай же­ңістерге жеткенін тарихтан бі­леміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп ал­ғанда сындарлы мұраттарды алға қойды. Сындарлы мұрат – ха­лықтың жағдайы, Сындарлы мұрат – елдің өрлеуі. Сындарлы мұрат – жарқын өмір.

– Біз бұған Елбасы саяса­ты­ның сабақтастығын сақтап, жү­йелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сай­лауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік орган­дар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халық­қа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Міне, көрегенділік, міне, cенім!


Нұрсұлтан Назарбаев жарлық­қа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Облыс орта­лығы ғасырлар бойы Қазақ хан­дығының және бүкіл түркі әле­мінің саяси әрі ру­хани орталығы болған Түркістан қаласына кө­шіріледі» деді. Дара шешім. Дара шешімді дара тұлғалар ғана қабылдайды. Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Ал тари­хи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды.


 Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Ота­нымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбіт­ші­лікті темірқазық етіп алды. Ши­рек ғасырда елімізді Еуропа тө­ріне шығаруда Тұңғыш Прези­денттің еңбегі ересен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, ма­ңызы зор мемлекет ретінде мо­йын­далып отыр. Дәлелмен айтсақ, Азиада алауын жағуымыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Ха­лықаралық саммит өткізуіміз, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымдарына төрағалық етуіміз, әлем­дік дін қайраткерлері съезін тұ­рақты ұйымдастыруымыз, ха­лықаралық ЕХРО-2017 көрмесін ұйымдастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.

Осы күнге дейін жетістік­те­ріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономи­калық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйыртса, таяу бола­шақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық дең­гейге сәйкеспек. Ұлт көшбас­шы­сы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.

2012 жылы 1 қаңтарда қыз­метін бастаған Біртұтас эконо­микалық кеңістік – Елбасының 1994 жылы 29 наурызда М.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университеті ғалымдары мен ТМД саясаткерлеріне ұсын­ған еуразиялық ықпалдастық идея­сының жүзеге асуы. 2000 жы­лы Астанада Беларусь, Ресей, Қа­зақстан басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қа­уымдастық туралы шарт кеңіс­тік­тің құрылуын жақындата түсті. Бұл қауымдастық Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар ор­талығы сияқты қаржылық инте­грация тетіктерінің, ең бастысы ЕурАзЭҚ Кеден одағының ірге­тасын қалады. Нәтижесінде, кеден тәртібі бірізділікке түсіп, баж тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Кеден одағы Біртұтас экономи­ка­лық кеңістікке ұласты. Сөйтіп, Қазақстан кәсіпкерлері мен қарапайым халық көптен күткен мүмкіндіктер есігі ашылды. Отан­дық өндірісшілер үшін әлеуетті тұтынушылар аумағы ұлғайып, сауда нарығы кең арнаға шықты. Кеңістік құрамындағы елдерде кәсіппен айналысқысы келген­дерге құжаттық талаптар жеңіл­детілді.

Елбасы – Қазақстанның ұлт­тық қауіпсіздігі мен аймақ қауіп­сіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлемдік тұлға. Мұның нақты көрінісі – Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мының (ҰҚШҰ) жарғылық ор­ган­дарына Қазақстанның төра­ғалық етуі. Осындай игі бастама­ларға мұрындық болған Елбасын саяси сарапшылар «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары бағалады.

Қазақстанның Ислам ынты­мақтастық ұйымына (ИЫҰ) тө­ра­ғалығы – осы жетістіктің заңды жалғасы. Ұйымға мүше болғалы 57 елдің ішінде жалпы ішкі өнім­нің деңгейі жағынан Қазақстан 12-орынға көтерілді.

Елі қадірлеген, әлем ардақ­таған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бар қажыр-қайратын, па­расат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жы­лы желтоқсан айында өткен Қа­зақстан халқы форумында елі­міздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бас­тама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағанын елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің ба­ласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау үшін республи­када тұңғыш рет арнайы кафедра Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Қазір республика бо­йынша осындай кафедралар саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафе­дра­лары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңына айналды.


Астана экономикалық фору­мы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғы­лым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Ұлт көшбас­шысы осыдан 8 жыл бұрын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы сал­танатында Астана экономикалық форумының негізінде G-global сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қа­тысушыны біріктірсе, Қазақ­стан­дағы осы шараның жуан ортасында Елбасы негізін қалаған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз.

Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақ­сат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан прези­дент­терімен бірлесіп, ұзақмерзімді бейбітшілік пен қауіпсіз өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше мемлекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да – Елбасы Н.Назарбаев назарында.

Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалалары – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жой­май­тын ізашар тұғырнама. Тұңғыш Президентіміз еңбек арқылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осыдан туын­даған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы, оның бес жылға ұзартылуы, «Әлеуметтік бес бастама» халыққа берері өлшеусіз деп білеміз.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақала – ұлттық абырой бастауын нұсқай­тын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Елбасының бұл мақаласын стратегиялық маңызы бар және ғылыми методологиялық мақала деп түсінуіміз керек. Бұл кездейсоқ шыға қалған мақала емес. Бұл – Елбасының жүйелі, мақсатты қызметінің жалғасы. Өйткені бұдан бұрын Ұлт көш­басшысы «Мәдени мұра» бағдар­ламасын ұсынған болатын, содан кейін «Халық: тарих толқы­нын­да», «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы ұсыныл­ды. Міне, осылай жүйемен келе жатқан бағдарлама. Сондықтан да Елбасының бұл еңбегін осы үлкен істің жалғасы деп білуіміз керек.

Осыдан бір жыл бұрын Тұң­ғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев Түркістан облысы­ның атауын өзгерту мен оның орталығын Түркістан қаласы деп бекіткені белгілі. Бұл – тарихи шешім. Елбасы «Түркістан тари­хы – күллі қазақтың тарихы» деп бекер айтқан жоқ.

Түркістан – шын мәнінде қазақ хандығының астанасы бол­ған, тарихы тереңде жатқан ша­һар. Нақтырақ айтқанда, қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәң­гіге жай тапқан қасиетті мекен. Бұл қалада ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қа­былданған. Қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Осын­да жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батыр­лар, ауқымды сөз бастаған билер екенін ескерсек, Елбасы шеші­мінің дұрыстығына тағы да көз жеткізе түсеміз.

Нұрсұлтан Назарбаев жарлық­қа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Облыс орта­лығы ғасырлар бойы Қазақ хан­дығының және бүкіл түркі әле­мінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына кө­шіріледі» деді. Дара шешім. Дара шешімді дара тұлғалар ғана қабылдайды. Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Ал тари­хи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды.

Әр қазақтың жүрегінде мақ­таныш сезімін ұялатқан Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қа­дірлі мекен. Ақын Мағжан Жұма­баев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп бекер жырлаған жоқ. Халқымызда «Мәдинада – Мұ­хам­мед, Түркістанда – Қожа-Ахмет» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды.

Жалпы, тәуелсіздік дегенде ел санасында өркенді халқымыз бен Тұңғыш Президентіміз туралы таным-түсінік жаңғыруы тиіс. Қазақстан мемлекетінің іргета­сын қалаушы – Тұңғыш Прези­дент, Ұлт көшбасшысының бол­мысында ұлтымыздың асыл мұ­раттары мен әлемдік және ұлттық өркениет жетістіктері тоғысқан. Қазақстан халқы үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, сол кемелдікке абыроймен жет­кен әрі өркениеттік, әрі жасампаз тұлға. Мұны дүниежүзі сарап­шы­лары айтады, біз оған мақта­ныш­пен қуанамыз.

Елдік мақтаныш, әлемдік мерей баянды болғай!


Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
ҰҒА академигі