Ажырасу неге көбейді?
Ажырасу неге көбейді?
373
оқылды

Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықтамыз. Тіпті, отбасылық өмірдің ұйытқысы саналатын ауылдарда ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артқан. Ажырасу көрсеткіші қалада да 7 пайызға артыпты. Жыл басынан бері алғашқы 9 айда еліміз бойынша 104 мыңнан астам жас отау шаңырақ көтерсе, ажырасу салдарынан 45,2 мың отбасының іргесі сөгілген. Үйлі болғандардың 73,2 пайызы қалада неке қиған. Ал ауылда үйлену көрсеткіші 0,5 пайыз ғана өскен. Қалада 33 мыңнан астам отбасы ажырасса, ауылда 13 мыңға жуық отбасының берекесі бұзылған. Дәл қазір елімізде әрбір үшінші неке ерлі-зайыптылардың ажырасуымен аяқталады екен. Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай? Бұл мәселеге қатысты мамандар не дейді?


Айгуль.JPG

Айгүл РАХМЕТҚЫЗЫ,
«Ақылды бала» дамыту орталы­ғының 
директоры, психолог:

– Жауынгер ба­баларымыз отбасы мә­селесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Жар түгілі, жетім-жесірін де қаң­ғыртпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімі­рік­пейтін болдық. Бүгінде дәстүрлі отбасылық құнды­лық бұзылып, материалдық игілік алға шық­ты. Ажырасу салдарынан бала­лардың сабағы төмендеп, тәртібі нашар­лай­ды. Ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, ауру арқылы ата-анасына күй­зе­лісін біл­діруге тырысады. Яғни, бұл – бала­ның жа­най­қайы. Ал оны ұғынғысы келетін үлкен­дер жағы азайып барады.

Қазіргі ажырасқан жастардың 90 пайы­зының балалары бар. Психологиялық зер­делеудің нәтижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Ата-ананың мейі­ріміне қанып өспеген баланың шынында кемшілігі көрініп тұрады. Дәл қазіргі күні елімізде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала әкесіз өсіп жатыр.

Бірде бес жасар балаларға психолог ретінде «отбасы» ойнын ойнауды ұсындық. Сонда қыздар жағы тез арада аналарының, әжелерінің, қыздардың рөлінде ойнап шық­ты. Сенесіз бе? Ұлдар жағы әкелерінің рөлін ойнамай қойды. Ақыры бір баланы әкенің рөлінде ойнатуға көндірдік. Сонда ол қолы­на теледидардың пультін ұстап алып, жан­тайып қана жатты. Бүкіл ойында өзін осы­лай ұстады. Енді балабақшадағы бір ғана топтың бұл жағдайына қарап, бүкіл отба­сын­дағы ахуалды саралауға болмайды. Де­генмен бұл – шындықтың бір ұшын көрсетіп тұр.

 

Марат.JPG

Ерлан ҚУАНТҚАНҰЛЫ,
әлеуметтану ғы­лы­мының кандидаты:

– Шынымды айт­с­ам, былтыр мен алғаш рет әкелер форумына қатыс­тым. Бұл жиын елі­мізде үшінші рет өтіп отыр. Тіпті, «Әкелер одағы» да бар екен. Осы кезге дейін біздегі жиындар мен мемлекет деңгейінде көтерілетін мәселе­лердің көбі ана мен бала мәселесіне арналып келді ғой. Осыған қарап әкелердің жайы күрделене баста­ғанына көз жеткіздім. Жалғыз ағаш қорған болмайтыны секілді, жалғыз ана немесе жалғыз әке баланы жан-жақты етіп тәрбие­лей алмайды. Әсіресе, әке тәрбиесі ұл бала­ға өте керек. Ұл балаға ұла­ғат – әкеден. Бізге енді осыны түсіндіретін арнайы бағдар­ламалар қажет.

Некеге тұру дерегі бойынша дәл қазір Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көш басында тұр. Ал ажырасудан керісінше солтүстік облыстардың тұрғындары алғаш­қы орында. Енді қараңыз, 2018 жылы Қазақ­станда 137 797 неке тіркелген. Бірақ олардың 55 мыңға жуығы, яғни 40 пайызы ажырасып кеткен. Қазақстанда ажырасу ең көп тір­ке­летін аймақты Павлодар облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр мұнда 5 мың­дай отба­сы ша­ңырақ көтерсе, 3 мың отбасы ажыра­сып үл­герген. Солтүстік Қазақстанда 3,5 мың не­ке тіркеліп, 2 мың отбасы ажы­расқан, Қос­­та­най облысында да 5 600 ша­ңырақтың 3 100-і шайқалған. Ақ­мола, Шы­ғыс Қазақ­стан об­лысының көрсеткіші де көш басында.

Бұл бір ғана отбасының әңгімесі емес, тұтас ұлттың мәселесі дер едім.

 

Ерлан.JPG

Марат ҮРКІМБАЕВ,
Жамбыл облысы Сарысу аудандық
сотының төрағасы:

– Кейде сот за­лына ажырасу үшін өрім­дей жастар ке­леді. Бір-бірімен қосылмаса болмай­тындай, асығыс шешім қабылдайды. Бірақ өте аз уақытта күліп тұрып ажырасып кетіп жатады. Демек, олар әу баста отбасын құруға дайын болмаған. Маман ретінде тағы бір қын­жылатыным, әрбір шайқалған ша­ңырақ біздің қоғамда қанағаттың, кешірім сұрау мәдениетінің азайғандығын дәлел­дейді. Кейде бір-бірінің кемшіліктерін тіз­белеп, сот залына қыз бен жігіт секілді жан­­жал­дасып келетін орта жастағы ерлі-зайыптылар да бар. Ортақ баланы ойлайтын жағдайда емес. Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажыра­судың негізгі себептері – ерлі-за­йыпты­лардың тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, біреуі­нің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сон­дай-ақ отбасындағы материалдық қиындықтар.

Ажырасатындардың дені 25-35 жас аралығында. Одан үлкен жастағыларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себебі бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды. Сосын некені бұзу туралы өтініш беретіндердің 83 пайызы – әйелдер. Бұл санның астарынан да біраз жайды аңғаруға болады.

Қазақстанда әрбір үшінші неке ажы­расумен аяқталады, оның 80 пайыздан астамының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бала тәрбиесімен айна­лысуға мәжбүр.

Біз негізінен алдын ала сот отырысында ажырасуға бел буған тараптарды бітімге шақырып, «Медиация туралы» заңның та­лап­тары мен тиімділігін айтып өтіп, бітімге келу арқылы уақыт та, қаржы да үнем­де­ле­тінін түсіндіреміз. Түсіндірме жұмысы нә­ти­же­сінде тараптар өз қалауларымен ме­диа­циялық келісімді бекітуді сұрап та жатады. Өкінішке қарай, оған құлақ асатындар аз.

 

Әзірлеген
Ақбота ӘЛІМ