Сенімге сергек азамат
Сенімге сергек азамат
214
оқылды

Дүбірлеген дәуірлер жаң­ғы­рығын қалдырып, тыл­сым тарихтың қойнауына еріксіз еніп, халықтың қазынасына айналады. Әр дәуірдің өзінің айшығы, басқа кезеңдермен шатастыра алмайтын өзіндік ерекшеліктері болады.

Дәуірдің құдіретін қалып­тастыратын, қасиетін айқындай­тын сол дәуірде, сол кезеңде ғұ­мыр кешкен азаматтар, тұлға­лар. Дәуір өтеді, дәуір көшеді. Бірақ өткен дәуірдің өшпейтін жаңа­лықтары, құндылықтары сол дәуірде өмір кешкен, бел­сенділік танытқан аза­маттардың қолымен жасала­тыны шындыққа жанас­пайды деп кім айтады...

Біздің бақытымызға орай, дүр­белеңі аз, толыққан, қалып­тасқан дәуірде өмір сүруді маң­дайымызға жазыпты. Мен өткен ғасырдың екінші жартысы мен жаңа, ХХІ ға­сырдың ғала­мат­тарын айтып отырмын.

«Есімізді біліп, етегімізді жиып», ата-анамыздың аялы ала­қа­ны мен саялы құшағынан қанат қағып, ержетіп, замандаста­ры­мызбен табысу, қауышу, сыр­ласу бақы­тына ие болдық. «Ал­дыңғы толқын ағалар, кейінгі тол­қын інілер» болып өмір жете­гіне ілесіп кеттік.

Біздің дәуірдің ерекшелігі сол, аспанымыз ашық, қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін болды. Білім алуға, мамандық таңдауға, ғы­лымның тұңғиығына бойлауға, пейілі кең, ниеті түзу заман­дастармен та­бысуға мүмкіндіктер туды. Біздің дәуірімізді «алтын дәуір» деп атаса да артық емес шығар. Сонда да біз өмір кешіп жатқан дәуір қандай құнды­лығымен қымбат, қандай ерек­шелігімен дара деген сұрақтар туындауы мүмкін ғой.

Жаңа дәуірдің басты байлығы ретінде бірінші кезекте дауылпаз замандастарымды, еліміздің ар­дақты да аяулы ұлдары мен қыз­дарын атар едім. Мейлі жолы үл­кен, мейлі жолы кіші, тіпті құр­дас болсын, мен олардың бәрін құрметтеймін, жақсы көремін, сыйлаймын. Менің бүгінгі басты кейіпкерім мем­лекет және қоғам қайраткері, Алаштың ардақты азаматы Серік Ақымбеков бауы­рым болмақ.

Әкенің күшімен, ананың сүті­мен азаматтың бойында қалып­тас­қан алғыр мінез алға жете­лейді, сенімге сергектік, жігеріңе жалын береді. Туған жердің тасы мен топырағын тәу еткен, құдіреті мен қасиетіне бас иген жас маманның жұлдызы жанып, берекелі ортаға кез болып, еңбек додасына екпінді кірісіп кетті.

«Компартияның інісі, бола­шақ­тың иегері комсо­молдың» дәуірі жүріп тұрған кезеңде талай талант­ты азаматтар тарих сах­насынан көрініп, ел-жұртына та­нылып, ерен еңбегінің арқа­сында есімдері атала бастады.

Қызуқанды, құрыштай қай­рат­ты, жүрек оты жалындаған жас­­тардың ортасында беделге ие болу оңай шаруа емес екенін жұрт жақсы біледі деп ойлаймын.

Серік ағамыз бақыт баспал­дақтарын сүрінбей, батыл басты. Еңбегі жанып, ел басқарған аға­ларының қатарына ілігіп, мақ­тауы­на ие болды.

Өткен ғасырдың 70-80-жыл­дарында Жетісу жастарының жа­лынды жетекшісі бола білген Серік Шаяхметұлы сол дәуірдің айтулы ұлдарының бірі десек қателес­пейміз.

Ағалардың ақылынан қоры­тынды жасап, замандастарының ортасында бедел мен құрметке ие болып, ата-ана тәрбиесінің қадір-қасиетіне нұқсан келтір­мей, көк­жиекке көз тігіп, жыл­дардың жете­гінде есейген аза­матты қазақ жұрты тани бастады.

«Әр адам – өзінің ішкі жан дүниесінің ғана көрінісі. Адам қалай ойлайтын болса, оның өмір нәтижесі дәл солай болып шығады» деп жазған екен римдік шешен Марк Цицерон.

Иә, шындық шыңырауға емес, биікке бастайды.

Қоршаған орта Серік ағамыз­дың ішкі жан дүниесінің сұлу­лығын, жасанды емес екенін жаз­бай таныды, талантының ашы­луы­на қолайлы жағдай жасады.

Шаруашылықтың қыры мен сырына терең үңіліп, бүтіндей бір ауданның тыныс-тіршілігіне жауап­ты болу азаматтың еңбек жолын­дағы айтулы кезең, үлкен белес, асқаралы асу.

Қол жеткен табыстармен шек­теліп қалмай, талап пен талант жұптасып, алға шақырған күндер мен түндердің бейнеті емес, бе­рекесі артып жатты.

Үлкен мінбелерден көрініп қана қоймай, кезек күттірмес мәселелерге көңіл бөлу, терең ойларды толғау, нанымды баяндау, шешендік өнердің мәдениетін игеру азаматтың жетіліп толғанына, елдің, жердің атынан сөз сөйлеуге дайын, сол ел мен жердің болашағы үшін күреске әзір екеніне айқын дәлел болды емес пе?!

Біздің қоғамда облыстың әкімі немесе республиканың министрі болу азаматтың басына қонған бақыт ретінде бағаланады, шын­дығында да солай. Бұл «бақыттың» астарында қандай жауапкершілік жатқанын түсіне бермейміз. Қа­зақстан жұрты алдында еңсең түс­пей, еңбегің еленіп, кеудеңді тік ұстап жүргенге не жетсін.

Серік ағамыз ата-бабамыз ға­сырлар бойы армандап өткен тәуел­сіздікке қолымыз жетіп, елі­міз егемендігін алған алтын дәуір­дің жалынды патриоты бола білді.

Республикамыздың Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев елор­дамызды Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдағанда Серік Шаяхметұлы алғашқы қар­лығаш ретінде министрліктің көшін бастап, қиын­дықтан қай­мықпай, «ыстық-суықты» елемей, замана ке­руені­нің тізгінін ұстаған азамат­тардың бірі болды.

«Адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деп айтып кеткен екен өз дәуірінде ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фараби. Ағайындықтың ақ туы астында, Серік Шаяхметұлының от­басымен отыз жылға жуық ара­ласып келеміз. Әрбір кездесуден рухани қанат­танып, қанағат­танып қайтасың.

Өзінің басындағы бақытты өз­гелермен бөлісе білу, жақын жан­дардың жанарындағы кір­біңді ай­нытпай тану, ой­ланбастан көмекке келу, жылы лебізбен демеу жан дүниенің тазалығынан туындайтын қа­сиет­тер емес пе?!

«Адамды бақ та, байлық та емес, қанағат қана мұратына жет­кізеді» деп ата-бабаларымыз өсиет етіп кеткендей, Секеңнің бол­мысында қанағатшылдық тұнып тұрғандай.

Толдым деп тоқпейілсіген жоқ, болдым деп бәлсінген жоқ. Сол баяғы биязы мінезі, сол баяғы әдемі әдеті. Келгенде құшағын жайып қарсы алады, кеткенде қимастықпен шығарып салады.

Шынайы сыпайыгершілік адамдарға тілектестікпен қа­раудан тұрады дегендей, осындай азамат­тардың болғаны елдің берекесі, құты емес пе?!

«Жаның жай тапсын десең – еңбектен» деп жазған екен Жан-Жак Руссо. Серік Шаяхметұлы – бақытын еңбек майданынан тапқан адам. Еңбегінің жемісінен сусын­дап, өз дәуірінің алғыр азаматы ретінде замандас­та­рының алдыңғы қатарынан көрінді. Ерен еңбегін туған халқының алдындағы азамат­тық парызының өтеуі деп түсінді.

Азаматтың басты борышы Отанға қызмет ету деп білсек, Отан – бірінші кезекте халық. Сен туған халқыңның перзен­тісің, ха­лық ортасында ғана өзіңді бақытты сезінесің.

«Игі жақсыға жарымаған ел – бақытсыз ел» деп толғанған екен ұлы Абай.

Жақсыларымыз бен жам­позда­­ры­мыздың арқасында «жаға­мыз жыртылмай», «көштен қалмай, өзегіміз талмай», еңсеміз биік, елдігімізді танытып жүріп жатқан жағдайымыз бар.

Жақсылардан «дос таба білу үшін дос бола біл» деген қанатты сөз қалыпты. Серік Шаяхметұлы ағамыз рухани бай адам. Оның дә­лелі ретінде шынайы дос-бауыр­ларымен қарым-қаты­насын айтуға болады. Қуаныш Сұлтанұлы, Серік Қатенұлы, Өмірәлі Шакарапұлы, тағы басқа елімізге танымал тұлға­лардың сәтті күндерде Секеңнің жанынан табылып жатқанына талай куәгер болдық. Үнемі Секең­нің дос-бауырлардың шақыруын қабыл алып, сапарда жүргенін немесе олардың шаңырағының шатты­ғын толтыруға келіп жат­қанын естіп, біліп жүреміз.

Серік ағамыз ұлттық салт-дәстүріміздің, құндылықтары­мыздың қасиеттерін терең түсінеді. Жазу үстелінде Абай, Мұқағали, Қадыр сияқты ұлы тұлғалардың жинақтары жатқа­нын талай көрдім. Сәті түскен кездерде екі-үш шумақ өлең жолдарын мәнеріне келтіріп айтып та береді.

Қараша қаздар ән салып ме­кеніне қайтатын қараша айы – Серік Шаяхметұлы үшін өте қастерлі, қымбат шақ. Ардақты ағамыз осы айда Жер жаннаты Жетісу өлкесінің Көксу айма­ғында дүниеге келген екен. Содан бері 70 жыл уақыт өтіпті.

Дүбірлеген дәуірдің айлары мен жылдары жылдам алмасып, уақыт деген алып құбылыс арна­сына то­лып, алға қарай жылжып бара жа­тыр. Уақытты қарсы алып, шы­ғарып салатын, кейін­нен жоқтай­тын да, біздер – жер үстінде өмір кешіп жатқан адамдар.

Бәріміз өзіміз сайран салып жүрген дәуірдің перзентіміз. Жер-Ананың төсі, ата-ананың құшағы, туған жердің топырағы мен бұ­лағының тамшылары бізді асыл перзенттері ретінде ая­лайды, сақ­тайды, қорғайды. Сол сәттерде жаныңда жақсы адамдар жүрсе, тірліктің мәні де, сәні де артады.

Серік Шаяхметұлы ағамыз таласы жоқ жақсылықтың жар­шы­сы, ағайынның арашашысы, дос-бауырдың көзайымы ретінде танылған адам. Аяулы жар, ар­дақ­ты әке, қадірлі ата бола білу – аза­маттың азаматының қолы­нан ғана келетін шаруа.

Айтулы мерейтой қарсаңында бауырымыз Серік Шаяхметұлын, Ғазиза тәтемізді, Елдос бастаған ұл-қыздарды, Даниярға ерген немерелерді осы мерейлі мере­кемен шын жүректен құттықтай­мыз.

Арайлы аспанымыздан күміс Күн шуағын төгіп, бейбіт жер төсінде сәбилердің күлкісіне кенеліп, шаттық пен қуаныштан арылмай, еңселі еліміздің қа­сиетті құшағында қамсыз күндер кеше берейік.

 

Б.МАҚҰЛБЕКОВ,
Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы