Сенатта журналистерді марапаттау рәсімі өтті
Сенатта журналистерді марапаттау рәсімі өтті
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистер арасындағы «Аманат» және «Туған ел» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Мәулен Әшімбаев жүлделердің Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды.
«Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Шын мәнінде, Тәуелсіздіктің арқасында еңселі ел болдық. Бүкіл әлем мойындаған мемлекет ретінде қалыптастық. Экономикада, саясатта, әлеуметтік және рухани бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының және журналистиканың дамуы да осы егемендіктің арқасы», – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Парламент қабылдаған әр заң мен шешімді халыққа жеткізіп, ақпарат таратуда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен көптеген тың бастамалар қолға алынуда. Соған байланысты азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, адам құқығын қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау, білім беру салаларын жетілдіруге арналған заңдар қабылдануда. Шағын және орта бизнесті қолдау, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыттары да басты назарда. Соның бәрін халыққа жеткізіп, әр заңның мәні мен маңызын түсіндіру ісінде журналистердің рөлі ерекше», – деді Сенат төрағасы.
Ол қазіргідей сын-қатерлер көбейген заманда ақпараттың мәні арта түскенін де тілге тиек етті. Соған байланысты журналистерге жүктелетін міндеттің салмағы ауыр екеніне назар аударып, індет кезіндегі тілшілер қауымының белсенділігіне тоқталды.
«Журналистер қауымының пандемия кезіндегі еселі еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сіздер дәрігер, тәртіп сақшыларымен бірге індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрдіңіздер. Бұл еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, «Аманат» және «Туған ел» байқаулары журналистер күніне орай Сенаттың ұйымдастыруымен өткізілді. Қорытындысы маусым айында жарияланғанымен елдегі эпидемиологиялық ахуалған байланысты марапаттау рәсімі кейінге шегерілді. Биыл екі байқауға еліміз бойынша 120-ға жуық (118) жұмыс келіп түсті. Байқау қорытындысын шығарған кезде пандемия тұсында белсенділігімен көзге түскен журналистер де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар интернет журналистика, әлеуметтік желі салаларында еңбек етіп жүрген мамандар үшін де арнайы сыйлық тағайындалды. Одан бөлек бүгін ТМД Парламентаралық Ассамблеясының наградаларын иеленген елімізге белгілі журналистер де марапатталды. «АМАНАТ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ: Гран-при – Оңғар Тоқанов, «Qazaqstan» телеарнасының тілшісі. Бірінші орын – Жадыра Жолмұхаметова, «Информбюро» ақпарат агенттігінің тілшісі. Екінші орын – Лаура Түсіпбекова, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі. Үшінші орын – Татьяна Ковалева, «Zakon.kz» порталының тілшісі. «ТУҒАН ЕЛ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ: Гран-при – Азамат Қасымов, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі. Бірінші орын – «Еуразия» бірінші арнасының «Сенат online» тележобасының ұжымы. Екінші орын – Мирлан Алтынбек, «Хабар 24» агенттігінің тілшісі. Үшінші орын – Әмірболат Хусаян, «Azattyq Ruhy» ақпарат агенттігінің тілшісі. Арнаулы марапат иегерлері: Ғазиз Әбішев – Abishev Analytics Telegram арнасының авторы; Иван Сухоруков пен Роман Павлов – «Tengrinews» интернет-ресурсының журналисі және бейне-инженері; Ұлпан Бегалина – «Atameken business» арнасының тілшісі; Айхан Шәріпов – «AIQYN» газетінің тілшісі; Сырым Итқұлов – «Hola news» шеф-редакторы; «Ainews» және «Aitube.kz» интернет жобаларының ұжымдары.