Әскери бөлімге «Қара майордың» есімі берілді
Әскери бөлімге  «Қара майордың» есімі берілді

Қорғаныс министрінің 04.09.2019 бұйрығымен Ал­маты қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштері әскери бө­лі­міне полковник Борис Керім­баевтың, аты аңызға ай­нал­ған «Қара майордың» есімі берілді. Осылайша, әс­кери борышты, ерлік пен ар-намысты орындаудың ла­йық­ты үлгісі болып табыла­тын қазақ офицерінің есімі мәңгі есте сақталмақ.

Борис Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Прудки кентінде дүниеге келген. В.Ленин атындағы Ташкент жо­ға­ры командалық училищесін та­мамдаған. Офицерлік қызметін Гер­маниядағы кеңес әскерінің құра­мында мотоатқыштар взво­ды­ның командирінен бастаған ол Ор­­таазиялық әскери округте бар­­лау ротасын, штабты, кейін мо­тоатқыштар батальонын бас­қар­ды.

1980 жылы Керімбаевты Эфио­пияға жаяу әскер бригадасы командирінің кеңесшісі лауа­зы­мында шетелдік іссапарға жіберді. Дәл осы жылы ол Қапшағай қала­сында құрылған арнайы мақ­саттағы 177-ші жекелеген жасақ­тың командирі болып тағайын­дал­ды.

1981 жылы полковник Борис Керімбаев Ауғанстанға жіберілді. Оның жасағы моджахеттерге қарсы құрылған жауынгерлік іс-қимылдарға бірден кірісіп кетті. Офицер Панджер шатқалындағы совет әскерлері мен Ахмад Шах Масуда отрядтары қақтығысына қатысты. 1982 жылы оның бас­шы­лық етуімен жасақ ауғандық моджахедтердің құрылымдарын белгісіз мерзімге ішінара бақылау және бұғаттау үшін сол жерге қайта жіберілді.

Сегіз айдан кейін тұрақ­ты атыстың, қоныстану ­ мен рейдтердің әсерінен саны жа­ғынан басым қарсылас мод­жахед­тердің басшысы уа­қыт­ша бітімге келісуге мәж­бүр болды. Нәтижесінде, Ке­ңес әскерлеріне қарсы топ­тар­дың жауынгерлік іс-қимылдары тоқтатылды. Бұл – сөзсіз Керімбаевтың еңбегі. 1983 жылдың наурыз айында полковник Керімбаев барлық бө­лімшелерді шатқалдан шығарды. Ко­мандирге «Қара майор» ла­қап атын жеке жасағы қойған бо­латын.


Кейін офицер Қапшағай қа­ла­сындағы 22-ші арнайы мақ­саттағы бригада командирінің орын­басары, 546-шы арнайы мақ­саттағы оқу полкінің коман­ди­рі болып қызмет етті. 1992 жы­лы денсаулық жағдайына бай­ланысты Қарулы Күштерден босатылды.

2019 жылы 12 ақпанда ұзақ аурудан кейін Борис Керімбаев Алматы қаласында өмірден өтті.

Офицер «Қызыл Ту», «КСРОҚарулы Күштерінде Отан­ғ­а ­ қыз­­мет еткені үшін» (ІІІ ­дә­ре­­желі), «Айбын» (І дәре­желі) ор­­де­німен және ме­рей­той­лық медаль­дармен мара­­­патталды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл­ғы қазан айында Халық Қа­һар­­маны полковник Қасым Қай­сеновтің есімі Өскемен қа­ла­­сындағы әскери бөлімге және аты аңызға айналған қа­зақ­стан­­дық генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың есімі Тараз қала­сындағы әскери бөлімге берілген болатын.


М.БАҚЫТ