Жүлде жауған апта
Жүлде жауған апта

Қазақстанның қос фильмі ше­телдік байқауда үз­дік атанды. Бірі Азияның «Ос­карын» алса, екіншісі Қы­тайда екі бірдей жүлдеге ие болды.

Брисбэнде өткен Asia Pacific Screen Awards – 2019 байқауында Әділхан Ержанов «Үздік ре­жиссер» атанды. Аталған жүл­деге әлем Азия «Оскары» деп баға береді. Құнды сыйлық қазақ­стандық режиссерге «Қап-қара адам» фильмі үшін берілді.

Әділхан Ержанов – кино са­ла­сындағы ең ірі әлемдік мара­патқа иелік еткен алғашқы қа­зақстандық режиссер. ЮНЕСКО мен Халықаралық кино­про­дюсерлер қауымдастығы феде­рациясы ұйымдастырған салтанат 21 қараша күні өтті.

«Қап-қара адам» фильмін Astana Film Fund компаниясы түсірді. Түсірілім жұмыстарына Short Brothers және Arizona Productions компаниясы қатысты. Картинаның әлемдік тұсаукесері 23 қыркүйекке белгіленді. Сан-Себастьяндағы 67 Халықаралық кинофестиваль аясында алғашқы көрсетілім болды. «Қап-қара адам» фильмін келесі жылы ел ки­но­театрынан тамашалай ала­сыз.


Осыған дейін Әділхан Ержановтың «Құрылысшылар» фильмі 2013 жылы Филиппинде өткен халықаралық фестивальде Гран-при жеңіп алды. 2014 жылы осы фильм үшін режиссерге Варшава фестивалінде «Еркін рух» секциясында бас жүлде, Чикаго салтанатында «Алтын тостаған» бұйырды. 2016 жылы түсірген «Қаратас ауылындағы оба» драмасы NETPAC сыйлығын иеленді.

Талайды тамсандырған тағы бір туынды – «Айка». Фильм Қытайда өткен Golden rooster and hundred flowers фестивалінде үздік шықты. Көрермен таңдауы бойынша «Үздік актриса», «Үздік шетелдік режиссер» аталымында топ жарды. Сергей Дворцевой түсірген фильм көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленді. Ки­но­дағы Қырғызстаннан келген эмигранттың Мәскеудегі тағдыры әлемді елжіретті. Бұдан бұрын «Айка» Канн фестивалінде жоғары баға алған-ды. Азия «Оскарына» ие болып, Қазақстан атынан америкалық «Оскарға» үміткерлер тізіміне енді.

Жалпы, «Алтын тауық және жүз гүл» кино карнавалы – Қы­тайдағы ең ірі киножүлде. Биыл 28-рет өткен байқау Сямынь қаласында талантты жандардың басын қосты. Айта кетерлігі, «Алтын тауық» жүлдесін жеңім­паз­дарға кәсіби мамандар табыс­тайды. «Жүз гүл» жүлдегері кө­рер­мен берген дауыс арқылы анық­талады.

Сондай-ақ кинофестиваль аясында Жәнібек Жетіруовтың «Шыңырау» фильмінің Қытай­дағы тұсаукесері өтті. Продюсер Зарина Қисықованың сөзінше, аталған фильмді қытайлық көрер­мен жылы қабылдапты.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ