«Қазақпараттың» жазуынша, Павлодарда жол апатына кінәлі жүргізуші жалған қызметтік құжатпен жауапкершіліктен құтылмақ болған.
Күдікті жол апатына себепкер болған соң, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының қызметкері ретінде жалған қызметтік құжат көрсеткен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, кез келген ақпарттық анық-қанығы жіті тексеріледі.
«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бейтаныс азамат ақ түсті мемлекеттік нөмірі «151ОТА01» Тойота камри 55 автокөлігімен жол-көлік апатын жасағаннан кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аға офицері Арман Серікұлы Иманбаевтың атынан №018 қызметтік куәлігін көрсетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкері ретінде өзін таныстырған бейнеролик алынды» делінген ресми хабарламада.
Бейнероликтің авторы оның ішімдік ішіп алғанын айтады. Оқиға 21 қарашада Павлодар қаласында Шарбақты көпірі маңында болған.
«Ер адамды полиция қызметкерлері ұстап, ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігінде көзделген ауыр қылмыс жасағаны үшін (алаяқтық) халықаралық іздеуде жүрген адам ретінде таныды. Тексеру кезінде полицейлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жалған қызметкерінің автокөлігін және өзін тінту кезінде жоғарыда аталған А.С.Иманбаевтың атындағы қызметтік куәлікті таппады. Ұсталған азаматтың түсіндіруі бойынша ол куәлікті өртеп жіберген» делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның өзін осылайша, құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде өзін таныстыруы алғашқы рет емес. 2011 жылы да өзін ҚР ІІМ қызметкері ретінде көрсеткені үшін сотталған.