Қазақстан Халық партиясы ресейлік саясаткердің пікіріне қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Қазақстан Халық партиясы ресейлік саясаткердің пікіріне қатысты маңызды мәлімдеме жасады
116
оқылды
Ақпараттық кеңістікте ресейлік саясаткерлердің, журналистердің және басқа да танымал тұлғалардың Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты мәлімдемелері жиі пайда бола бастады.
Соңғы рет Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты В.Никоновтың жалған тарихи тұжырымдары біздің қоғамның наразылығын тудырды. Ол бұған дейін Қазақстан деген мемлекет мүлдем болмағанын, оның тұрғындары Солтүстік Қазақстанға мүлдем қоныстанбағанын, ал Қазақстан аумағы Ресей мен Кеңес Одағы тарапынан берілген үлкен сыйлық екенін айтты. Сондай-ақ депутат Е.Федоров те әріптесі секілді пікірін білдірді. Ол Қазақстан өз аумағын Ресейге қайтаруы тиіс деп мәлімдеді.
Белгілі тележурналист В.Соловьев «Россия» телеарнасындағы  бағдарламасының бірінде Алматыдағы Денсаулық сақтау министрлігінің Орталық референс-зертханасы Ресейге қауіп төндіруі мүмкін деп негізсіз сөз айтты. Мемлекеттік телеарнаның жүгенсіз жүргізушісі мәселені шешудің түбегейлі шараларын ұсынды. Ол алдын-алу соққысын беру керек деп есептейді. Алматыда миллионнан астам адам тұрады. Ал зертхана қала орталығында орналасқан. Ол ойға алған мақсатқа қол жеткізу үшін «арнайы ұсақ қашаулар» бар екенін айтты. Қазақстан Халық партиясының Саяси бюросы ресейлік өресі тар саясаткерлердің, журналистердің және танымал тұлғалардың Қазақстанға деген жауапсыз және қауіпті мәлімдемелеріне өзінің наразылығын білдіреді.
Біз Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің В.Никоновтың айтқан сөздеріне байланысты наразылық нотасын тапсыру жөніндегі іс-әрекеті жеткіліксіз деп санаймыз. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Республиканың шекарасының бұзылмауын реттейтін шектес елдермен жасалған бірқатар халықаралық шарттар, келісімдер мен міндеттемелер бар. Біздің мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы – Қазақстан Тәуелсіздігінің басты атрибуттарының бірі. Біздің аумақтық тұтастығымызға қол сұғу – қылмыспен пара-пар. Партия ресейлік танымал тұлғалар мен саясаткерлердің теріс пікірлеріне талдау жүргізу, құқықтық баға беру және олардың Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне тыйым салу, тіпті қылмыстық жауаптылыққа тарту секілді шаралар кешенін қабылдау қажет деп санайды.