Сенат журналистерді марапаттады
Сенат журналистерді марапаттады

Палата басшысы бұл жүлделердің Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырылуының символикалық мәні бар екеніне назар аударды.

–Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Шын мәнінде, Тәуелсіздіктің арқасында еңселі ел болдық. Бүкіл әлем мойындаған мемлекет ретінде қалыптастық. Экономикада, саясатта, әлеуметтік және рухани бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының және жур­налистиканың дамуы да осы еге­мендіктің арқасы, – деді ол.

Сонымен қатар Мәулен Әшім­баев Парламент қабылдаған әр заң мен шешімді халыққа жеткізіп, ақпарат таратуда БАҚ-тың маңызы зор екенін атап өтті.

–Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен көптеген тың бастама қолға алынуда. Соған байланысты азаматтардың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға, адам құқығын қамтамасыз етуге, ден­саулық сақтау, білім беру салаларын жетілдіруге арналған заңдар қа­былдануда. Шағын және орта бизнесті қолдау, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жем­қорлықпен күрес бағыттары да басты назарда. Соның бәрін халыққа жеткізіп, әр заңның мәні мен маңызын түсіндіру ісінде журналистердің рөлі ерек­ше, – деді Сенат төрағасы.

Ол қазіргідей сын-қатерлер көбейген заманда ақпараттың мәні арта түскенін тілге тиек етті. Соған байланысты журналистерге жүк­телетін міндеттің салмағы ауыр екенін қаперге сала келе, індет кезіндегі тілшілер қауымының белсенділігіне тоқталды.

«Журналистер қауымының пандемия кезіндегі еселі еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сіздер дәрігер, тәртіп сақшыларымен бірге індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрдіңіздер. Бұл еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық», – деді М. Әшімбаев.

Айта кетейік, «Аманат» және «Туған ел» байқауы журналистер күніне орай Сенаттың ұйым­дастыруымен өткізілді. Қоры­тын­дысы маусым айында жария­ланғанымен елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты марапаттау рәсімі кейінге шегерілді. Биыл екі байқауға еліміз бойынша 120-ға жуық жұмыс келіп түсті. Байқау қорытындысын шығарған кезде пандемия тұсында белсенділігімен көзге түскен журналистер де на­зардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар интернет-журналистика, әлеуметтік желі салаларында еңбек етіп жүрген мамандар үшін арнайы сыйлықтар тағайындалды. Марапат иелері қатарында әріптесіміз бар: Сенат төрағасы М.Әшімбаев «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Шәріповке арнайы марапатты табыстады. Ал сенатор Дана Нұржігітке ТМД Парламентаралық Ас­сам­блеясының наградасы тап­сы­рылды.

Ерік ЕРДЕНОВ